Қала іргесіндегі Тасбөгет кентінің бүгінде экономикалық, əлеуметтік, мəдени даму көрсеткіштері тұрақты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Ақмешіт апталығы" сайтына сілтеме жасап.
Кент көшелері жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынып, асфальт төселіп, ұзақ жылдар жөндеу көрмеген жерасты құдықтары жаңартылып, аяқсу келіп, ел дəулетіне сəулеті сай мекенге айналып отыр.
Су тоспасындағы көпір қайта іске қосылып, жергілікті тұрғындардың талай жылғы талаптілегі орындалып, жеңіл жəне арнайы қызметтік автокөліктердің өтуіне рұқсат берілді. Əсіресе жолаушылар көлігінің мəселесі түбегейлі шешіліп, үлкен сыйымдылықтағы автобустар сəт сайын қатынауда.
Тасбөгет кенті əкімі Айдын Тыныштықбайдың айтуынша, кенттегі əлеуметтік нысандар орналасқан 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, ел игілігіне берілген.
Ал Ғани Мұратбаев, Қуаныш Баймағанбетов жəне Əлия Молдағұлова көшелеріне 9 аялдама орнатылған. Жыл соңына дейін аялдама 20-ға көбеймек.
Сондай-ақ Амангелді Иманов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері жаңарған. Наурыз шағын ауданы, №22 ү й д і ң шатыры қалпына келтіріліп, қалалық бюджеттен қаржы қаралып, толықтай жаңартылған. Мұнан бөлек, Наурыз жəне Тасарық шағын ауданындағы 6 үйдің шатырлары ауыстырылған. Тұрғындардың сұранысына сəйкес, кенттегі Ермекбай Ертуғанов көшесіне абаттандыру жұмысы жүргізіліп, балалар ойын алаңы салынған. Қазіргі уақытта аталған аумақ тұрғындардың отбасылық серуен орнына айналып отыр.
"Мені депутаттыққа Тасбөгет халқы сайлады. Кенттің шеткі аймақтары маған қарайды. Жаңа қоныстанушыларда мәселе көп. Биыл кент толықтай жарықтандырылмақ. Мұндағы өзекті мәселенің бірі – емхана. Емханаға басқа ғимарат беру жайы қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар тарапынан көп айтылады. Менің ойымша, кент халқына жаңа, заманауи емхана салу керек. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасынан да қалаға қарасты 2 кент шеттеп қалды. Бұл мемлекеттік бағдарламаға кент халқы қол жеткізсе, елдің жағдайы әжептәуір жөнделеді. Жоғарыда атап айтқандай, тасбөгеттіктердің жанайқайын құзырлы орындарға жеткізіп жатырмын. Қазір мопедтер түнімен кент халқының мазасын алып жатқанын естідім. Мұны біз тәртіп сақшыларымен зерделеп, тәртіпке келтіреміз. Кентішілік жолаушылар көлігінің жүру сызбасын да өзгертуге жұмыс істейміз. Қоныстанушылар көбейген сайын халықтың мұң-мұқтажы да көбейді. Шет аймаққа орналасқан жаңа қоныстанушыларға автобус жағынан да, коммуналдық мәселесі болса да жағдай жасаймыз. Тек бізге тұрғындар өз өтінішін жазбаша ұсынса екен", – дейді қалалық мәслихат депутат Ақманат Төлегенова.
Тасбөгет кентінде соңғы жылдары жаңа құрылыс қарқын алуда. Көпқабатты тұрғын үйлерімен көріктене түскен кентке көшіп келген тұрғындар қоныстойын тойлауда. Бұл өз кезегінде статистика берген көрсеткіштен халықтың саны 2 есеге көбейген деген болжам да бар. Биыл 1 қаңтардағы есеп бойынша, халық саны 30521-ді көрсеткен. Одан бері көп уақыт өтпесе де, жаңадан қоныстанып, шаттыққа кенелген отбасылар көп.
"Биыл наурыз айында кенттің кіреберісінен 134 отбасыға тұрғын үй кілті табысталды. Көпқабатты тұрғын үйді «СК Дәнекер» ЖШС салды, баспана әлеуметтік жағынан осал топтарға берілді. Сондай-ақ мамыр айында кенттегі Е. Бозғұлов көшесінен бой көтерген көпқабатты 60-90 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 150 отбасы баспаналы болды. «Аманқұрылыс», «Интегрострой», «АЭS and limited» компаниялары салған көпқабатты тұрғын үйлерден жаңа пәтерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға табысталды. Осылайша, біздің кент халқының саны өсуде. Кент орталығына көрік беріп тұрған зәулім ғимараттардың сапасы да тасбгеттіктердің көңілінен шығуда", – дейді кент әкімі Айдын Тыныштықбай.
