"Зорлап, тірідей өртеген": ер адам 23 жылға бас бостандығынан айырылды
Жетісу облысында 42 жастағы әйелді айуандықпен өлтірген азамат 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірнеше айға созылған тергеуден кейін күдіктінің кінәсі дәлелденді, -деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюроға сілтеме жасап.
Талдықорғанда 42 жастағы Эльенора Зипарованың өліміне қатысты сот шешімі шықты. Осыған дейін бір ауылда тұрып келген 35 жастағы азамат іске күдікті ретінде танылып, қамауға алынған. Тергеу қорытындысына байланысты оның кінәсі екі бап бойынша дәлелденіп, 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Марқұмның анасы судьяның үкімімен келіспейді. Ол қаскөйді өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрайды.
Судья сотталушыдан жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 15 миллион теңге өндіруді шешті. Сонымен бірге сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесі орташа қауіпсіз мекемеде өтейді. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы тергеу жан-жақты болғанын айтады.
Еске сала кетейік, шілде айының басында Жаркент қаласында 42 жастағы әйелді белгісіз біреу түн ортасында өлтіріп, үстіне жүк көлігінің дөңгелегін қойып, өртеп жіберген. Дене мүшесінің 78 пайызы жанып кеткен марқұмның жақындары сол уақытта ауылдасынан күдіктеніп, ол ұсталған еді.