Өрттің салдарынан бір үйдің төрт баласы көз жұмды
Абай облысында бір үйдің төрт баласы көміртегі тотығымен уланып, көз жұмды,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Abainews Telegram арнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 25 қазан күні сағат 11:00 шамасында Абай облысының Аягөз қаласында болды. Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторы төрт баланың денесін тапқан.
8 жасар егіз бен олардың 3 және 2 жастағы інілері көміртегі тотығымен уланып, көз жұмды. Балалардың әкесі жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істейді және оқиға болған кезде ол жұмыста болған, ал анасы базарға азық-түлік алуға кеткен.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер бөлмелердің бірінде 20 шаршы метр аумақта жиһаздар мен жеке заттар жанып жатқанын анықтаған. Өрт сағат 11:10-да оқшауланып, 11:24-те толық сөндірілген. Өртті сөндіру кезінде оқиға орнынан төрт баланың денесі табылған.
Әкімдік қазіргі таңда тиісті сараптама тағайындалып, балалардың өліміне не себеп болғаны, сондай-ақ өрттің неден шыққаны анықталып жатқанын атап өтті.
Қаланың жергілікті тұрғындары ата-аналарға көмек көрсету үшін қаражат жинап жатыр.