Қазақстанда жалғызбасты аналар саны бес жүз мыңнан астам
Елімізде жалғызбасты аналар саны артуда, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Біз «отбасы» дегенде, қиялымызда атасы, әжесі, әкесі, анасы, балалары, немерелері бар деп ой қалыптастырамыз. Олар бақуатты, барлығының көңіл-күйі жақсы әрі бақытты. Бірақ шынайы өмірдің қуанышы мен қиындығы да аз емес. Қоғамда толық отбасымен қатар, толық емес отбасылары да бар. Сондықтан да, біз мақалада толық емес отбасы мәселелеріне тоқталмақпыз.
2023 жылдың статистикасына сүйенсек, олардың қатары жарты миллоннан асқан. Оның ішінде ажырасқандар мен өздері үшін бала туып алғандар да бар. Қазір мұндай "статусқа" ие болу жастар арасында құдды бір трендке айналғандай.
Қазір өзге түгіл, өз «қаратайын» қуып, әкесіз бала тәрбиелеуден қорықпайтын қоғамда отырмыз. Тіпті мұның маңызды мәселеге айналғаны соншалық, «Жалғызбасты әкелердің жайы», «Алименттен қашқан аналар», «Әклер қауымдастығы құрылды», «Республикалық әкелер форумы өтті», «Әкелер институты керек»... сияқты түрлі тақырыптардың түндігі түріле бастады.
Жасыратыны жоқ, ер-азаматтардың арасында отбасын асырай алмай жүргендер де баршылық. Дөрекі мінезімен жып-жылы отбасының шырқын бұзатындары да жоқ емес. Қалталы әйелдердің маңын торуылдайтын «альфонс» жігіттердің жөні бір бөлек. Жасы біразды еңсерсе де үшінші, төртінші әйелдің қолына кіріп алуды ар көрмейтін ер-азаматтарымыз да табылып жатады. Бұл мысалдың барлығы бүгінгі әйелдердің жалпы ер-азамат туралы қалыптасып үлгерген көзқарасына саяды.
Түрлі себептермен бала тәрбиесіне өздері ғана жауапты боп қалған жалғызбасты ана¬лардың жайы айтпаса да түсінікті. Алайда, бес саусақ бірдей емес. Әйелдер қауымының да соңғы кездері қылт етсе ажырасуды құп көретіндер қатары күн санап артып келеді. Кеше шаңырақ көтеріп, келін атанған қызымыз 1 ай уақыт тұрақтамай қайтып келіп жатады. Тағдыр ма, әйел теңдігі ме дерсіз. Бара сала мінез көрсетіп, ененің «тәрбиесіне» көнбей «өз дегенін» жасайтындар да жетерлік.
Өкініштісі сол, қазір біз бұл әлемдік тенденцияның төріне шығып алдық. Әйел құқығы деген сананы жоғары қойып, әйел теңсіздігін дәріптеу қаншалықты дұрыс? Бұрыңғы ақылды аналар балаларын үнемі әкесін сыйлауға, құрметтеуге баулитын еді. «Әкең келе жатыр…» деген бір ауыз сөзден әр бала өзіне керекті ала білген. Отбасындағы әкенің орнын бір ғана сөзбен айқындап берген қазақы тәрбиеміздің іргесі неге сөгілді?
Отбасын сақтай алмай, ажырасып жүрген азаматтардың дені баласын бауырына басуға мұқтаж. Оған бір қателіктің соңынан туған баласының жүзін туғанынан көрмей жүрген әкелерді қосыңыз. Арасында баласының барын біле тұра, бұрылып қарай қоймайтын әкелер де бар. Ажырасу мен некесіз туған балалардың жағдайы әртүрлі оқиғалармен байланысты болғанымен, олардың өмір сүру тағдыры бір. Әке мейірімі, әке қамқорлығы, әке тәрбиесінің жеткіліксіздігі басым болып тұрады. Тіпті әке тәрбиесін көрмей өскен ұрпақта қайрат пен жігер, жігіттік парыз бен жаужүрек емес сужүрек бала тәрбиеленуде.
Олай деуге басты себеп, ана орнына ана әке орнына әке болып отырған нәзік жандылар өсіріп отырған ұрпағының тәрбиесіне емес жетілуіне ден қояды. Яғни, нарық заманда қатардан кем қылмау үшін нәпақа тауып, үй көрмей қызмет етуі баланың өз бетінше өсуіне әкелуде. «Ажырасамын» деп келген қызын ата-анасы өзінің құтты шаңырағына қайтадан апарып тастайтын болса, бүгінде «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп сөзін сөйлейтін жағдайға жеттік. Бұл қоғамдық дерт, тіпті кесел. Алайда бүгінгі жастар қауымы отбасын сақтап қалудан гөрі, ажырасуды жөн санайды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Әйтсе де ішіме сиған бала, сыртыма да сияды деп қыздарын қанаттарының астына салып қорғайтын аналар да жетерлік. Ал, атам қазақ "Қайтып келген қыз жаман, үйір тапқан мал жақсы" деуші еді. Бала бақытты болсын десеңіз, толық қанды отбасында өскен абзал.