Жалағаштықтар "Таза Қазақстан" экологиялық акциясына белсенділік танытты
Бүгін Жалағаш ауданы, Таң ауылында ел Президентінің аумақтарды абаттандыру және көгалдандыруды бастау жөніндегі тапсырмасына және облыс әкімі Н.Нәлібаевтың ауыл аймақтарда санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу жөніндегі Үндеуіне сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Акция барысында Таң елді мекенінде ағаш отырғызу, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, аллеяларды және аяқ су келетін арықтар мен каналдарды тазарту жұмыстары атқарылды.
Акцияға аудан әкімі Ардақ Ибраимов, Қазақстанның Еңбек Ері Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы қатысып, шараның маңыздылығын арттыра түсті.
Сондай-ақ, акцияға ауыл тұрғындары, ауыл ардагерлері, белсенді жастар, еріктілер де өз үлестерін қосты. Жалпы Жалағаш ауданында бүгінге күнге дейін барлығы 7500-ге жуық ағаштар отырғызылып, ауданды көркейту және көгалдандыру жұмыстары белсенді ұйымдастырылуда.
1300-ге жуық тұрғыны бар үлгілі елді мекен тұрғындары тазалықты өз аулаларынан бастауды әдетке айналдырған. Таң ауылына кіреберістен ақ біркелкі жасыл-желектің жайқалуында, абаттандыру жұмыстарының елді мекенге көрік беруінде ауыл тұрғындарының еңбегі зор. Бірлік пен ынтымақты ту еткен жергілікті халық өз аулаларынан бастап, өздері тұратын өлкенің көшелеріне дейін тазалық жұмыстарын жүргізіп, белсене атсалысып келеді.
Өткізілген акцияға елді мекендегі шаруашылық құрылымдарынан 20 техника және 360 адам белсенді түрде қатысты.
Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады. Ал үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» дейтін төртінші аптада ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.
Сәуірдің 13-іне дейін өтетін алғашқы апталықтың атауы - «Таза өлке».
Апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.
20 сәуірге дейінгі апталық «Киелі мекен» деп аталады. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.
Сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.
4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.
«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады.
Акцияға еліміздің барлық өңірлері қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өтеді.