«Ауыл аманаты» жобасы қоғамда кеңінен қолдау тапты

1 511

«Ауыл аманаты» – жүзеге асырыла бастағалы өзінің тиімділігін көрсетіп келе жатқан жоба. Бүгінде республика бойынша 80 млрд теңгеге жуық қаржыға жылдық 2,5 пайызбен 12,7 мың несие берілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.


Ауылды дамыту мәселелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Осы орайда «AMANAT» партиясы әзірлеген «Ауыл аманаты» жобасы қоғамда кеңінен қолдау тапты. Жоба – ауыл дамуының жаңа драйвері. Оның аясында 2029 жылға қарай барлығы 1 миллион ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2024 жылы 100 млрд теңге бөлу жоспарлануда.


Осылайша, бастапқыда пилоттық ретінде Жамбыл облысында қолға алынған жоба бүгінде ел көлімінде жүзеге асып келеді. Халқының жартысынан астамы ауылдық жерде тұратын Сыр өңірі үшін бұл жобаның маңызы зор.


Осыған орай, партияның облыстық филиалы алаңында арнайы брифинг ұйымдастырылып, БАҚ өкілдеріне «Ауыл аманаты» жобасының өңірде жүзеге асу мәселелері баяндалды.


Брифингке партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Баимбетов және «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мадали Алишерұлы қатысты.


Мақсат – ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту


Брифинг барысында партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова жобаның маңыздылығын атап өтіп, осы бағытта партия тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.


Бүгінде тұрғындардың табысын арттыру мәселесі өте өзекті. Сондықтан ел Үкіметі 2019 жылы біздің өңірден пилоттық режимде бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын» арттыру жобасын ел бойынша іске асыруды қолға алды. Осы орайда, Үкімет пен партияның бірлескен «Ауыл аманаты» жобасы бастау алған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту, ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін жан-жақты қолдау, елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыру және мамандануына сеп болу, жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.


Ауыл халқының табысын арттыруға, ауыл шаруашылығына «Ауыл аманаты» жобасының тигізер үлесі басым. Бұл жоба кәсібімді дамытсам деген шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау болғаны анық. Бағдарлама арқылы сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы жобалар қаржыландырылып отыр.



"«Амаnат» партиясы жобаны іске асыруға үлкен дайындықпен келді, яғни алдыңғы жылы жоба шеңберінде барлық ауылдық округтерге скрининг жүргізілді. Аймақтағы 146 ауылдық округтің әкімдеріне партияның Саяси менеджмент академиясы 3 күндік оқу семинар ұйымдастырды. Бұл өз кезегінде жергілікті әкім аппараттарының кәсіби даярлығын арттыруға, ауылдың мамандануы мен әлеуетін анықтап, жеке кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы кооперативтердің ұйымдастырылуына ықпал етті. Партияның барлық аудандық, қалалық филиалдары жанынан «Ауыл аманаты» жобасының мақсаттарын түсіндіру мен тұрғындарға кеңестер беру үшін арнайы ақпараттық-насихаттық орталықтар жұмыс жасайды. Мұнан бөлек, жобаның ережелері ауылдарда өтіп жатқан мобильді қабылдаулар мен тақырыптық кездесулер барысында кеңінен насихатталып отыр", – деді Ләйлә Төрешова.


«Ауыл аманаты» жобасы әлеуметтің табысын арттыруға, аграрлық бизнесті түлетуге, ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Жоба аясында 2,5 пайызбен несие алып, 5 жыл көлемінде және мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы бойынша кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Айта кетейік, несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.


Жобаға аймақ тұрғындарының да қызығушылығы басым. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсібін дамыта алатынына дән риза.


"Бұл ретте партия тарапынан жергілікті жердегі әкім аппаратының кәсіби даярлығын арттыруға, ауылдың мамандануы, әлеуетін анықтап, жеке кәсіпкерлікке қолдау жасау мақсатындағы жұмыстар ұйымдастырылды. Одан бөлек, ауыл тұрғындары жобаны жақсы білуі, өздерінің бизнес жобаларын ұсына алуы үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында барлық ауылдық округтерде тұрғындармен кездесулер өткіздік", – деді Ләйлә Төрешова.


Биыл облысқа 4,6 млрд теңге бөлінді


Жоба облыста іске қосылғалы бір жылдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Баимбетовтың айтуынша, былтыр облыс бойынша жобаға 3 млрд теңге бөлінген.


"Шағын несиенің жоғары сомасы  2,5 мың айлық есептік көрсеткішке тең. Биыл айлық есептік көрсеткіш өзгеруіне байланысты, қаржы көлемі де ұлғайды. Мысалы, былтыр 8,6 млн теңге берілетін болса, биыл 9,2 млн теңге қарастырылып отыр. Ауылшаруашылық кооперативтерін дамытуға 8 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни бұл 2024 жылы 29,5 млн теңге", – дейді Ғ.Баимбетов.


Өткен жылы бөлінген қаржыға 406 жоба несиелендіріліп, 713 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 275 адам жаңа кәсіп ашып, 438 адам қосымша жұмысқа тартылды. Былтыр скрининг нәтижесі, ауылдарды зерттеу бойынша негізгі бес бағыт айқындалған. Олар – ауылшаруашылық кооперациясын дамыту, ауылшаруашылық тауарын өндіру және қайта өңдеу, өсімдік шаруашылығы, оның ішінде жылыжай, бау-бақша, картоп, көкөніс өнімдерін өсіру, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және басқа да бағыттар.


