Арал жастарының елге үлесі қандай?

1 512

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз" деп кейінгі ұрпаққа, бүгінгі белсенді жатардың келешегіне зор сенім білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Шындығында ел Президентінің сенімінен шығып, ауданның дамуына үлес қосып, өзінің жан-жақтылығымен көзге түсіп жүрген жастар мен жастар саясатын ұйымдастырып отырған орталықтар ауданда да бар. Осы орайда Арал жастарының жасампаздыққа, жаңалыққа құшатр екендігін айтқымыз келді.


Жастар – ол елдің ертеңі, кемел келешектің бүгінгі бастауы. Сондықтан мемлекет ғана емес, әрбір саланың жарқын бастамаларын жасайтын жаңалыққа жаны құмар жас ұрпақ. Қазір ақпараттық технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан дәуірінде жастарға да мол мүмкіндікпен қатар, жауапкершілік жүгі де артылып отыр. Білімге құштар, ізденімпаз жанға қоғамда төрден орын бар. Қоғамның қай саласында болмасын жастар өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Айдынды өлкенің жастарын да елдің ертеңі деп мақтанышпен айта аламыз. Жыл көлемінде мәуелі ісімен мәртебелі биіктен көрінген аудан жастарының атқарған жұмысын саралап көрген едік.


Статистикалық мәліметке сүйенсек, аралдықтардың 25473-і 14-35 жас аралығындағы жастар құрайды. Мұны пайызбен бағамдасақ халықтың 24,2 пайызы жастар дегенді білдіреді. Ал ауылдарда 15 747 жас тұратын болса, мектеп пен арнаулы оқу орнында 14-17 жас аралығындағы 5366 жасөспірім бар екендігін айтады статист мамандар. 


Арал аудан жастарымен тығыз қарымқатынаста жұмыс істейтін аудандық жастар ресурстық орталығы жыл көлемінде аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, жақсы іске жұмылдыра білу мақсатында түрлі ақпараттық, танымдық, мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. 


"Бізде жастарға арналған түрлі жобалар бар. Сол бағыттар бойынша кездесу кештерін ұдайы ұйымдастырып отырамыз. Мәселен, «Жас маман» жобасы бойынша әр салада табысты еңбек етіп жүрген жастармен студенттер арасында 16 кездесу кешін өткіздік. Сондай-ақ қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі дін тақырыбында «Дін және жастар» жобасы негізінде дін өкілдерін қатыстыра отырып 24-ке жуық кездесу өтті. Айта кету керек, ауданда ерікті жастар баршылық. Олар қоғамның мәселесіне немқұрайлы қарамай, әркез қол ұшын беруге әзер тұрады. Сол жастарымыз «Еріктілер мектебі» жобасы бойынша жастарды жақсылыққа баулу мақсатында 23 мәдени-көпшілік шара ұйымдастырды. Және «Жастар қоғам назарында» жобасы аясында түнгі уақытта кәмелет жасына толмаған жастардың беймезгіл жүруін қадағалау мақсатында құқық қорғау саласы мамандарымен бірлесіп рейд жұмыстары жүргізілді. «Мен спортты таңдаймын», «Жас кеңесші» жобалары бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. «Ашық есік» акциясы және кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлермен «Jas kasipker» жобасы бойынша ақпараттық-насихаттау жұмыстары да жүргізілгендігін атап өтуге болады", – дейді орталықтың басшысы Ақтілек Есекеев.


Жастар орталығы тек мәдени-іс шаралармен ғана шектеледі деп ойласаңыз, қателесесіз. Сонымен бірге жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру үшін де Жақсықылыш және Сексеуіл кенттерімен, Аққұм, Аралқұм, Бөген, Бекбауыл, Жаңақұрылыс, Сапақ ауылдарына арнайы барып кездесу өткізген. 


"Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдаулар көрсетіліп келеді. Бұрын диплом алған жастар ауылға барудан қашатын еді. Қазір «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында ауылда еңбек етуге құлшынатын жастар көбейді. Сондайақ жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әркімнің өз сүйікті ісін кәсіпке айналдыруына мүмкіндік берген кәсіпкер жастарға арналған қайтарымсыз гранттар мен 2,5 пайыздық төмендетілген несиелер жастардың кәсіпкерліктің алуан түрін ашып табысқа жетуімен қатар, халық қажетін өтеуге де мол мүмкіндік беріп отыр. Орталық мамандар мемлекеттік осы және өзге де бағдарламалар шеңберінде толыққанды ақпарат беруден әсте жалыққан емес", – дейді жастар жетекшісі. 


Ағымдағы жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген 2009 адамның 694-сі жас. Жыл басынан бері қараша айының соңына дейінгі уақытта 365 жас жастар тәжірибесіне, 198 жас қоғамдық жұмыстарға, ал 1407 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. «Жасыл Ел» еңбек жасағында маусымдық жұмыс жасаған сарбаздар саны 203 жасты құрады. 


"«Мансап» орталығымен бірлесіп адрестік жұмыстар жүргізілу барысында NEET санатындағы жұмыссыз жастарға аудандағы бос жұмыс орындары ұсынылды. 2023-2025 жылдарға арналған қоныс аударуды ынталандыру жөніндегі «Жол картасына» сәйкес Арал ауданына қарасты, Сексеуіл кентінің тұрғыны, жұмыссыз жас Әлімов Ұланбек Мақсатбекұлы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал-Ақын ауданы, Сергеевка қаласына тамыз айында қоныс аударды", – дейді А.Есекеев. 


Сонымен қатар жаз мезгілінде жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін «AILAQ acoustic» шарасы аудан көлемінде 8 мәрте өткізіліп, 800-ге жуық жастар қамтылған. Жастар қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайды. Тіпті ел ішіндегі еңсесі түскен, көмекке мұқтаж жанға жұмыла жұдырық болып қолдан келген көмегін беру жастардың сүйікті әрі сауапты ісіне айналған. Қайырымдылық бағытында жастар бастамасымен 15 шара өткізіліп, үйі өртенген 1 отбасыға 2 млн. теңге қаржы жинап берген. 


Жуырда Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтің қатысуымен жастар жылды қорытындылап кеш өткізді. Шара жас кәсіпкерлер көрмесінен бастау алып, әрі қарай аудан әкімі мен жастардың диалогіне жалғасты. Және басқосуда әр саланың үздік жастары анықталып, оларға «Жыл үздігі – 2023» номинациясы табысталды. 


Иә, біз Мемлекет Басшысының сөзін тектен-текке әңгіменің басында арқау еткен жоқпыз. Президенттің жастарға сенім артып, қолдау көрсетуі мемлекеттік бағыты айқын, болашағы жарқын екендігін көрсетіп тұрғандай. Бүгін біз мақалаға арқау еткен Аралдағы жастар ресурстық орталығында жалынды жастар абыройлы еңбек етіп, Аралдың атын шығарып жүргендігін айта кетуіміз керек. Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың өзі «Мен жастарға сенемін» деп ұрандатқандай, біз де ұлының сөзін ұлықтап, жастарға сенім артамыз.


Осы орайда жастармен тікелей жұмыс жасап, жетістікке жетудің тетігін тапқан тағы бір орталық "JN-ACADEMY" жайлы айтпасақ болмас. 


Жастар – елдің болашағы, еліміздің үкілеген үміті. Олардың қай салада болсын мықты болуы жастайынан алған тәрбиеге, олардың талғамына сай қырын ашып бейімделуіне байланысты. Осы бағытта 2021 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жан басына қаржыландыру тетігі іске қосылған болатын. Бұл жоба аясында қазақстандық балалар үйірмелер мен секцияларға тегін бару мүмкіндігіне ие болды. Жобадан аралдық жастар да қалыс қалмады. Соның нәтижесі – кеше болған «GN» академиясының «Бізге 2 жыл» атты шығармашылық кеші. 


