Алтын іздеген белгісіз біреулер ауыл маңын қопарып, қазып тастаған
Жетісу облысында белгісіз біреулер алтын кенін жаппай қазып жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Ауылдан 25 шақырымға жуық жерде тереңдігі 2 метрден асатын шұңқырлар пайда болған. 2-3 жылдан бері қазба байлық іздегендер ойды да, қырды да қопарып жатыр, дейді тұрғындар. Бұған ауыл тұрғындары үзілді-кесілді қарсы. Айтуларынша, осының кесірінен жайылым жердің тапшылығы туындаған.
Ақсу ауданына қарасты Суықсай ауылында гектарлап қопарылған жер көп. Тұрғындар, "асын ішіп аяғына тепкендей, алтын іздеген компаниялар керегін алып, жерді қопарып кете берді" деп күйінеді. Соның салдарынан қазылған орындардың айналасы қоқысқа толған. Жұрт жайлауға шығатын сайды қопарып, тынымсыз тас алатын заңсыз кәсіпкерлердің жұмысына қарсы. Өйткені осы жұмыстардың кесірінен мал жаятын жер қалмаған.
Өңір тұрғындары тиісті мекемелердің осы мәселеге қатысы бар деп күдіктенеді. Өйткені тау-тасты қопарып қазба байлық іздегендерге бірнеше жылдан бері ешкім тосқауыл болмаған көрінеді.
Жиналған жұртпен кездесуге аудан әкімінің орынбасары келді. Ол бұл мәселені кеше ғана білгенін айтады. Енді құқық қорғау органдарына тапсырамыз, тұрғындар тілегі ескеріледі, деп сендірді.
Үш жылдан бері ауыл маңын қопарып қазып, алтын тауып жүргендердің барлығын жергілікті әкімдік білмесе де, суықсайлықтар жақсы біледі. Егер мұнымен заңсыз іс бітпесе, жоғарыға шағымданамыз деп отыр.