Ақжаулықты ана қолөнерді жанына серік еткен
Сөзге де шебер, іске де ұстаз халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі – қолөнер, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ағаштан, темірден, түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиыннан қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұратын өнер туындысы. Содан да болар, «Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Осындай халық арасында қолынан өнері тамған ісмерлер кездесері хақ.
Соның бірі – бекарыстан билік Нағима Сахиқызы сексен жасқа таяса да, келініне қолғабыс етуден жалыққан емес. Ол жас шағында түрлі дүниені аса шеберлікпен жасап, халыққа ұсынған.
Кәріліктің шыңына шыққан Нағима әже тағдырдың басына салған қиындығына төзіп, іштей тынған жан. Оның айтуынша, жалғыз баласы отыз жасқа жетпей дүниеден озған. Келіні 4 баламен қабырғасы қайыса, күні-түні жылап, ата-енесінің қасында қалған. Нағыз жалындап тұрған жиырма екі жасында жесір атану, оған ауыр тиді. Алайда, ата-енесі ағайын-туысты жинап, жан дүниелері қан жыласа да жас келіннің бағын байламауды бекінді. Сонда, бұл шешімді естіген келіншек солқылдап жылап жібереді де: «Төрт баламды біреуге жәутеңдетіп, пақыр таппаспын. Жұбым жер астында тозатын болса, мен жердің бетінде жүріп тозамын. Не де болса, сіздердің жандарыңызда қаламын. Сіздерді төрт баламмен бірге бағамын. Қалайша, көздеріңізді жәутеңдетіп, қалдырып кетейін?! Құдай қосқан қосағымның шаңырағынан ешқайда кетпеймін!» деп, ойын нық жеткізген екен. Содан бері отыз жыл да, өте шыққанын көзіне жас ала еске алды Нағима әжей.
Оның айтуынша, екі қызы тұрмыста. Солардың жасауын толықтай өзі дайындаған. Құрақ көрпе тігіп, өзіне көйлекті де пішіп, тігіп алатын өнері бар көрінеді. Қолөнер ежелден келе жатқан кәсіп түрі болғандықтан, халықтың өмірі және тұрмысымен бірге дамиды. Осылайша, ұрпақтан-ұрпаққа дариды. Көне заманнан келе жатқан бұндай қазақ қолөнері өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалған. Ұлттық қолөнерде негізінен шикізат есебінде ешкі мен қойдың қылы пайдаланылған. Себебі, ол аязды күнде жылуды сақтайтын, әрі төзімділігімен ерекшеленеді. Қазақтың дәстүрлі өнері қатарына киіз басу жатады. Кезінде киізді ақ және қара түстен әзірлеген.
Нағима Сахиқызының бойына бірнеше өнердің даруына анасының нағашысы 10 жасында Әмина деген әжей үйреткен. Кейін ол анасына көмектесе бастаған. Шешесі ұршық иірген. Оны бұғанасы қатпаған Нағима бояп, алаша тоқып, киіз басатын.
Қазақ халқының талай ғасырлық тарихына бойласақ, ел іші он саусағынан өнері тамған ісмер саңлақтарға кенде болмаған. Олар жасаған өнер туындылары табиғат құбылысы, күнделікті кәсібіне қарай баладан балаға мирас болған. Уақыт озса да, өшпей, ізі жоғалмай бүгінгі күнге жетті.