ЕЛІМІЗДЕ НЕСИЕ АЛУШЫЛАР САНЫ АРТҚАН
Соңғы уақытта Қазақстанда микронесие алушылар саны күрт көбеюде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бірінші кредиттік бюро 2023 жылдың тамыз айында жариялаған қорытындысы бойынша рекордтық көрсеткіш екендігін ашық мәлімдеген. Берілген несиелердің жалпы көлемі рекордтық көрсеткішке жақын – 1,4 трлн теңге.
Қарыз алушылар әлі де көп – шамамен 2,5 миллион адам. Кепілсіз тұтынушылық несие секторында соңғы уақытта алғаш рет құлдырау байқалды. Микроқарыздар алушылар саны, керісінше, шілдедегі көрсеткіштен 22 мың адамға артып, 443 мың адамға жетті, - делінген хабарламада. Автонесиелер саны да едәуір артқан. Тамыз айының соңына қарай берілген қарыздардың саны 400 мыңнан асқан. Ал заңды тұлғаларға берілген несиелер көлеміне келсек, өткен аймен салыстырғанда күрт өсім бар.
Несие алушылардың саны 18- 70 жас аралығындағы жандар. Оның ішінде жоғары сұранысқа ие болған онлайн микрокредиттік ұйымдар. Әрине, қарыздың «қамытын» ешкім еріккенінен кимейтіні анық. Алайда «алмақтың да салмағы барын» естен шығармаған жөн. Алғанда «күліп келетін» кредит төлейтін кезде «жылай-жылай шығатыны» тағы бар. Осыдан келіп айлығы шайлығынан артылмайтын қатардағы азамат ай сайынғы төлемін кешіктіріп, ақыры былыққа белшесінен батып жатады.
Бұл жайттың әлеуметтік және саяси түйткілге айналғанын айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мәселені шешудің жолдарын шұғыл қарастыру керектігін жеткізген еді. Нәтижесінде, өткен жылдың аяғында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заң қабылданған болатын. Ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни биылғы 3 наурыздан бастап күшіне енетін құжат банктегі қарызын өтей алмай отырған еліміздің азаматтарына банкроттық жариялау арқылы борышкерлер қатарынан шығуға барынша септігін тигізді. Бүгінде берешегінен құтылғандардың бірі:
Соңғы жылдары «Жылдам ақша», «Жалақыға дейін қаражат керек пе?» деп өз қызметін жарнамалайтын мекемелердің саны күрт артты. Қазақстандағы микроқаржы ұйымдар қауымдастығы ұсынған мәліметтерге сәйкес, соңғы екі жыл ішінде ондай мекемелер екі есеге көбейген. Сарапшылар бұған «оңтүстік өңірлерде шағын бизнеспен айналысуға мүмкіндік мол, сондықтан микрокредитке деген сұраныс та жоғары» деп түсінік беруде. «Таяқтың екі ұшы болады». Сол секілді шағын несиенің адамды материалдық тәуелділікке алып келетін де «қасиеті» бар. Маркетингтік тәсілдерді пайдалану арқылы адамды әуреге салатын да осы қасиет болып тұр.