Ресейден әкелінген қызанақ дәндерінен вирус анықталды

1 561

Фото: агроөнеркәсіп кешеніндегі аумақтық инспекциясыФитосанитариялық қызмет Ресейден әкелінген қызанақ тұқымынан қауіпті вирус тапты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Астана темір жол» фитосанитариялық бақылау бекеттерінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары Ресей Федерациясының аумағынан әкелінген 2700 бума қызанақ тұқымының қауіпті вируспен залалданғанын анықтады. Өнімді елорда аумағына енгізуге тыйым салынып, «НТП Kazecotech» компаниясының мамандандырылған пешінде өртеу әдісімен жойылды. 


"Қызанақтың қоңыр қатпарлы вирусы (тобамовирус, ToBRFV) тұқымдарда сақталады және байланыс арқылы оңай таралады. Бұл вирустың адам денсаулығына зияны жоқ. Алайда Solanaceae тұқымдас барлық дақылдарды зақымдайтын қауіпті патоген. Вирус жаппай таралған жағдайда алқаптағы өнім 80%-ға дейін жойылуы мүмкін», - дейді ҚР АШМ АӨК МИК Астана қаласы бойынша аумақтық инспекция басшысы Сымбат Қалиасқаров.


Аталған дерек бойынша өнім иесіне Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 400-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы негізінде әкімшілік іс қозғалып, 103 376 теңге айыппұл салынды. 


«Сондай-ақ, Кенияда өсірілген батыс гүл трипсі карантиндік объектісімен залалданған 1320 дана раушан, хризантема және гипсофила гүл кескіндері де өртеу әдісімен жойылды. Кодекстің 400-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы негізінде әкімшілік істер қозғалып, өнім иесіне 251 056 теңге айыппұл салынды», - делінген Астана қаласы фитосанитариялық қызметі таратқан мәліметте.


Зиянкес 250-ден астам өсімдік түрін зақымдайды. Оның ішінде жеміс-жидек, көкөніс пен гүлдер бар. Зиянкес өсімдіктік жасуша шырындарымен қоректенеді және жаппай таралған кезде өсімдікті солдырып тынады. Сондай-ақ бұл зиянкес қызанақтың қауіпті вирустарын да тасымалдаушы болып есептеледі.