Ауызсу сапасы өзекті мәселелердің бірі
Жаз жақындап, бақша егу маусымы басталғанда Қызылордада ауызсу өзекті мәселенің бірі болуы дәстүрге айналған. Жыл сайын дәл осы уақытта қала тұрғындары ауызсу сапасына жиі сын айтады. Әлеуметтік желі қолданушылары да кейінгі уақытта судың сапасына наразылық білдіруде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, ауызсу құбырынан кәдімгі қоңыр түсті су ағады екен. Бұл суды, әрине, пайдалану мүмкін емес болғандықтан, оны тазарар деген үмітпен ағызып қоюға мәжбүр. Одан бөлек, судың қысымы төмен, жоғарғы қабаттарға көтерілмейді. Тұрғындар арнайы құрылғы көмегінсіз мүлде су ақпай қалатынына да наразы.
Мәселеге қатысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағамбетов жауап берді. Айтуынша, су сапасы жалпы Қазақстан Республикасында бекітілген стандарттарға сәйкес. Қызылорда қаласын «Қызылорда су жүйесі» мекемесі ауызсумен қамтамасыз етеді. Сапа кәсіпорынның базалық зертханасында күнделікті бақыланып, талданып отырады.
Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары «Геоинвест» ЖШС мекемесімен судың сапасын талдау жұмыстарына келісім-шарт жасалғанын да атап өтті. Қазіргі уақытта ұңғымалардан су сынамасы алынып, зертханаларда талдануда.
Ал «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің директоры Бауыржан Әбдіқаппарұлының айтуынша, аталған мекеме жақын күндері ұңғымаларды тазартуға кіріседі. Қазір барлығынан анализ алынып, зертханаға тапсырылған. Қорытындысы Алматыдан 13-14 мамырда шығады. Сол қорытынды бойынша жұмыс жүргізіледі.
Мамандар облыс орталығынан бөлек, аймақтың өзге елді мекендерінде де ауызсу сапасы үнемі бақылауда екенін айтады. Қызылорда қаласынан басқа 7 ауданның, қаланың айналасындағы шағын ауылдардың барлығына ауызсу таратумен «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы айналысады. Облыс бойынша 190 елді мекен, 475 мың халыққа, яғни 91 мың абонентке қызмет көрсетіп отырған мекеме жылына екі рет құбырлардың бойын тазартып, залалсыздандырып отырады.
Айта кетсек, биылғы 4 айда «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы 4 831 мың текше метр су өндіріп, халыққа таратқан.
Жалпы, ауызсу мәселесі қалада, облыста өз шешімін тауып келеді. Қала халқы жыл сайын өсіп, аумағы да кеңеюде. Сол үшін таза ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету – ең басты мәселе. Оның жетпеуін, қысымының азаюын мамандар жүйелі түрде шешімін табатын шараларды қажет ететін мәселе деп түсіндірді.
Сонымен қатар жаз мезгілінде ауызсуды тұтыну екі есе өсетінін, тұрғындар онымен бақша суаратынын да тілге тиек етті. Мұның барлығы насос қондырғыларының жұмысын күшейтеді. Одан бөлек, техникалық су тасымалдайтын желі болмағандықтан, көлік жуу секілді орындарға да таза су беріледі.
«Тораңғыл сай» кен орны тәулігіне 47 мың текше метр су беруге қауқарлы. Егер қосылса, сол жағалауды толықтай ауызсумен қамтамасыз етіп, артылғаны қаланың өзге аудандарына бағытталады", – дейді Б.Ізмағамбетов.
Тұрғындардың ауызсумен бақша суаратыны – ең түйткілді мәселенің бірі. Қаланы аяқсумен қамту күн тәртібінен түспей, мәселенің толыққанды шешімін тауып, түйткілдің түйінін тарқату жолдары қарастырылуда. Негізгі міндеттерінің бірі каналдар мен арық жүйелерін тазалау саналатын «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, бұл жұмыстарға қаржы бағытталған.
Мысалы, жылу беру маусымы басталғаннан кейін Қызылорда халқы аяқсуды пайдалануды тоқтатады. Сол кезде 105-110 мың текше метр күнделікті беріліп тұрған ауызсу тұтыну көлемі 45 мың текше метрге дейін азаяды. Қарап тұрсаңыз, судың жетіспеушілігі, қысымының төмен болуы халықтың оны аяқсу орнына пайдалануынан.
Қазір жауапты мамандар тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Аяқсу бола тұра, бақша суаруға ауызсуды пайдаланып жатқандарға айыппұл салынатыны ескертілуде. Бұдан бөлек, облыс орталығында 200-ден астам көлік жуу орны бар. Оның ішінде қазір жұмыс істеп тұрғаны – 106. Бұлардың барлығына өздерінің жеке ұңғымасы болуы керектігі немесе техникалық су пайдалануы қажет екені ескертілген.