Зираттағы жер телімі үшін 50 мың доллар
Алматы тұрғындары жерлеу рәсіміне арналған жердің қомақты қаражатқа сатылып жатқанын мәлімдеді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тегін жерді сатып жатқан кәсіпкерлерге шектеу енгізу керек деген тұрғындар қаладағы зират әкімшілігінің өкілдері қызмет құнынан басқа төлемдер жоқ екенін айтуда.
Азаматтардың айтуынша, соңғы уақытта зираттағы жер телімі қымбаттап кеткен. Бірақ мұндай жерлер мемлекеттен тегін беріледі дейді.
Кеңсай қорымы – қаладағы танымал орындардың бірі. Мұнда елге белгілі тұлғардың біразы жерленген. Кеңсай-1 зираты толы, Кеңсай 2-нің де жыл санап ауқымы кеңейіп келеді. Зират әкімшілігі тұрғындардың сөзі шындыққа жанаспайды деп отыр. Тек қызметін төлесе, белгіленген жерді тегін беріледі екен.
Қазіргі уақытта қала бойынша 70 зират бар. Бірақ олардың басым бөлігінде жер болмаған соң жабылып қалған. Бүгінде үлкен екі қорым қалған: Кеңсай мен Батыс зираты. Бұл жаққа жақындарын жерлегісі келгендер мемлекетке 94470 теңге төлеуі тиіс. Ол жер қазу, мәйітті түсіру мен оны жабуға кетеді. Ал кіші қорымдардың қызмет құны бұдан арзан.
Жауапты мамандар қазір қалған орындарды көпшілікке үлестіріп жатқанын айтады. Егер қара жамылған отбасыдан қандай да бір ақы талап еткендер болса, нақты дәлелімен құзырлы орган өкілдеріне арызданса болады.