Зейнеткердің үйіне суды тазартатын сүзгіні орналастырған жігіттер оның 100 миллион теңгесін алып кеткен
2023 жылғы маусымда петропавлдық зейнеткердің үйіне суға арналған "Аквафор" сүзгісі құрылғысын тиімді жеңілдікпен орнатуды ұсынып екі жас жігіт барған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жас жігіттер уәде еткен жұмысты орындап, еш күдік тудырмаған. Зейнеткер көрші бөлмеден ақша алып шығып, құрылғы үшін төлем жасаған. Осы сәтте жігіттердің бірі ақша жасырылған жерді байқап қалған. Олар зейнеткерді алдамақ болып, "спектакль" қойған. Олардың біреуі әжейді сөзге айналдырса, екіншісі көрші бөлмеге өтіп, 100 млн теңге қаражатты жымқырған.
Ал әйел ақшаның қолды болғанын да сезбей қалған. Ақшаның ұрланғаны туралы бірнеше күн өткеннен кейін білген.
Петропавл полиция басқармасының аға криминалисі Ербол Мусин пәтерді мұқият қарап шығып, сүзгі құрылғысының қорабынан күдіктілердің ізін тапқан.
Олар Қостанай облысының тумасы болып шықты және біреуінің Петропавлда тұрақты тұратыны белгілі болды.
Күдіктілер ұсталып, ақшаның бір бөлігі әйелге қайтарылды.