Екі жыл жинаған ақшасын құлағы естімейтін келіншекке берген оқушы қыз елді тәнті етті

352
Осыдан алты жыл бұрын ауыр жол апатына ұшырап, екі құлағы естімей қалған қызылордалық Айман Махамбетова өзін елжіреткен ерекше оқиға жайлы айтып берді.

Айман Махамбетова құлағын емдеу үшін талай жердің есігін қағып жүр. Ол алты жыл бұрын Алматы маңында күйеуімен бірге апатқа ұшырап, екі құлағы бірдей естімей қалған. 


Осы уақыт аралығында Айман түрлі сынақтардан өтіп келеді. Қаржының жоқтығы қолбайлау болса да, туысқандары алып берген несиемен және халықтан жиналған азды-көпті ақшамен дәрігерлерге қаралуда. 


Жақында Айманға оныншы сыныпта оқитын Айдана есімді қыз хабарласып, екі жыл жинаған ақшасының бір бөлігін аударған. Бұл қамкөңіл келіншек үшін үлкен сый болыпты. 
"Бұл жазбаммен 10 сыныпта оқитын Айдана есімді оқушымен, үлкен тілекшім жайлы айтқым келеді. Өзі кішкентай болғанымен, жүрегі үлкен. Алғаш оқығанымда көңілім қатты босап кетті. Осындай мейірімді қылып тәрбиелеген әке-шешесіне бас иемін. Қалаған маман иесі бол! Ниеттеніп берген көмегің қабыл болсын!", - деп жазды Айман.

 
Белгілі болғандай, Айдана есімді 10 сынып оқушысы Айманның оқиғасын анасынан естіген. Ал анасы әлеуметтік желіден оқыған екен.


 Екі құлағы естімей, өмір үшін күресіп жатқан Айманға көмек ретінде мектеп оқушысы өзінің екі жыл жинаған ақшасының бір бөлігін, яғни, 20 мың теңге аударған. Оқушының бұл қадамы мен кең жүректілігі Айманды қуантып отыр. Ол аз да болса еміне ақша аударған Айдананың адамгершілігі мен мейірімділігін жоғары бағалауда.