Қызылордада 254 миллион теңгенің балығын заңсыз экспорттаған кәсіпорын басшылары сотталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті көлік прокуратурасының үйлестіруімен «СПК Қызылорда Балық» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2022 жылы аталған кәсіпорынның лауазымды тұлғалары кеден органдарына жалған мәліметтер ұсынып, жалпы құны 254 миллион теңге болатын, салмағы 75 тоннадан астам көк серке етін Еуропалық одақ елдеріне заңсыз экспорттаған.
Балық өнімдерінің заңды шығу тегін растау үшін кәсіпорын өзімен байланысы бар тұлғалар мен шаруашылықтардан балық сатып алынғаны жөнінде жалған құжаттар рәсімдеген. Алайда тексеру барысында бұл шаруашылықтардың су айдындары толықтай кепкені, ал құжаттарда көрсетілген жүк көліктері шын мәнінде тасымалдау қызметін атқармағаны анықталған. Сондай-ақ, олар тоңазытқыш жабдықтармен де қамтамасыз етілмеген болып шыққан.
Тергеу нәтижесінде жалған шот-фактуралар мен заңсыз берілген ветеринарлық анықтамалар да дәлелденді.
Сот үкімімен кәсіпорынның құрылтайшысы А. Ерхатов пен директоры Л. Қайыпназарова кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Сонымен қатар мемлекет пайдасына 254 миллион теңге көлеміндегі заңсыз табыс өндірілді.
Агенттік мәліметінше, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.







