"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстары жүргізілуде

1 561

Фото: Сырдария аудан әкімдігі«Таза Қазақстан» акциясы: аудан бойынша сенбілік жұмыстары қарқын алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Елімізде жарияланған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан аумағында кең ауқымды сенбілік шаралары ұйымдастырылуда. Аталған экологиялық бастама шеңберінде аудан орталығы мен елді мекендерде тазалық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, табиғатты аялауға бағытталған игі істерге ұласты.


Сенбілікке аудан бойынша барлық меншік түріндегі мекемелер, кәсіпорындар, ұйымдар, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері белсене атсалысты. Әрбір мекеме өздеріне алдын ала белгіленген учаскелерге шығып, көше бойындағы шөптерді шауып, күл-қоқыстарды жинап, жасыл аймақтарды ретке келтірді.


Тазалық жұмыстары барысында тек көше бойы ғана емес, сонымен қатар саябақтар, қоғамдық орындар, арық-атыздар мен жол жиегі де қамтылды. Бірқатар мекемелер өз аумақтарындағы ағаштарды әктеп, гүлзарларды ретке келтіріп, санитарлық жағдайды жақсартуға атсалысты.


Аудан әкімдігі экологиялық акцияның маңыздылығына ерекше тоқталып, тұрғындарды бұл шараларға белсенді түрде қатысуға шақыруда. «Тазалық – баршамызға ортақ іс» қағидаты негізінде ұйымдастырылған сенбіліктер халықтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды, сондай-ақ ауыл-аймақтың көркеюіне үлес қосуды көздейді.


Аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, сенбілік жұмыстары тек бір реттік шарамен шектелмейді. Акция шілде айының соңына дейін жалғасып, әр аптаның сенбі күндері жалпыхалықтық сенбіліктер өткізіліп отырады. Бұл ретте жергілікті билік өкілдері тұрғындарға тазалықты сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.


— «Таза Қазақстан» — бұл бір күндік науқан емес. Бұл — ел болашағы үшін маңызды, ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Қоршаған ортаны таза ұстау — әр азаматтың парызы. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауласының, көшесінің, айналасының тазалығына бей-жай қарамай, белсенділік танытса, өңіріміз көркейе түсетіні анық, — дейді сенбілікке қатысушылардың бірі, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Ләззат Мырзахметова.


Аталған акция аясында алдағы уақытта ағаш отырғызу, қоқыс алаңдарын тазарту, ағынды сулар жүйесін жөндеу, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау сияқты бірқатар экологиялық жобалар жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар мектеп оқушылары мен жастардың қатысуымен экосабақтар мен волонтерлік бастамалар қолға алынуда.


Аудан әкімдігі барша тұрғындарды тазалық сақтау шараларына белсене қатысуға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Таза орта – салауатты өмірдің кепілі екенін ұмытпайық!