Анасы балаларын 5 жыл бойы құлдықта ұстаған
Ұлытау облысында асырап алған балаларын 5 жыл бойы шаруашылық фермада жұмыс күші ретінде пайдаланған өгей ана қамауға алынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Қазақстандағы бала құқықтары бойынша уәкіл Динара Закиева Іnstagram-дағы парақшасында мәлімдеді.
Динара Закиева ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршы өкілдерден құралған мобильдік топ бір отбасының үш баласын – бір қыз бен екі ұлды тапқанын айтқан еді. Оларды өгей ана балалар үйінен 2018 жылы асырап алған. Ол кезде балалар 14, 12, 8 жасар болған.
Үлкендеріне қаладан 20 шақырым жердегі фермада мал бақтырған. Омбудсменнің сөзінше, комиссия мүшелері фермаға келіп, балалардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көріп шошыған. Олардың денесі көгеріп, тілінген, азып-тозып, шаршаған, аш, көз жанары солған, кір-қожалақ, киімдері жыртық.
Тексеру барысында ұлытаулықтың 3 бала үшін жәрдемақы алып келгені де анықталды.
Бұл тексеруге Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы, прокуратура, ІІМ атсалысқан. Іс барысында қамқоршының жақында тағы да "патронатқа алуға болатын басқа да балалар бар ма?" деп сұрастырғаны анықталды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қазір ІІМ, Прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдар бірлесіп бүкіл ел бойынша пилоттық режимде жұмыс істейтін мобильді топтар құрылғанын мәлімдеді.