Жалпы жан басына қаржыландыру жобасы 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Республика көлемінде ұйымдастырылған жобаның арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен балаларға арналған түрлі секциялар ашылды. Осындай мақсатта 2021 жылдың желтоқсан айында қаламыздағы Шанхай мөлтек ауданында «GN academy» өнер орталығы ашылды. 


"2021 жылы «ArtSport» тегін үйірмелер бағдарламасы іске қосылған болатын. Бұл жаңалық маған ерекше үміт сыйлады. Анаммен ақылдаса келе, қыркүйек айында «Даму бала» платформасы арқылы Қызылорда облыстық Мәдениет және Спорт бөліміне өтініш жібердім. Желтоқсан айында 20 баланы «Өлкетану» үйірмесінде тегін оқытуға мүмкіндік алдым. Сол уақыттан бері анамның қолдауының арқасында бұл жоба өз жалғасын тауып келеді", – дейді жобаның негізін қалаушы Назерке Әлиқызы.


Бүгінде жоба дамып, тегін үйірмеге қоса атааналардың сұранысымен ақылы үйірмелер ашылған. 80-нен аса оқушыны қамтитын ақылы үйірмелерге заманауи би, сурет, саз балшықтан құмыра жасау үйірмесі, көркем гимнастика, вокал және гитара үйірмесі кіреді. Олардың барлығына Арал қаласының өнерлі жастары мен тәжірбиелі жандар жетекшілік етеді. Бүгінге дейін академия шәкірттері түрлі қалалардағы облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі марапаттар иесі. Атап айтсақ, Қызылорда қаласында өткен «Жібек жолы» республикалық суретшілер сайысында Жеткерген Іңкәр І орын (жетекшісі Мұратбаев Бақбосын), Түркістан қаласында өткен республикалық эстрада вокал әншілер байқауында Сағадат Әсел Бас жүлде (жетекшісі Тұрғанбаев Бекұлан), «Dance Battle» халықаралық бишілер конкурсында «Our mission» би тобы (жетекшісі Ержанұлы Абзал) І орынмен марапатталды. 


Менің «GN» академиясы туралы білгеніме 1 жылдай болды. Өзімнің қызымның қызығушылығына байланысты сұрап білгем. Академияда балаларға арналған көптеген тәрбиелік, дамытушы үйірмелер бар екен. Қызымның таңдауы Абзал Ержанұлы жетекшілік ететін заманауи би үйірмесіне түсті. Бүгінде қызымның би тобы еліміздің Астана, Ақтау, Алматы секілді үлкен қалаларындағы байқауларға қатысып жүр. Жас та болса барлық баланың көңілінен шыға білген, оларды өзінің өнерге деген сүйіспеншілігімен баурай алған ағайына алғысым шексіз. 


Алдағы уақытта академияның жетістіктері көп болуын тілеймін. Ауданымызда өнерлі жастардың қолдау табуы шынымен халықты қуантады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, жақсы бағыт-бағдар беру біздің парызымыз. Сондықтан академияның бізге берер көмегі мол, - деп Зейлтаева Алмагүл өзінің ізгі тілегін білдірді. 24 желтоқсан күні «Бізге 2 жыл» атты академияның шығармашылық кеші өтті. Екі жыл көлемінде атқарылған барлық шараны, шәкірттердің жеткен жетістіктерін саралау мақсатында ұйымдастырылған кешке аудан әкімінің орынбасары КетеТөле би Бержанов, «AMANAT» партиясынан Сабырбай Ержан, «IQ» оқу орталығының директоры Жақан Анар, белгілі кәсіпкер Дәрмағанбетов Төребек сынды қонақтар келді. Кеш барысында өнер орталығының оқушылары келген көрерменді өз өнерлерімен тәнті етті. Қонақтар арасында ойындар ойнатылып, бағалы сыйлықтар табысталды. Халықтың көңілінен шыққан кеш Жаңа жыл қарсаңында бір серпіліс берді десек артық емес. 


Жастардың игі бастамасы – қаламыздың басты дамуының белгісі. Көптің көңілінен шыға білген академия ұжымының жетістіктері мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта да өз шығармашылығымен көпті қуантқан академияның ғұмыры ұзақ болсын деп тілек білдіреміз.


