Жалағаштық кәсіпкер сұранысқа сай сапалы өнім шығарды
Жалағаш ауданында кәсіпке бет бұрып, табысқа кенелуді көздеген жандардың қатары артып жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әлбетте өңірде салада серпін қалыптасқаны өзімізге тиімді. Қазір қарапайым халық аталған саланы қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды өз пайдасына жаратқысы келеді. Яғни жеңілдетілген несиелер алып, кәсіп ашуға елде ынта жоғары. Қолда бар қаражатпен кәсіп ашып, жұмысын жандандырып жатқандар да жоқ емес. Әлеуметтің әлеуетін көтеруде екеуі де ерекше маңызға ие. Өйткені өңірде кәсіпкерлік жанданса, аудан экономикасында тұрақты өсім қалыптасады, бір жағынан жұмыссыздық мәселесіне жол бермеуге де кәсіптік нысандардың артуы оң әсерін тигізері анық.
Иә, аудан аграрлық өңір болғандықтан бізде егін және мал шаруашылығы қарқынды дамыған. Жем-шөптен тапшылық болмағасын халықтың көбі мал шаруашылығы саласында кәсіп бастауға бейім тұр. Бірақ басқа салаларда іс бастап, кірісін еселеп отырғандар да жоқ емес. Бұдан біз жалағаштықтардың іс бастар алдындағы мақсатының өзгергенін аңғарамыз. Яғни қазір халық ауданда соңғы жылдары қолға алынбаған немесе саны аз кәсіптік бағытты таңдап, пайдаға кенелуді қөздейді. Іскер азаматтардың бұл бір жағынан тауарды өткізуге де қолайлы екеніне көзі жеткен. Жалағаш кентінің тұрғыны Дәуренбек Алтыбаев та осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алған жобасының жемісін әлі күнге дейін көріп келеді.
Бұрын елордадағы пластик есік-терезе өндіретін цехта жұмыс жасаған кейіпкеріміз Сыр бойында өнімнің бұл түріне деген сұраныстың жоғары екенін байқайды. Осылайша туған жерге келіп, бұған дейін жалақысынан үнемдеп жинаған қаражатына қажетті құрал-жабдықтар алып, кәсіпке кіріскен.
Үй ауласының жанынан ашылған цехқа келіп жатқан тұтынушылар санының көбіне біз де көз жеткіздік. Бар-жоғы екеуара болған 20-25 минуттық диалог барысында 9 адам 18 терезе, 7 есікке тапсырыс беріп кетті. Іскер азамат бұл тауар түрін шикізат көзі келген бойда 8 күн ішінде дайындай алатынын айтып отыр.
Қазіргі таңда «Димаш» ЖК-да өндірілген өнім түріне тек кент орталығынан ғана емес, ауылдық округтерден және көршілес Қармақшы, Сырдария аудандарынан да тапсырыс түсуде.
Салада 20 жылға жуық тәжірибесі бар кейіпкеріміз көбіне тұтынушылар түркиялық тауар түрін таңдағандықтан шикізат көзін де сол жақтан тапсырыспен алдырады. Пластик есік-терезелердің әйнектері де сырттан келеді екен. Қазіргі таңда кәсіпкер тұтынушы талабына сай есік-терезелердің шаршы метріне 27 мың теңгеден тапсырыс алуда. Мұндағы тауарлар бағасындағы сәл қымбатшылықты Дәуренбек Алтыбаев цехқа жеткізілетін шикізат көзімен байланыстырады.
Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс орнын кеңейтуді көздеп отыр. Яғни қосымша қаражат болған жағдайда цехқа қажетті басқа да заманауи аппараттар алып, өндіретін өнім түрінде өсім қалыптастырмақ. Әзірге оған қаражат жағы қолбайлау болып тұр.