Сот орындаушылар 87 баланың алиментін жымқырған
Елордада бұрынғы жеке сот орындаушылары 87 баланың алиментін жымқырған деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Астана прокуратурасы бұрынғы жеке сот орындаушыларының ақша ұрлау әрекетін әшкереледі. Ведомствоның хабарлауынша, екі сот орындаушысы қызметін тоқтатқаннан кейін 87 балаға алимент төлеуге арналған қаражатты алты ай бойы басқарған.
Күдікті барлығы 5 миллион теңгені жымқырған. Прокурорлардың араласуымен 34 балаға шығын өтелді, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасуда. Алаяқтық және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.