Қар көлігі ағашқа соғылып, 24 жастағы бойжеткен комаға түсті
Ақмола облысында дәрігерлер Бурабай курортында қар көлігі (снегоход) апатынан ауыр жараланған 24 жастағы қыздың өмірі үшін күресіп жатыр. Науқастың жағдайы аса ауыр, ол жансақтау бөлімінде комада жатыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Дәрігерлердің айтуынша, науқас бас сүйегі мен бет сүйектерінің сынуы, жабық бас-ми жарақаты және травматикалық шок секілді көптеген ауыр жарақат алған.
Дәрігерлер артериялық қысымды уақытша тұрақтандырғанымен, болжам әлі де қолайсыз. Науқас жансақтау бөлімінде жатыр, комадан шыққан жоқ.
Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы квадроциклдер мен қар көліктерін жалға беру орындарын тексере бастаған.
Тексеру барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, клиенттерге нұсқаулық берілуі және техниканың техникалық жағдайы анықталмақ.







