Өз әріптесін абайсызда атып өлтірген полицей сотталды
1 610
Алматының Алмалы аудандық соты былтыр жаз айында өз әріптесін абайсызда атып өлтірген полицейге қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сот анықтағандай, 2023 жылдың жазында сотталушы К. күзет ауысымына келген. Оның әріптесі қызметтік қаруды алғаннан кейін, К.-дан белбеуін байлап алу үшін одан қаруды ұстай тұруын сұраған.
«Сотталушы К. өз кезегінде қызметтік қаруды алып, ережені сақтамастан, қаруды жоғары-төмен сермеген. Осы әрекеттерінің салдарынан абайсызда қарсы алдында тұрған әріптесінің басынан атып жіберген. Қызметкер алған жарақатынан сол жерде мерт болды», - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінді.
«Сот К.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сот сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына моральдық шығын үшін 10 миллион теңге және материалдық шығын үшін шамамен 3,5 миллион теңге өндірді», - деп атап өтті соттан.