ТҰРҒЫН: «Мәселе шеше алмаса, не үшін әкім болып отыр?»

859

Желіде Қызылорда облысы әкімдігіне кіре алмай жүрген тұрғындардың наразылығын білдірген видеосы тарады, деп хабарлайды Opennews.Kz ақпарат агенттігі.

 

Фейсбук әлеуметтік желісіндегі видеода Нұрсұлтан қаласынан арнайы келген азамат және бірнеше тұрғынның облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қабылдауына кіре алмай тұрғаны баяндалған. Көкейдегі сауалдарына мардымды жауап табуға келгенде әкімдік ғимаратына кіре алмай дал болды. 

 

Видеода әкімдік өкілдері Қызылорда облысы әкімінің үш бірдей орынбасары  денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткенін айтқан. 

Облыс әкімінің 4 орынбасары бар, бірақ қазіргі таңда 3 орынбасары  денсаулығына байланысты демалыста, ал жұмыста кезекші  бір орынбасары бар. Әкімге кіру үшін алдын-ала жазылу керек, - деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Жазира Дайрабайқызы.

Дегенмен жауапты мекеме өкілдері кейін қосымша жауап беретінін жеткізген. Бейнероликте базынасын айтқан тұрғындармен Opennews тілшісі сөйлесті. Соның бірі Арал теңізі өнімдерін экспорттауды мақсат еткен кәсіпкер Тоқберген Набиев. Ол «жергілікті билік халықпен ашық, тығыз қарым-қатынас жасауы тиіс деген мемлекет басшысының сөзін жауаптылар кәдеге жаратпай отырғанын» айтты.


Әкімдік халықпен тығыз жұмыс жасауы тиіс. Облыстық әкімдіктің халықты қабылдамай сырттан қаруланған күзетшілерімен сөйлестіріп отыруының себебі неде? Мәселе шеше алмаса, не үшін әкім болып отыр? Алыстан ат терлетіп келген қонақтарды қабылдамағанына қарағанда жергілікті билікті місе тұтпайтын әкім, облыс деңгейін көтереді дегенге сенбеймін. Халық алдына шығуға, қабылдаудан  қорықса орын босатсын. Мені сол күйі қабылдамай шығарып салды»,- деді балық шаруашылығы бойынша кәсіп иесі Тоқберген Набиев. 

Еліміз күрделі өтпелі кезеңді басынан өткеріп жатқан тұста, ел президенті тәулігіне 2 сағат қана ұйықтап жұмыс істеп жүргенде біздің шенділердің бұлай демалысқа кетуі қаншалықты дұрыс?! Шенділердің халықпен жақын болуы керек деген мемлекет басшысының сөзін біздің атқа мінерлер елемей ме?

Тұмар ханым