Қызылордада көш бастаған білім ошағы

1 508

Адам баласының тұлға болып қалыптасуына мектеп қабырғасында алатын тәрбие мен білімнің берері зор, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бұл ретте Қызылорда қаласындағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі өзіндік орнын қалыптастырып, сапалы білім беруде алдыңғы орыннан көрініп келеді. 

Оқу ордасының іргесі 2007 жылы ««100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында қаланып, 2010 жылы білім алу үшін толық пайдалануға берілген болатын. Білім саласына қадам басқан азғантай уақытта аталған білім ошағы талай шәкіртті қияға қанат қақтырды. Мыңнан астам орындық оқу ордасы жаратылыстану-математикалық бағытта білім береді. Қазіргі таңда зәулім де биік ғимарат қала көркіне өзіндік ажар, көрік беріп тұрған нысандардың біріне айналды. Мектеп-лицейде 164 сынып кешені, 4032 оқушы білім алып, 417 педагог маман жұмыс жасауда. 

14 жылдық тарихы бар білім ордасына білікті басшылар басшылық етті. Мектеп-лицей тарихында білім ошағының алғашқы директоры қызметін Дүйсенбаев Бақытжан Жұмабайұлы атқарды. Алғашқы 2010-2011 оқу жылында 248 орындық білім ошағы 1604 оқушы, 57 сынып жиынтығымен, 187  мұғаліммен, оқуға арналған 50 кабинет,  6 лабораториялық кабинеттер, оқулықтармен қамтамасыз етілген кітапхана, оқу залы,  4 технология, 3 информатика кабинеттерімен өз жұмысын бастады. Мектеп-лицейде жаратылыстану пәндері тереңдетіліп оқытылды. Мектептің құрылыс жобасы бойынша шетел тілдерін, информатика, технология, физика, химия және биология пәндерін топтарға бөліп оқыту үшін барлығы 12 зертханалық және тәжірибелік кабинеттер, 2 спорт зал және басcейн, медбикелер, процедуралық тіс дәрігерлерінің кабинеттері ашылып, психолог мамандар, оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін 448 орындық асхана және 24 орындық арнайы буфет жұмыс жасады. 

Білім беру ісінде мектеп ұжымы баланың жан-жақты дамуында  назардан тыс қалдырмады. Мектеп-лицейде балалардың қызығушылығын оятатын түрлі                    үйірмелер, спорттық секциялар, оның ішінде «Домбыра», «Еркін күрес» үйірмелері, 2011 жылдың 21 ақпан айынан  бастап 75 орынға лайықталған мектепке дейінгі шағын орталық - 3 топ, 75 бала, 7 педагог маман жұмыс жасаған. Шағын орталықта оқу-тәрбие жұмысы «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламалары негізінде жүргізілді. 

     Алғаш ашылған тұста білім ошағын басқарған Бақытжан Жұмабайұлы  мектеп-лицейдің сапалы білім беретін, оқушылардың білім деңгейін көтере алатын дәрежеде жұмыс істеуі үшін бар күшін салады. Мәселен, 2011 жылдың 1 қазанынан бастап мектеп-лицей жанынан «Қосымша білім беру орталығы» өз жұмысын бастайды. Орталықтағы 5 түрлі үйірмені ( ән айту, домбыра, сурет салу, күрес және хор үйірмелері) 9 маман жүргізді. Осылайша, алғашқы жылдан-ақ білім ошағы заман талабына сай білім беруге дайын екендігін дәлелдеді. 

      Мектеп ұжымын 2013 жылдың қараша айынан бастап Ежетаева Күләш Тұрсынқызы жалғастырады. Одан кейін білім ордасының тізгінін Маханова Ұлбосын Ыбырайханқызы қолына алады. Оқу ордасын әр жылдары басқарған директорлар мектеп-лицейдің толыққанды қалыптасуына, қаладағы айтулы білім ордасына айналуына орасан зор үлесін қосты. Ал 2020 тамыз айынан бастап Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін Тумурзаев Бек Сұлтанбекұлы атқарып келеді.

Қай кезеңде де елдік мұраттың бірі – ұрпақ тәрбиесі. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби сөзінің жаны бар. Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы реформаның басты мақсаты да ой-өрісі биік жеке тұлға тәрбиелеу.  Бүгінде №264 орта мектеп–лицейі заман талабына сай соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.  Білікті басшы бұрынғы әріптестері қалыптастырған ізді әрі қарай жалғастырып, мектептің көш басында жүруіне сеп болуда. Бұл ретте Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің жеткен жетістіктерін ерекше атап туге болады. Мәселен, 2020 жыл Қызылорда облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинет) «Үздік қосымша білім беру ұйымы-2020», облыстық байқаудың «Шығармашыл ұйым» номинациясын алса, Қазақстан Республикасы таныған шет мемлекеттер табыс еткен білім беру саласындағы жетістіктері үшін мемлекеттік наградалар, оның ішінде   2021 жылы гранттық бағдарлама «Корни и трава». Жапон мемлекеті. 28 миллион грантын жеңсе, «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық грант конкурсының жеңімпазы «Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі» 34 миллион теңге иегері атанды. 

Осыдан 3 жыл бұрын мектепте жаратылыстану-математикалық сауаттылығын арттыру, физика-астрономия бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқыту сапасын жоғарлату мақсатында «Мектеп обсерваториясы» пилоттық жобасы ендірілетін «тірек білім беру ұйымы» ретінде білім басқармасының арнайы бұйрығымен бекітілген. Білім ордасында сондай-ақ, «BIOFLOWERS», «BIOMASTER», «Киностудия» және де «мектеп обсерваториясы» кабинеттері бар. 

