Елімізде енді бірнеше несиесі барларға да автонесие берілмек
Енді елімізде банкте бірнеше несиесі барларға да автонесие берілуі мүмкін. Қарыз ұсынғалы отырған қаржы ұйымдары жаңа көлік мінуге ниетті адамның борыш жүктемесіне қарамайды. Тек кейінгі алты айдағы төлем тарихы ескеріледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Берешегін уақытылы өтеп жүрген борышкер банкке өтініш беріп, автонесие рәсімдей алады. Бірақ көлік кепілге қойылады. Бұл бастаманы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көтеріп отыр. Қаулыға сәйкес қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициентін есептеуге қатысты бірқатар өзгерістер енгізілмек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бастамасы отандық автомобиль өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Жеңілдетілген автонесие жобасы шеңберінде сатылуға тиіс көліктерді сатады. Бастысы жаңа көлік мінуге ниетті адам алты ай банк алдындағы берешегін кешіктірмей, уақытылы төлеп тұруы шарт.
Сарапшылар банктер борыш жүктемесіне қарамайды екен деп қарызға батуға, автонесие рәсімдеуге болмайтынын айтады. Демек, берешекке асқан жауапкершілікпен қарап, бизнесті дамыту, не жолаушы тасымалдау деген секілді белгілі мақсаттар үшін алу қажет. Пікірлерінше, саланы дамыту үшін де алдымен өндіріс көлемін ұлғайту маңызды.
Сарапшының сөзінше, жаңа көліктің қолжетімділігі отандық автопаркті де жаңалауға мүмкіндік береді.