Көш-керуен акциясы өтті

1 508

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Сыр өңірі - бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы негізінде Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылдық округінде «Көш керуен» шарасы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz  сайтына сілтеме жасап.


Шара барысында облыстық ҚХА құрылым мүшелері, аудан, ауылдағы этнос өкілдері, ауылдағы ақсақалдар кеңесінің мүшелері «Таза Қазақстан - таза аймақ» экологиялық акциясына қолдау білдіріп, 100-ге жуық көшет егіп, ауылды көгалдандыруға өз үлестерін қосты. 


Ауыл тұрғыны, түрік этносының өкілі, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Рамиз Даврушев қаладан келген делегацияға ризашылығын білдіріп, ауылдағы бірлік пен ынтымақты үлгі етіп, еліміздегі қиын жағдайларды бірлесе еңсереміз деген тілегін жеткізсе, облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Серік Ыдырысов ақ батасын берді.


Мұнан соң делегация ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиында Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шегебай Құндақбаев сөз алып, кеңестің атқарған жұмыстары, Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер мен ауылдағы келісім мен татулықты айтып өтті. 

Ал, Серік Ыдырысов ынтымағы жарасқан ауылдың ерекшелігіне тоқталды. Онда тұрып жатқан әр тұрғынның өңіріміздегі береке, бірлікті сақтаудағы үлесі зор екендігін атап өтті.


"Бұл ауыл – қасиетті мекен. Себебі бір шаңырақтың астында 11 этнос өкілдері тату-тәтті, береке бірлігі мен жақсы тірлігі жарасымды өмір сүруде.  Бұл − біз үшін еңбектің, үлгі-өнегенің үлкен жетістігі. Сондықтан осындай татулығы мен бірлігі жарасқан еліміздің ынтымағы баянды болсын", − деді ол.


Одан әрі «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерінің кездесуіне ұласты.


Кездесу аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтылған өзекті мәселелері талқыланды. «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары, модератор Дәулет Омаров «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын сөз етсе, АТТ, облыстық ҚХА жанындағы медиаторлар кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жақсыбай Жакеев іргелі құндылық – бірлік және ынтымақтың маңыздылығын айтты.


Сондай-ақ, АТТ, ғылыми сарапшылық тобының мүшесі, заң ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Қуаныш Жарекеев құрылтайда айтылған маңызды құндылық – заң және тәртіп туралы, заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салыну қажеттігін атап өтті. Бұл тұрғыда Ассамблеяның жұмысы қарқынды екендігін алға тартты. АТТ, «Бітім» медиация орталығының директоры Жанна Мирамбекқызы жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту, ел бірлігі үшін, мемлекет пен қоғам мүддесін бәрінен жоғары қою сынды мәселелер, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін нығайту, мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу, руханият, мәдениет, тарих, ұлт саулығы, адам капиталы, ұрпақ тәрбиесі саласында қордаланған мәселелерге тоқталды.


Жиын соңында ауыл бірлігін сақтап, қоғамдық келісімді нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдары, ауыл ақсақалдарына Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмахановтың Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына облыстық ҚХА құрылым қызметі мен міндеттері жазылған 100-ден аса ақпараттық бүктемелер таратылды.


Делегацияның ауылдағы жұмысы мұнымен тоқталмады. Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы құрылым мүшелері, медиаторлар кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жанна Мирамбекқызы қоғамдық қабылдау өткізді. Басты мақсат − медиация және этносаралық қатынастар саласындағы мәселелерге қатысты талап-тілектерді тыңдап, тиісті деңгейде шешу. Қоғамдық қабылдауға III Интернационал ауылындағы этнос өкілдері келді. Қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша тиісті тұлғаларға тапсырмалар жүктеліп, барлық айтылған ұсыныс, пікірлер ескерусіз қалмайтындығы айтылды.


Шарадан ауыл жастары да тыс қалмады. «Сыр өңірі - бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында облыстық ассамблея жастары №108 орта мектебінің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесті. Кездесуге тіл жанашыры, «Ассамблея жастары» ұйымының белсендісі Елена Пак, аудандық мәслихат депутаты, ҚХА мүшесі, түрік этномәдени бірлестігінің белсендісі Дильфура Байрактарова, «Ассамблея жастары» ұйымының мүшесі Бахар Милиярова қатысты.


Басқосуда қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайту, этносаралық қатынастың негізі ретінде – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен жүзеге асыру, отбасы құндылығын дәріптеу, жастарды еңбекке баулу және тағы басқа мәселелер бойынша маңызды міндеттерді бірігіп атқаруға шақырды. Сондай-ақ, арандатушылыққа жол бермеуге, осы бағытта жұмыс жасауға шақырды. Интернационалдық жастар өз кезегінде бірлік пен келісімді нығайтуға дайын екендерін білдірді.


Алдағы уақытта аталмыш жоба аясындағы акция өзге де аудандарда жалғасын табады деп жоспарлануда.