"Тұңғыш президентке көңіл айтуды дұрыс деп санадым": Смайылов Болат Назарбаевтың жерлеу рәсіміне не себепті барғанын түсіндірді
Премьер-министр Әлихан Смайылов жақында қайтыс болған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевтың жаназасына не үшін барғанын түсіндірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тұңғыш президенттің інісі 13 қарашада қайтыс болған, оны жерлеуге премьер-министр Әлихан Смайылов Алматы облысының Шамалған ауылына келген. Ал сол күнге жоспарланған үкімет отырысы кейінге шегерілген.
Премьер-министр сенат залында өткен брифингте Болат Назарбаевты жерлеу рәсіміне баруына қатысты пікір білдірді.
Смаилов өз сөзінде ұзақ жылдар бойы сақталып келе жатқан дәстүрден аттап кеткісі келмегенін аңғартқан.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары марқұм мемлекет қайраткері болмағандықтан, Әлихан Смайыловтың Болат Назарбаевты жерлеу рәсіміне қатысқанын сынаған. Сонымен қоса Смаиловтың қазіргі билік мүшелерінің ішінен жалғыз өзі келгенін байқағандар да болды.