"Қабырғалары көгеріп, түсіп жатыр": тұрғындар жөндеуден өткен мектептің сапасына шағымданды
Жетісу облысында тұрғындар бір жыл бұрын 660 миллион теңгеге жөндеуден өткен мектептің сапасына шағымданды. Айтуыларынша қыруар қаражат кетсе де білім ордасының қабырғалары көгеріп, сылақтары түсіп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Алакөл ауданына қарасты Ақжар орта мектебінің алдына ауыл тұрғындары жиналған. Ауыл ақсақалы Керім Сәлімбаев 5 бірдей немересінің осы жерде оқитынын айтады. Мектептің санитарлық-техникалық қондырғылары дұрыс орнатылмаған. Айтуынша бұл оқушылардың денсаулығына зиян келтіреді.
Жұрт ұл-қыздарымыз спорт залға да кіре алмайды деп күйінеді. Себебі - дене шынықтыру залы қолданысқа берілмеген екен. Осындай қолайсыз жағдайлардан кейін тұрғындардың көбі балаларын 4 шақырым қашықтықтағы Қабанбай ауылындағы мектепке тасуға мәжбүр.
Іргетасы 48 жыл бұрын қаланған білім ұясына күрделі жөндеу жұмыстары былтыр сәуір айында басталған. Жоспар бойынша шілдеде толығымен аяқталуы тиіс еді. Дегенмен, құрылыс компаниясы жұмысты кешіктіріп, қазан айында тапсырған. Соның өзінде шала-шарпы істеген дейді аудандық білім бөлімінің басшысы. Шенеуніктер мердігер оқу жылының соңына дейін олқылықтарды қалпына келтіреді деп сендірді.