Біз өз кезегімізде кенттегі жаңа үйлерге қоныстанушылармен де әңгімелестік.
Бұл көпқабатты тұрғын үйге қоныстанғанымызға да 4 ай болыпты. «СК Данекер» ЖШС салып, баспана әлеуметтік жағынан осал отбасыларға берілген болатын. Қазір 134 отбасы тұрып жатырмыз. Бұл – мемлекеттің тұрғындарды қолдауының нақты көрінісі деп ойлаймын. Орналасқан жері де өте ыңғайлы. Дүкеніміз де, аялдамамыз да, мектебіміз де, емханамыз да жақын. Үй өте сапалы құрылыс материалынан салынған. Ешқандай шағымымыз жоқ. Құтты қоныс болғанына қуанып отырмыз. Өсіп-өне берейік. Кентіміз көркейе берсін, – дейді көпбалалы ана Феруза Әбжанова.
"Осы пәтерге қол жеткізгеніме қатты қуандым. Жолдасым, екі қызым 5-ші қабатта, 3 бөлмелі үйде тұрып жатырмыз. Бір үйде 5 подьезд бар. Сыртқы есіктерімізде домофон орнатылған. Қыста жылы болды. Баспалдақтары өте қолайлы. Өзім бұрын Тасбөгеттің «Наурыз» ауданында тұрғанмын. Жастарға жасалып жатқан зор қамқорлық деп ойлаймын. Жоғарыдан қарағанда әсіресе түнде кенттің көрінісі ғажап. Зәулім үйлер бой түзеген сайын көріктеніп келеді", – дейді жас отбасының отанасы Айшолпан Қанатқызы.
"Бұл үйді мен көп күттім. 17 жыл дегенде қолым жетті. Сапасына ешқандай шағым жоқ. Әр бөлменің есіктеріне кілт салынған. Подьездер де тап-таза. Лоджы да, балкон да бар. Олар пластикпен жабылған. Есіктің алдында балаларымызға ойын алаңдары орнатылған. Кейде жоғарғы қабатқа су көтерілмей қалатын кездер болады. Сол мәселеге назар аударылса деймін. Көгілдір отын жақында берілді. Енді ыстық су келсе нұр үстіне нұр болар еді", – дейді жалғызбасты ана Роза Әбілдаева.
Дастарханы жиылмайтын күләнда апай
Көршілердің арасында 60-тан асқан зейнеткер бар. Тұрғындар көшіп келгелі ортақ жұмысқа жұмылдыратын сол кісі. Подьездің алдына тал егіп, есік алдының тап-тұйнақтай, жинақы болуын қадағалайды. Тіпті демалыс күндері тұрғындарды сенбілікке шығарып, қоқыс тастамауды бақылайды. «Көгілдір отынның» да үйді-үйге тез берілуін қадағалап, үнемі сергек жүреді. Аулаға дастархан жайып, самаурынға шай қайнатып, көршілерді шайға шақырып, ортақ мәселесін дастархан басында шешуді дәстүрге айналдырған.
"Шаңырағымыз ортақ. Подьезіміз бөлек болғанмен мәселеміз бір ғой. Жасымнан бейнеткеш болдым. 16 жасымнан трактор, машина айдап, ер азамат секілді еркін өстім. Қиындықты көп көрдім. Қаршадайымнан ауыр еңбекке араласқан соң, жақсы мен жаманның қадірін білемін. Үйіміз өте сапалы салынған. Қыста жылы. Енді тек таза ұстау, айналасын көгалдандыру, жағдай жасау өзіміздің қолымызда. Мұнда көпшілігі жастар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар. Бақылау жасап, жөн-жобасын үлкендер айтып, жөн сілтеп отырмасақ болмайды. Көшіп келгеннен ұйымдастыру жұмысын өз қолыма алдым. Аллаға шүкір, мемлекет қамқорлық жасап баспана беріп жатыр. Оның қадірін біліп, үйді күтіп ұстауымыз керек. Ортақ мүлікке жанашырлық қажет", – дейді қарт ана.
Қоныстанушылар қатары жыл санап өсіп келе жатқан Тасбөгет кенті бұл күнде қызылордалықтарға жайлы қоныс болуда. Көпқабатты зәулім үйлер кент ажарын аша түскендей.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА