Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар баспаналы болды
1 358
Биыл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1 599 бала баспаналы болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердің жалпы санының кемінде 20 пайызы бөлінеді. Жетім балаларға және АҚҚ балаларға жылына берілетін тұрғын үй саны 2 есеге (2020 жылы 847 пәтерден 2024 жылдың 9 айында 1 599 пәтерге дейін.) артты. Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 2015 жылдан бастап жалға берілетін тұрғын үймен 83 373 адам қамтамасыз етілді, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар — 10 529. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 8 113 жалдамалы пәтер, оның 1 599 бірлігі жетім балалар мен АҚҚ балаларға берілді», — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдікті ипотекалық бағдарламалары көзделген.
«Сондай-ақ 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін (50/50) субсидиялау тетігі іске қосылды. Бағдарламаны соңғы 6 айдағы табысы 1 күнкөріс деңгейінен төмен, мұқтаждар есебінде тұрған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар пайдалануына болады», — деді Премьер-Министр.