Түрмеге келгендер телефонды гриль тауықтың ішіне жасырып өткізбек болған
Павлодарда тергеу изоляторына келгендер ұялы телефонды гриль тауыққа салып өткізбек болған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, №63 мекемесінде пайдалануға тыйым салынған заттар сәлемдемелерді қабылдау кезінде рентген қондырғысын қолдану арқылы анықталып, тәркіленді. 44 жастағы қала тұрғыны әкелген заттарды үш гриль тауықтың ішіне жасырған.
Тергеу изоляторының қызметкерлері сотталғандармен және олардың туыстарымен сәлемдемелерді жеткізу және мекемеге бару кезінде тыйым салынған заттарды алып жүруге жол бермеу туралы жүйелі түрде әңгімелесу жүргізеді. Дегенмен, келушілер заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды әлі де жалғастырудан тайынбайды.
Ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жіберілді.