Сотта Бишімбаев пен марқұм Нүкенова арасындағы хабарламалар оқылды
Әйелін өлтірді деп айыпталып жатқан Қуандық Бишімбаевтың сотында Салтанат Нүкенова екеуінің Whatsapp желісінде сөйлескен жеке хаттары оқылып жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Екеуінің арасындағы хат-хабардан Бишімбаев әйеліне түннің уақытында қайта-қайта хабарласып, тыныштық бермейтіні байқалады
Марқұм Салтанат Нүкенованың телефонынан Бишімбаев екеуінің хаттарын оқыды. Салтанаттың телефонының паролін айыпталушы Бишімбаев ұсынған. Марқұм Бишімбаевты “My love” (Менің махаббатым) деп сақтаған екен. Бишімбаев бұл өз нөмірі екенін растады.
Екеуінің арасындағы хат-хабар ішінде Бишімбаев Салтанаттың геолокациясы үшін ашуланғанын байқауға болады:
Бишімбаев: “Мен сені көрмейтін болсам, несіне геолокацияңды қосасың? Мен сені көрмей тұрмын”
Нүкенова: “Менде 1000 жылдан бері солай тұр, үйдің бұл жағында Wi-Fi ұстамайды екен”
Бишімбаев: “Алматыдамын деп салудың не қажеті бар? Осындай көзбояушылық не керек? Қазір “ұмытып кеттім, байқамай қалдым” деген сылтауларыңды айтамысың?.
Сондай-ақ айыптаушы оқыған хаттардан Бишімбаевтың Салтанатқа түн ішінде бірнеше мәрте хабарласуды әдетке айналдырғанын көруге болады.