Жалпы аталған мектеп-лицейде білім алғысы келетін оқушылар көп. Сұраныстың артуынан былтырға дейін білім ошағы үш ауысымда білім берген болатын. Өткен жылы бұл мәселе оң шешімін тапты. Үш ауысымда білім беруді жою мақсатында өткен жылы 550 орындық, 22 сынып кешені бар қосымша ғимарат салынды.

Өткен оқу жылында Тәкей Есетов атындағы № 264 мектеп-лицей жанындағы қосымша білім беру орталығына қыркүйек айында 300 оқушы  үйірмеге қабылданса, қазіргі таңда 315 оқушы білім алуда. Орталықта эстетикалық көркемөнер (домбыра, хор, би),  қолданбалы өнер (сурет),  спорт  (күрес) сынды  үш бағытта бес үйірме жұмыстарын жүргізуде.   Әр үйірмеде  IV топ бар. Оның ішінде, домбырада - 62, хорда – 63, биде – 60, суретте – 64, күресте – 66 оқушы қамтылған.

    Үйірме мүшелері білімдері мен өнерлерін шыңдай отырып, мектепішілік, қалалық іс-шараларға, қалалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.  

      – Жаңа оқу жылы басталар тұста үйірме қызметкерлерімен кеңес өткізіліп, онда үйірме жетекшілерінің 2023-2024 оқу жылында атқарылатын оқу- тәрбие жұмысына бағыт-бағдар беріліп, күнтізбелік оқу жоспарлары, сабақ кестелері құрылып, бекітіледі. Сыныптарды дайындау және ағымдағы  мәселелер қаралып, толықтырылады. Сонымен бірге, қазіргі таңда білім беру үрдісіне инклюзивті білім беру жүйесі қосылуда. Бұл заман талабы. Инклюзивті білім берудің мақсаты – оқушылардың жеке ерекшеліктерін зерделеу, қажеттілігіне қарай бейімдеу, тең білім беру мүмкіндіктерімен қамтамасыз ету. Бұл мақсаттарды іске асыру үшін Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде 2014 жылдың 1 қыркүйек айынан бастап инклюзивті білім беру бөлімі жұмыс жасап келеді. Аталған бөлім облыстық білім басқармасының №121 бұйрығы негізінде 2022 жылдың 30 мамыр айынан бастап инклюзивті тәжірибені дамыту және тәжірибе алмасу үшін облыстық ресурстық орталық болып қайта бекіді. 2014-2015 оқу жылында инклюзивті қолдаумен қамтылатын 6 оқушы ғана болса, қазіргі таңда ресурстық орталықтағы мамандардың қолдауы және түзете-дамыту сабағымен қамтылған оқушы саны 100-ге жетті. Жыл сайын ерекше біліммен қамтылатын оқушыларға нақты бекітілген оқу бағдарламасы бойынша білім беру, тәрбиелеу, түзете-дамыту барысында 8-12 оқушы аралығында түзетіліп, жалпы сыныптағы жалпы бағдарламаға көшіріліп отырды. Алайда, мектеп-лицейіндегі инклюзивті қолдаумен жұмыс жасайтын облыстық ресурстық орталық болғандықтан облыс көлемінде (Арал, Қазалы, Байқоңыр, Шиелі, Жаңақорған т.б) барлық аудандардан, арнайы мамандар жетіспейтін шалғай ауылдардан ерекше баласы бар ата-аналар мектепке жақын аумақта орналасқан мөлтек аудандардан пәтер жалдап, мектеп-лицейімізге орналасып, арнайы мамандардың түзету сабақтарына мұқтаж болуы, жыл сайынғы ерекше оқушылардың санының артуына әкелуде, – дейді мектеп директоры Бек Сұлтанбекұлы.

Қазіргі таңда ресурстық орталықта 24 арнайы маман жұмыс жасайды. Арнайы 6 кабинет (психолог, логопед, дефектолог, сенсорлық, емдік денешынықтыру) техникалық құрал- жабдықтармен жабдықталған. Инклюзивті білім берумен қамтылған 82 оқушы бейімделген бағдарламамен, 6 оқушы жеке оқу бағдарламасы, 12 оқушы жалпы оқу бағдарламасы, бойынша білім алады. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға инклюзивті білім бойынша қайта даярлаудан өткен 160 педагог сабақ береді.

Ерекше білім алуды қажет ететін оқушылардың әлеуметтік ортаға бейімделуін арттыру мақсатында биофлорес, биомастер кабинеттері, заманауи технологияларды меңгертуге бағытталған робототехника, физикалық бағытта оқушылардың ғылымға деген қызығушылықтарын дамытуға арналған обсерватория, кинотерапия әдістемесі бойынша оқушылар арасындағы достық, сыйластық, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуге ұмтылдыратын киностудия кабинеті және хор, би, сурет салу өнерлерін насихаттайтын үйірмелермен қамтылған қосымша білім беру орталығы қызмет атқарады.

Инклюзивті білім берудің әдістемесін арттыру үшін мектеп-лицейінде ресурстық орталық мамандары мен пән мұғалімдері біріккен командалық жұмысты дамыта отырып, әдістемелерін (авторлық бағдарламалар, әдістемелік құралдар, дидактикалық материалдар, жұмыс дәптерлері т.б) қала, облыс, республика көлеміне ұсынылды. Мектеп-лицей педагогтары инклюзивті білім беру мәдениетін қалыптастырып, дамытуға арналған қазақ тілінде жарық көрген алғашқы кітап авторларының бірі болып саналады.

Сонымен бірге, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметін тиімді ұйымдастыру арқылы ерекше біліммен қамтылатын оқушылардың қабілетін дамытуға арналған мектеп-лицей педагогтерінің үздік тәжірибелерін облыс, республика көлемінде таратып, практикалық тұрғыда өз әдістемелерімен бөлісіп келеді.