Бір дана оқулықты 42 501 теңгеге сатып алмақ болған
Маңғыстауда бір кітапты 42 501 теңгеден алып, мемлекет қаржысын талан-тараж етпек болған білім саласының қызметкерлері анықталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Олар 5 мың оқулыққа 212 миллион 500 мың теңге көлемінде бюджет қаржысын жұмсамақ болған.
Әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті Мұнайлы ауданының білім бөлімінде тіркелді. Мекеме 2024 жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспарларында 5000 дана кітапты 212,5 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Ең сорақысы, тендер жарияламастан, бір адамнан сатып алуды көздеген.
Мұны байқаған құзырлы органдар жедел әрекет етіп, заңбұзушылықтың жолын кесті. Нәтижесінде 1 кітаптың бағасы 42 501 теңгеден 5 000 теңгеге дейін, яғни 8 есе төмендетілді. Осылайша шамамен 187 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді.