Елімізде жасөпірімдерге энергетикалық сусын сатылмауы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс қабылдаған "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы бірінші оқылымда қаралды.
Жиында сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзекті мәселені көтерді.
"Осы заңды қарау барасында Сенат депутаттары балалар мен жасөспірімдердің энергетикалық сусындарды сатуды 21 жасқа дейін шектеуге және заңды қатаңдатуға қатысты ұсыныстар болды. Алайда бұл шешім барлық мәселені шешпейді. Себебі, энергетикалық сусынды тұтыну жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, бүйрек, жүйке тамырлары, мигрень ауырларына алып келеді. Жүкті әйелдерде шарананың дамуына кері әсер етеді, адамда қорқыныш, үрей пайда болады. Психологиялық және физикалық тәуелділікке алып келеді. Біз ұсынған түзетулер белгілі бір дәрежеде бизнесті шектейтін түсінеміз. Алайда балаларымыз бен немерелеріміздің денсаулығы кез келген триллиондаған қаржыдан қымбат екенін естеріңізге салғым келеді. Неге Үкімет Парламент депутаттарының бастамасымен қолдап, бүгінге дейін осы мәселенің қорытындысын бермеді, кешіктірді? Осы мәселе бойынша нақты ұсынымдарды білгіміз келеді. Бұл қандай мерзімде қандай заң жобасы аясында өзінің заңнамалық шешімін табады?", - деді депутат.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев заң жобасы қаралып жатқанын, тиісті шектеу енгізілетінін атап өтті.
"Аталған мәселе бойынша жұмысты бастап кеткеміз. Қазір 21 жасқа дейін жасөспірімдер мен балаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу бойынша АРВ (реттеуші әсерді талдау) дайындалған. Ол Үкіметаралық комиссияда мақұлданған. Қазір Үкімет қорытындысының жобасы дайын. Барлық орталық мемлекеттік органмен келісілген. Қазір ішкі істер министрлігімен келісу ғана қалды. Сонымен қатар басқа нормалар бойынша вендорлық аппараттарды сату немесе жарнамаларды тыйым салу бойынша АРВ (реттеуші әсерді талдау) мәселесі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз Мәжілістегі "Лудономания туралы" заңнамаға осы нормаларды енгіземіз деп ойлаймыз", - деді министрдің орынбасары.