7 баланың анасын терезеден лақтырып жіберген
5 ақпан күні Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан 42 жастағы әйелдің мәйіті табылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
7 баланың анасы, марқұм Шолпан Ақмырзаның туыстары әйелдің өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін айтты. Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Шолпанның 4 жыл бұрын ажырасқан күйеуі қайта келіп, келіншек балаларының әкесімен қайта табысқан көрінеді. Алайда арада 1 күн өткенде әйелдің терезеден секіріп көз жұмғаны анықталды.
Қайғылы оқиғаның екі ғана куәгері бар. Олар марқұмның 10 жасқа толмаған балалары. Қара жамылған отбасы балалардың сөзіне сенеді. Өйткені ер адам тергеуде әйелінің өзіне қол жұмсағанын мәлімдеген.
Марқұмның туыстары істің “өзін-өзі өлтіруге жеткізу” емес, “кісі өлтіру” бабы бойынша тергелуін талап етіп отыр. Ал жергілікті полиция департаменті тергеу құпиялығын алға тартып, істің қай бап бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеген жоқ.
Азаппен ажал құшты деген Шолпан Ақмырза жолдасымен 22 жыл бірге тұрған. 4 жыл бұрын заңды түрде ажырасқан жұбайлар, одан кейін бірнеше рет табысып, тағы екі бала туылыпты. 7 перзентінің екеуі кәмелет жасына толған. Ал қалғандары әзірге балалар үйінде. Марқұм сауда жасап, перзенттерін жалдамалы пәтерде жалғыз өзі асырап келген көрінеді.