Мәжіліс «Масс-медиа» туралы заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс «Масс-медиа» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Құжатты таныстырған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік органдардың БАҚ-тың ресми сауалына жауап беру мерзімін 7 күннен 5 күнге қысқарту нормасы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарапынан оң бағаланғанын айтып қалды.
А.Балаеваның сөзінше, заң жобасында мынадай бағыттағы нормалар ұсынылып отыр:
- Бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімін үш жыл деп белгілеу;
- Бұқаралық ақпарат құралдарының сұрау салуларын қарауды жеті жұмыс күнінен бес жұмыс күніне дейін қысқарту;
- Журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы ұлттық баяндаманы дайындау.
- Баспасөз картасын енгізу;
- Отандық телерадио хабар тарататын спутниктік операторлардың шығындарының бір бөлігін субсидиялау;
- 2025 жылдан бастап республикалық деңгейде гранттық қаржыландыруға көшу;
- Бұқаралық ақпарат құралдарын есепке қою тетігін жетілдіру;
- Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру.
Депутаттар да, министр де талқылауда айтылған түйткілдер мен ұсыныстарды екінші оқылымға дейін пысықтап, әрқайсысы бойынша ортақ шешім қабылдау туралы пайымға келді.