Түркістан облысында мүгедек баласы бар әйелге адвокаттың көмегі керек. «Немолчи.кз» қорының негізін қалаған Дина Таңсәрінің сөзіне сенсек, ер адам тірі кезінде балалары мен әйеліне күн көрсетпейтін, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Әйелі мен балалары 30 жылға жуық уақыт мас адамның таяғынан көз ашпаған. Оның қарыздарын өтеп келген. Туыстарының айтуынша, ауыл тұрғындары (Шымкенттен 35 шақырым жерде) бұл отбасының қалай өмір сүріп жатқанын жақсы біледі.
«Үлкен ұлы жиырма жаста, бірақ ол бір жасынан бастап мүгедек. Болжам бойынша, ол өз әкесінің кесірінен мүгедек болып қалған. Себебі, әкесі баласы бөленіп жатқан бесікті 1,5 метр биіктіктен лақтырып жіберген. Баланы оңалту мен адам қатарына қосуға өте көп уақыт кеткен. Енді жас жігіттің аяқ-қолында ақау бар. Оның қолы мен аяғы зақымдалған», - дейді Таңсәрі.
Үйдегі балалардың айтуынша, әкелері осы үлкен баласын қатты ұратын.
«Әйелі мен балалары кішкентай кезінен бастап көкөніс алқаптарында таңғы алтыдан кешкі сегізге дейін жұмыс істеп келген. Олар үйге қорыққаннан кірмей де жүрген. Ал әкесі олар тапқан ақшаға ішімдік ішкен. Бала-шағасы одан қашып арықтарда, жертөлелерде түнеген. Мас адам көршілердің терезесін қағып, адамдарды ұрып, көшеде жалаңаш та жүрген. Бір-екі рет әйелі полицияға қоңырау шалған. Алайда ер адам ол әрекеттен кейін одан бетер жауыз бола түскен. Балалар аналарының инсульт алғанын, омыртқасы сынып, аман қалғанын айтты», - дейді ол.
Ұлдарының айтуынша, олардың анасы үлкен қыздары тезірек тұрмысқа шығып кетсе деп тілеген екен.
«Мас адам әйелі мен балаларын тағы да таяқтың астына алғанда, әйелі қарсы шыққан, күйеуін сабырға шақырмақ болған. Бірақ, жағдай бақылаудан шыққан. Бұл жерде жақсы адвокаттың жұмысы қажет. Үнемі азаптау мен ұрып-соғу болғанын айтатын куәгерлері де бар. Екі ұлы мен анасы сол күні ұрып-соққанға шыдамай, жауап қайтарғаны үшін түрмеге тоғытылуы мүмкін. Ұлдар бұл шындықты айтқылары келмеген. Алайда аналары өмір бойы соққының астында өткізгенін айтып, көмек сұрады», - дейді Дина Таңсәрі.