Үш ұл және екі қыз: 5 бала Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны атанды

1 512

Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8:10-да туған 5 бала бірдей еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келген. Олардың үшеуі – ұл, екеуі – қыз.


Еске сала кетсек, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адам болған. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті.


Бүгінде 20 миллионыншы азаматтың туған күні Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны бойынша барлық демографиялық деректерді ескере отырып айқындалып отыр.


Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен, қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді.


Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы қамтыған еді.


Табиғи өсімнің артуы нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5-тен астам есе төмендеді: 1991 жылғы 27,3 жағдайдан 2022 жылы туылған 1000 адамға шаққанда 7,7 жағдайға дейін.


Халықтың 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткішін көрсететін жалпы туу коэффициенті тәуелсіздік жылдарында 1991 жылғы 21,6-дан 2021 жылы 23,6-ға дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болды.

Ең маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі саналатын туудың жиынтық коэффициенті 1991 жылғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмендеді. Кейін оның біртіндеп өсуі байқалды. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге 3,05 баланы қамтыды.


Орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға өсті. Бұл ретте ерлер арасында 7,7 жылға, әйелдерде 6 жылға артып отыр.


Осылайша, 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды қамтыды. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 1,3 жылға асады.