Әйелі мен баласын ұратындар қатаң жазаға тартылады
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң екінші оқылымда мақұлданды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны қатаңдатуды, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыруды және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын.
Сенатор Жанна Асанова заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталғанын айтты.
Заң жобасында балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткендерге жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады.
Сондай-ақ денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
Заң жобасы 16 жасқа толмаған тұлғаларға сексуалдық сипатта әрекет жасағаны үшін жауапкершілік енгізіледі.
Сенаторлар әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жайлы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жайлы заңдарға дауыс беру арқылы аталған заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы екінші оқылымда қаралады.