Нәтижесінде 33 ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне 716 млн теңге, 377 жеке кәсіпкерге 2,2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасына аймақтағы 146 елді мекеннің 106-сы қатысып, осы несиені алды. Биылғы жылдың 1 сәуіріне сол жобалардың 203-і бойынша салық түсімдері 18,9 млн теңгеге жетті. 2024 жылға бағдарламаны іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен 4,6 млрд теңге қаржы қаралған.


"Осыған сәйкес әрбір жеке кәсіпкерге 8 миллион теңге аралығында 575 жобаны қаржыландыру және сәйкесінше 610 жұмыс орнын ашу көзделуде. Жалпы облыс бойынша 154 жобалық топ құрылды. 146 ауылдық округке скрининг жұмыстары толығымен жүргізілді. Әрбір ауылдың мүмкіндіктері сараланып, биылға төрт бағыт айқындалып отыр. Олар – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы және басқа да бағыттар", – дейді басқарма басшысының орынбасары.


Қазір облыста 574 жобалар пулы қалыптастырылған. Жоба аясында биыл 27 ауылшаруашылық кооперативін құру жоспарланып отыр. Бағдарлама шеңберінде барлық елді мекендерді бірдей қарастыру мақсатында қаралған қаржы әрбір аудан мен Қызылорда қаласы бойынша халық санына қарай тең бөлінеді. Қызылорда қаласынан тек қалаға қарасты ауылдық округтер жобаға қатыса алады.


Жобаға қатысу үшін небәрі төрт құжат қажет


Брифинг барысында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мадали Алишерұлы жоба аясында микрокредит алудың негізгі талаптарын жеткізді. Оның айтуынша, азаматтардың жобасы, ең алдымен, негізгі бағытқа сәйкес келуі керек және жоба аясында тұрақты жұмыс орны құрылуы қажет.


Жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде тұрғылықты жері бойынша кемінде 1 жыл тұрақты тіркеудің болуы керек. Сонымен қатар өндіріс үшін жаңа, пайдаланылмаған техниканы, жабдықты сатып алу үшін беріледі. Атап өту керек, өңірде мал басын түрлендіру және асылдандыру мақсатында жоба аясында асылтұқымды мал сатып алу көзделген. Алайда жоба талаптарына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын сол жердегі жақын туыстарынан сатып алуға қаржы берілмейді. Сондай-ақ «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы алынған несиенің мақсатты, бизнес жоспарға сәйкес пайдаланылуын қадағалап отырады.


"Былтыр қаржыландырылған 406 жобаның бүгінде 276-сына мониторинг жасалды. Атап айтқанда, Арал ауданында 49 жоба, Қазалы ауданында 48 жоба, Қармақшы ауданында 31 жоба, Жалағаш ауданында 18, Сырдария ауданында 13, Шиелі ауданында 42, Жаңақорған ауданында 61 жоба және Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтерде 14 жоба тексерілді. Жобалардың тапсырылған құжаттар мен бизнес жоспарында көрсетілген тізім бойынша және соңғы көрсеткіштері қаралып, құрал-жабдықтары сәйкестендіріліп, техникаларының барлығы алынғанына көз жеткізілді", – дейді Мадали Алишерұлы.


«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы маусым айының ортасына дейін тағы 130-ға жуық кәсіпкерге мониторинг жүргізеді.


Айта кетерлігі, жоба аясында аймақта ауыл шаруашылығы өндірісінің маңызды саласы саналатын мал шаруашылығы өркен жайып, дамып келеді. Төрт түліктің аймаққа етене жақын түрі ірі қара мен қой өсірушілерге мемлекеттік қолдау кеңейіп, селекциялық асылдандыру жұмысын жүргізуге көңіл бөлінуде. Мысалы, былтыр жоба нәтижесінде республиканың басқа өңірлерінен 578 бас асылтұқымды мал жеткізілген. Сондай-ақ 4627 бас тауық, бөдене, қаз сияқты үй құстары алынып, ет, жұмыртқа бағытында өсірілуде.


Жоба қаражатын кәсібіне қажетті техника алу мақсатында пайдаланғандар да бар. Былтыр несие алғандар 64  техника сатып алған. Атап айтсақ, 20 трактор, 14 газель, 18 жүк көлігі, 2 экскаватор және тасымалдайтын тіркемелер алынған.


Мадали Алишерұлының айтуынша, биыл жобаға қатысуға құжат тапсыру рәсімінде былтырғыдан өзгеріс жоқ.


"Жобаға қатысу үшін қажетті негізі төрт құжат бар. Олар – жеке куәлік, электронды үкімет порталынан алынатын үш анықтама, кепілге қойылатын үйдің техникалық құжаттары және үйді тәуелсіз бағалау жөніндегі есеп. Жобаға қатысам деушілер осы құжаттардың барлығын жергілікті әкімдікке өткізеді. Содан кейін «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында құжаттарды регламентке сәйкес қауіпсіздік бөлімі, заңгерлер, несие бөлімі қарап, бағдарлама талаптарына сай келген жағдайда есеп комитетіне комиссияға ұсынады. Комиссияға ұсынғаннан кейін жоба он бес жұмыс күні ішінде қаралып, мақұлданған жағдайда үш күннің ішінде қаражат аударылады. Биылға құжат қабылдаудың басталуы туралы қосымша аудан әкімдіктері арқылы, әлеуметтік желілерде алдын ала хабарлама беретін боламыз", – дейді ол.


Иә, ауылдың гүлденуі – елдің гүлденуі. Ауылдың көсегесін көгертуді көздеген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан тиімді жағдай ұсынылып отыр. Тек соны сапалы жүзеге асырып, әрмен қарай түлетіп, шаруасын ширатамын деген азаматтарға бұл жоба таптырмас мүмкіндік болмақ.


Биболат СӘТЖАН