Қармақшылық кәсіпкер: Ерінбеген адам табыстың көзін табады

1 559

Қазірде кәсіпкер болғысы келетін жас көп. Дей тұра олардың барлығы дерлік табысты бола бермейді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Әуелі нарықты жан-жақты зерттеген абзал. Бүгінде кез келген отбасылық кеш пен туған күндер анимарторсыз өтпейді. Сұранысқа ие осыбір саланы кәсібіне айналдырып жүрген жанның бірі қармақшылық – Гауһар Әбдікәрімова. Ол біршама уақыттан бері түрлі кейіпкердің киімін киіп, көптің көңілін көтеріп жүр. Бұл қызмет түрі Жосалы кентінде жоғары сұранысқа ие. Перзентханадағы  бөбегін күтіп алушылар мен туған күн кешінде осындай ерекше кейіпкерлермен қуанту сәнге айналып келеді. Ерекше қимылымен елітетін қонжықтарды көргенде еріксіз жүзіңе күлкі үйіріледі. Кейіпкеріміздің мамандығына деген адалдығы, махаббаты оны асқақ арманына жетелейді.


"Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық колледжінде «драма театр әртісі» мамандығында білім алдым. Сол уақытта түрлі іс-шараға аниматор болып баратынмын. Шәкіртақыдан бөлек солай қосымша жұмыс істедік. Жан-жақтылықты жақсы көремін. Студент кезден қалыптасқан осы қасиетім әлі күнге дейін алға жетелеп келеді. Өткен жылы аниматор болып мерекелік кештерге шығып жүрдім. Бірақ костюмдер менікі емес еді. Сол кезде армандар дәптеріме өзімнің жеке аниматорлық костюмдерім болса екен деп жазғанмын. Араға біраз уақыт салып, Аллаға тәуекел еттім де шешім қабылдадым. Киімдерді тапсырысқа заказбен тіктірдім. Қазіргі таңда 7 аниматорлық персанаж бар", – дейді кәсіпкер.


«Жас келсе, іске» демекші, ерінбеген адам табыстың көзін табады. Гауһар да бойындағы жастық жалынын жұмысқа, кәсіпке қарай арнағанды жөн көреді. Ол алдағы келе жатқан жаңа жыл мерекесіне орай  балабақша мен бастауыш сынып оқушыларына арнап ертеңгіліктерге қойылым дайындау үстінде. Кәсіптік жолда адамға қайтпас қайсарлық керек секілді. Себебі бұл салада тәуекел ете білу маңызды.



"Өте тәуекелшілмін. Басыма бір ой келсе оны іске асырмайынша тыным таппаймын. Егер оңынан шешіліп жатса құба-құп. Болмаған жағдайда өмірлік тәжірибе аламын. «Неге байқап көрмедім?» деген өкініш қалып қоймас үшін қолдан келген бар мүмкіндігімді пайдаланамын. Бір орында тұралап қалу ойымда жоқ. Ең бастысы табыс көзі деп емес, мен шабыттанып,  сүйіп жасайтын іс болу керек. Халықпен жұмыс жасау оңай емес. Мен тек барып суретке түсіп кетіп қалатын аниматорлардың қатарынан емеспін. Тойда қызмет атқаратын асаба мен менің қызметімді салыстырса аниматорлық қызмет қиынырақ. Әр үйдің бір ерке балаларының көңілінен шығуға тырысамыз. Әр балаға жеке көңіл бөлеміз. Балалармен бала болып, көңілдерінен шығуға тырысамыз. Барған жерімізден тек алғыс естіп қайтамыз. Бұл біздің алға қарай белсене жұмыс істеуге септігін тигізеді. Алдағы уақытта осы саланы дамытқым келеді. Біздегі қызмет түрі көп. Алайда халық тек жеңілдік сұрайды. Шындығында, өнер сатылмайды, өнер бағаланады емес пе?!", – дейді кейіпкеріміз.


Қазіргі жастар бизнеске үйір. Әсіресе шағын және орта бизнестен бақ іздейтіндер көп. Әлбетте, бұл жақсылықтың нышаны. Өйткені олар бизнеске үлес қосу арқылы елдің экономикасын демеп отыр. Кәсіп қылған адам қашанда жетістікке, мақсатына жетеді. Оны көзімізбен көріп келеміз. Ебін тауып әрекет етсеңіз, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Бастысы талаптану, соған сай әрекет ету.


Жеке кәсіпкерлік - Қазақстан Республикасы азаматтарының таза кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерiнiң меншiгiне негiзделген және жеке тұлғалар атынан, олардың тәуекел етуімен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын дербес, бастамашыл қызметi дара кәсіпкерлік болып табылады.


Жеке кәсіпкерлік келесі түрде жүзеге асырылады:

  • жеке;
  • бірлескен кәсіпкерлік.


Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келесі тұлғалар ЖК ретінде жұмыс істеуге және ашуға құқылы:

  • Қазақстан Республикасының азаматтары;
  • Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Ресей Федерациясының, Беларусь Республикасының, Қырғыз Республикасының азаматтары;
  • «Қандастар» мәртебесінде азаматтар.


Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ЖК мынадай түрлері бар:

  • Жалпы белгіленген режим бойынша ЖК;
  • арнайы режим-патент бойынша ЖК;
  • арнайы режим-оңайлатылған декларация бойынша ЖК;
  • белгіленген шегерімді қолданатын арнайы режим;
  • жеке практикамен айналысатын адам;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін арнаулы салық режимі.


ЖК ашу үшін, белгіленген нысандағы хабарламаны ұсыну немесе жеке тұлғаның тіркеу есебі туралы салықтық өтінішін келесілер арқылы беру қажет:

  • ЖК орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті арқылы;
  • «Электрондық үкімет» порталы арқылы.


ЖК тіркеу алдында мыналарды анықтау қажет:

  • ЖК нысаны (жеке, бірлескен және бірлескен ЖК, кім басшы);
  • ЖК режимі (патент немесе оңайлатылған декларация негізінде жалпыға бірдей белгіленген немесе арнайы салық режимі);
  • ЖК атауы;
  • қызмет түрі;
  • ЖК мекенжайы (орналасқан жері) ;
  • байланыс деректері және т. б.


ЖК тіркеудің тәсілдері

ЖК орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті арқылы. Өзімен бірге жеке куәлігі, сондай-ақ алдын ала өзінің экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторын нақтылау қажет. Әрі қарай, хабарлама нысанын қолмен толтырып, қызметкерге жіберіңіз.

egov.kz сайты арқылы.

Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) алу және «жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама» нысанын толтыру қажет.


Қызмет көрсету мерзімі: 1 жұмыс күні.

ЖК тіркелгеннен кейін банкте шот ашу қажет.

ЖК шотын ашу үшін қажетті құжаттар пакетін шот ашқыңыз келетін банк мамандарынан біле аласыз.