Осындай орталықтардан қанаттанып, қазірде еліміздің түкпір-түкпірінде өнермен де, спортпен де, еріктілікпен де көзге түскен, талай марапатына ие болған ел ертеңдері аз емес. Солардың бірі – Нұрсұлтан.


Иә, Арал аудан ында жастар саясатының оңтайлы жүзеге асып, жастарды жақсы іске жұмылдыруда ауқымды істерімен танылып жүрген жастар бар. Олар уақытпен санаспай, бар жастық жігері мен күш-қайратын елдің дамуына, жастардың көкірек көзі ояу болуына септігін тигізуде. Сондай жалынды жастардың бірі – Арал аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Нұрсұлтан Алдамұратов. Ол биылғы жылдың қорытындысы бойынша облыстан «Жыл волонтері-2023» номинациясымен марапатталды. 


Нұрсұлтан 2020 жылдан бері Арал ауданын да жастармен жұмыс істеп келеді. Өзінің тыңғылықты тірлігімен танылған оның жастар ісін жүзеге асырып, ауданның өскелең буынын игілік іске үн қосуға септігін тигізу жолында жеткен жетістіктері баршылық. 


"Жастармен жұмыс істейтін аудандық орталықта 3 жылдан бері маман ретінде жұмыс істеп келемін. Және «Жас толқын» еріктілер қоғамдық бірлестігінің жетекшісімін. Өзім де жас болған соң әркез тың идеялар мен жастарды заманмен үндесе отырып, қоғам өміріне бейімдейтін ойлар мазалайтын. Менің жұмысым осы салаға ойысқалы бері өз бойымда жаңа мүмкіндіктер ашыла бастады. Аралда жақсылыққа жаны құмар жастар баршылық. Тек оларды дұрыс бағыттай алсаң болғаны. Олар күн-түн демей елдегі орын алған оқыс оқиға кезінде де, түрлі мәдени-танымдық шараларда бейжай қарамайтынын көрсетіп, үн қосып жүр", – дейді Нұрсұлтан. 


Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, қоғамның қай саласында болсын тысқары қалмайтын жастар екендігі белгілі. Нұрсұлтан үшін жастармен жұмыс істеу, өзінен кейінгі буынға ақылшы бола білу мәртебелі қызмет. Оның айтуынша, аз ғана уақыттың ішінде сүйікті ісіне айналған қызметінің қиыншылығын да елеп, ескере бермейтін көрінеді. «Жалғыз ағаш орман болмас» демекші, Нұрсұлтан өзі ғана жетістікке жетуді көздемейді. Студент жастардың басын біріктіріп, олармен бірлесіп көптеген игі істерді тындыруда. Мәселен, коронавирус індеті мен өңірдегі қуаңшылық жағдайында, еліміздің әр өңірінде орын алған табиғи апат кезінде, саяси додаларда аралдық жастар өздерінің барлық мүмкіндіктерін көрсете білді. Бір сүйсінерлігі, олар осы қажырлы еңбегіне ешқандай ақы төленбейтінін білсе де тынбай еңбектенді. Солардың басында жүрген Нұрсұлтан жуырда облыстан «Жыл волонтері» атанып қайтты. 


"Қызылорда қаласында аймағымыздың белсенді жастары бас қосты. Облыстық жастар ресурстық орталығында ауқымды әсерлі шара өтіп, оған барлық ауданнан жастар қатысқан болатын. Аталған шарада мен де марапат төрінен көрініп, Облыстық «Жыл волонтері» номинациясының иегері атандым. Бұл ауданымыздың жастар саясатына қосқан үлесімнің жемісі деп білемін", – дейді ол. 


Нұрсұлтанның алға қойған жоспары көп, өз бастамаларын мұнан әрі де тыңғылықты жалғастыра бермек. Ол өзінің «Жас келсе – іске!» деген ұстанымынан әсте айнымай, тыңғылықты жұмыстарын әлі де көрсете береді.