Кәсіпкерлерге қолдау көп

1 510

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметіЖыл сайын өңірдегі кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет тарапынан әр түрлі қолдаулар көрсетілуде. Соның нәтижесінде былтыр Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы әр түрлі сала бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Былтыр аталмыш палата кеңесшілерінің көмегімен 382 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ, «Іскерлік байланыстарды кеңейту» жобасы аясында Қызылорда қаласының 2 кәсіпкері Германия еліндегі бизнес-тағылымдамадан сәтті өтті. Биыл да кәсіпкерлікті дамыту бағытында тың жобалар қолға алынбақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық мәлімдеді.


"Кәсіпкерлікті жандандыру және оны одан әрі дамыту – біздің басты міндетіміз. Осыған сәйкес, былтыр кәсіпкерлер палатасында бірнеше жоба аясында аудандық филиалдардың кеңесшілері екі мыңнан астам азаматқа түрлі кеңес берді. Сондай-ақ, жыл басынан бері 963 кәсіпкерлік субъектісіне 1 111 сервистік қызмет көрсетілді. Ал, бизнес жоба әзірлеу бойынша 3,8 млрд теңгені құрайтын 423 бизнес-жоспар дайындалып, нәтижесінде 1,6 млрд теңгені құрайтын 168 жоба қаржыландырылды. Жалпы, 2023 жылдың қорытындысымен 402 азаматшаға тиісті кеңес берілді. Сонымен қатар, кәсіптік оқыту аясында 107 әйел білім алды. Нақтырақ айтқанда, SMM бойынша – 46 әйел, тігін өндірісінде – 20, ұн және кондитерлік өнімдерді дайындау бойынша – 41 әйел. Облыс бойынша 13 әйел тәлімгер (ментор) қызметін пайдаланды. Айта кетейік, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында 5 салалық кеңес жұмыс істейді. Бүгінде салалық кеңесте 174 кәсіпкер тұрақты қамтылып, өткен жылы 55 жиын ұйымдастырылаған. Нәтижесінде, 7 республикалық және 95 жергілікті деңгейдегі 102 мәселе қаралды. Ал, қазіргі таңда көтерілген 80 мәселенің шешімі табылды. Қалған 15-і қаралу үстінде", – деді Пірмұхаммед Айтбайұлы.