Сыр өңірінде мұраптар тапшы ма?
Сыр өңірі шаруашылыққа қолайлы аймақ болғандықтан, су саласын дамытуға айрықша мән беріледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Дегенмен, көктем келіп күн жылыған сәттен бастап шаруалар үшін су мәселесінің өзектілігі артады. Бұл тек шаруалар үшін ғана емес, адамзат үшін де маңызға ие. Осыған орай, жыл басында Қызылордада «Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» тақырыбында көшпелі отырыс өткен еді.
СЫРДАРИЯ СУЫНЫҢ 90 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ РЕСПУБЛИКАДАН ТЫС ЖЕРЛЕРДЕН КЕЛЕДІ
Аталған жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, су шаруашылығының ардагерлері, су шаруашылығы ұйымдары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қатысты. Орталық атқарушы органдардың өкілдері мен барлық аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері, шаруашылық ұйымдары бейнебайланыс арқылы қосылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев іс-шараға қатысушыларды мол тәжірибелерін ортаға салып, бөлісуге шақырды.
Келелі шарада ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының директоры Серікқали Мұқатаев, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев баяндама жасады.
Сондай-ақ Нұрлыбек Машбекұлы Сырдария суының 90 пайыздан астамы республикадан тыс жерлерден келетінін, «Арал-Сырдария» бассейнінде ауыр ахуал қалыптасқанын атап өтті. Біріншіден, Қызылорда облысы Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандықтан, жоғары ағыстағы мемлекеттер мен өңірлердің ұстанымына тәуелді. Екіншіден, өңірде табиғи өсірілім егістік жерлер жоқ. Сондықтан көп қаржы жұмсалатын, инженерлік жүйеге келтірілген мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүр. Бұдан байқағанымыз, өңірде су мәселесі әлі де өзекті.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы қазіргі қолданыстағы «Су кодексі» 20 жыл бұрын қабылданғанын, су заңнамасын одан әрі жетілдіруді уақыт талап ететінін айтты. Жаңа «Су кодексінің» қабылдануы өңірдің экологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мол мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Айта кетейік, Сыр еліне іс сапармен келген делегация мүшелері аймақтың су және ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысады.
СУ ТАПШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ХХІ ғасырдағы жаһандық сын-қатерлердің, күрделену бағытына қарай бет алған мәселелердің бірі – су тапшылығы. Қазіргі таңда әлемдік су ресурстары қатты қысым көріп отыр. Деректерге сүйенсек, соңғы 60 жылда Жер шарында ауызсуды пайдалану 8 есе өскен. Демек, осы жүзжылдықтың ортасына қарай көп ел суды сырттан алдыруға мәжбүр болуы мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін атап өткен. Осы бойынша облыс әкімі суармалы су тапшылығы мәселесін былайша жеткізді.
Су – тіршілік нәрі. Расында су қорын азайтып алмау керек. Ал бұл мәселенің түйткілі назарға алынып, оның шешу жолдары бірлесіп қарастырылатын болды.
СЫР ӨҢІРІНДЕ «КӨКАРАЛ» БӨГЕТІН САҚТАП ҚАЛУ» ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Бұл жоба да назардан тыс қалмады. Басқосуда облыс әкімі «Көкарал» бөгетін сақтап қалу» жобасы туралы айтты. «Көкарал» тек Арал өңірі ғана емес, республикадағы өте маңызды нысан екенін, президент тапсырмасымен бөгетті жөндеу жұмыстары қолға алынғанын атап өтті.
Жоба шеңберінде зақымдалған бөгет қалпына келтіріліп, Қарашалаң көлі арқылы теңізге екі арна және Тұщы көлі арқылы бір арна қазылып, Кіші Арал теңізінің солтүстік бөлігінде су айналымы қалыптасады. Жоба-сметалық құжаттарда қаралған негізгі жұмыстардың бірі – Солтүстік Арал теңізінің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту үшін Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына механикалық тазарту жүргізілді.
«Көкарал» бөгеті 2005 жылғы қараша айында пайдалануға берілген. Бөгеттің ұзындығы – 13 шақырым. Тоспа салынғаннан кейін теңіздің құрғаған ұлтанының 870 шаршы метрі сумен жабылды. Теңіздегі су көлемі 11,5 текше метрге ұлғайды. Сонымен қатар судың минералдылығы 23-тен 17 г/л дейін азайып, балық түрлері артты және бекіре тұқымдас балықты өсіруге қолайлы жағдай жасалды. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін артты.
Еске салсақ, былтыр 3 айда Кіші Аралға 1 млрд 200 млн текше метр су келді. Кейінгі жылдары Кіші Арал теңізіндегі су көлемі 8,5 млрд текше метрге дейін азайып кеткен еді. Жазда су тапшы, ал қыста көп болғанымен, Аралға жетпей жатты. Былтыр қаңтар, ақпан, наурыз айларында су мол болып, оңтайлы мүмкіндікті барынша пайдалануға жұмыс жасалды. Нәтижесінде Аралға жылдық норма 3 айдың ішінде жіберілді.
Келесі тақырып суармалы суды тиімді пайдаланудағы негізгі міндеттер жайлы өрбген.
СУ ҮНЕМДЕЙТІН ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЕНГІЗІЛУДЕ
Өңірде австралиялық «Rubicon water» компаниясының «Сол жағалау магистралды каналының бойындағы ішкі шаруашылық пен тарту жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру» тәжірибесін енгізу бойынша жұмыс басталды. Алдағы 5 жылда алқаптарды әртараптандыру мақсатында күріш егісінің көлемін 16,8 мың гектарға дейтін оңтайландыратын болады. Аймақ басшысының айтуынша, су үнемдейтін озық технологияны енгізу жұмыстары жеделдетіліп, оны қолдану алдағы 5 жылда 24 мың гектарға жеткізіледі. Айта кетсек, өлкеде су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 9 мың гектарға жүгері және малазықтық дақылдарды егу бағытындағы инвестициялық жобалар басталуда.
САУАЛ: МАМАНДАР ТАПШЫ МА?
Су саласын зерттеуде ғалымдар әлеуетінің, ғылыми институттар қызметінің маңызы зор. Бұл ретте ғалымдар әлеуеті қаншалықты дұрыс пайдаланылып отыр, ғылыми институттар бұл жұмысқа толыққанды араласа ма? Мұндай сауалдардың туындауы заңды. Ал бұл сауалдардың барлығы көшпелі отырыста кеңінен қозғалды. Ғылым комитетінің дерегі бойынша, су саласына 2023 жылы 609 грант бөлінді. Бірақ оның игерілімі 266 ғана. Бұл көрсеткіш 35 пайызды көрсетіп отыр. Бұдан не қорытынды шығаруға болады? Яғни қазіргі жастардың бұл мамандыққа барғысы келмейтінінің айқын дәлелі. Бүгінде Тараз зерттеу институты мен Қазақстан ұлттық аграрлық зерттеу университетімен қоса 42 білім беру бағдарламасы даярлауда. Оның 93 %-ы осы су саласына бағытталған. Бұл мәселе де жиында елеусіз қалмады.
Шынында, су – стратегиялық ресурс. Сондықтан салаға білікті, кәсіби кадрларды шоғырландыру, озық технологияларды игеру, тіршілік нәрін үнемдеуге басымдық беру, су сапасын арттыру, трансшекаралық өзендерден алатын үлесімізге кәсіби тұрғыдан қарау – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі бұл проблемаларды жүзеге асырмайынша, су ресурстарын тиімді басқаруға қатысты түйткілді дүниелер түбегейлі шешілмесі анық. Көшпелі отырыстың мақсаты да осы еді...