Сырдария ауданында тоғызқұмалақ ашық біріншілік өз мәресіне жетті
Жақында Сырдария аудандық спорт клубында №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің 2004 жылғы 11 «а» сыныбын бітіруші түлектердің демеушілігімен аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдық мерейтойы аясында облыстық деңгейдегі турнир ұйымдастырылған болатын, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық спорт – тұғызқұмалақтан өткізілген турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры Марат Аралбаев, бас директордың орынбасары Айжан Абдуллаева, «Kyzylorda News» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Азиз Батырбеков, аудандық спорт клубының директоры Диас Әлжанов арнайы қатысқаны мәлім.
Аталған спорттық іс-шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев сөз сөйлеп, турнирдің мәні мен маңызы туралы айтқан еді.
– Ауданымызда ұлттық спорт – тоғызқұмалақтан облыстық ашық біріншілік өткізілуде. Сіздерге ең алдымен бірлігі бекем, тірлігі көркем қасиетті Сырдария ауданына қош келдіңіздер демекпін. Бүгінгі жарыс аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдық мерейтойына орай өткізілуде. Ұлттық спорт – тоғызқұмалақтан өткізіліп жатқан ашық біріншілікті ұйымдастыруға ауданымыздағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектептің 2004 жылғы 11 «а» сыныбын бітірген түлектер қолдау білдіріп, демеуші болуда. Бұл аудан түлектерінің туған жерге деген құрметі, аудан жаңалықтарының жаршысы болған басылымға деген қолдауы деп білеміз. Сондықтан мерейтой аясында бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жатқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Димаш Серікбайұлы.
Бұл ретте, «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры Марат Аралбаев жарыстың өткізілуі мен ұйымдастырылуына қолдау білдірген азаматтарға шынайы ризашылығын білдіріп, 20 жылдық түлектерді арнайы Алғыс хатпен марапаттағаны мәлім.
Мұнан кейін түлектердің атынан Біржан Елеусінов сөз сөйлеп, жиналғандарды төл басылымның 85 жылдығымен құттықтап, жарыстың өткізілуіне ұйытқы болған сыныптастарына, турнирдің ашылуына арнайы қатысқан ұлағатты ұстазы Іңкәр Қордабаеваға шәкірттерінің атынан алғысын білдірді.
– Біздің мектеп бітіргенімізге 20 жыл болыпты. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Осы жылдар ішінде қандай да бір жетістікке жетсек, оны халыққа жеткізіп, насихаттап, аудандық газет әркез қолдау көрсетті. Бұл үшін біз қарыздармыз, жергілікті жаңалықтардың жаршысы болған басылымға айтар алғысымыз да шексіз. Осы ретте сыныптас достарымызбен ақылдаса келе «Тіршілік тынысы» аудандық газетінің 85 жылдық мерейтойына орай тоғызқұмалақтан жасөспірімдер (9,11,13 жас) арасындағы Сырдария ауданының ашық турнирін өткізуді жоспарладық. Біздің басты мақсатымыз – аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдық мерейтойын облыс көлемінде атап өтуге өз үлесімізді қосу және ұлттық ойынды халық арасында кеңінен насихаттау, дамыту. Бұл қадам арқылы біз спорттық шеберлікті және зияткерлік қабілетті қалыптастыруға атсалысамыз, жастардың, жасөспірімдердің тоғызқұмалаққа деген қызығушылығын арттырамыз және үздік спортшыларды анықтап, марапаттаймыз, – деді Біржан Елеусінов.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері жексенбі күні анықталып, марапаттау салтанаты да өткізілді. Марапаттау салтанатында аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы жеңімпаздарды құттықтап, идеологиялық маңызы бар іс-шараны ойдағыдай өткізген аға буын өкілдеріне ризашылығын білдірді.
– Сіздер газеттің 85 жылдығы аясында ұлттық спорттан турнир ұйымдастыру арқылы өзге түлектерге үлгі-өнеге көрсеттіңіздер. Редакция ұжымы басылымға деген құрметтеріңізді жоғары бағалайды. Сіздерді тәрбиелеген, білім берген ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңызға мың алғыс. Қай тарапта, қай талапта жүрсеңіздер де аман болыңыздар. Абырой мен сәттілік серіктеріңіз болсын, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Марапаттау салтанатында осыдан жиырма жыл бұрын үлкен өмірге қанат қаққан түлектерге мектеп қабырғасында білім берген ұстаздар Дүйсенкүл Пахрадинова, Іңкәр Қордабаева, Майя Сағындықова сөз сөйлеп, шәкірттерінің игі іске ұйытқы болғанына алғыс айтып, шәкірттерін мақтан тұтатынын жеткізді. Ал түлектердің атынан Сәдір Ержанұлы мен Жанар Жалғасбайқызы сөз сөйлеп, ізгі ниеттерін білдіріп, редакция ұжымына естелік сыйлық табыстады.
Жарыс қорытындысында 9 жастағы қыздар арасында І орын Хабиба Ұланға бұйырса, ІІ орынмен Сая Тұрлыбек марапатталды. Ал қос бірдей ІІІ орын Айзере Қайсариева мен Раяна Бақытқызына табысталды. 11 жастағы қыздар арасындағы бәсекеде Альфия Бабабек топ жарып, І орынды жеңіп алды. ІІ орын тұғырына Саида Бақтиярова көтерілсе, Назым Бақытқызы мен Айару Сүлейменова ІІІ орынды қанжығасына байлады. Сәйкесінше 13 жастағы қыздар арасында Анель Тоқшылық І орынды иеленді. Әмина Мектепханға ІІ орын берілсе, Еркежан Әбдімұратова мен Көркем Садуақасоваға ІІІ орын берілді. Сондай-ақ ұлдар арасындағы бәсеке де тартысты өтті. 9 жастағы ұлдар арасында І орын иемденген Елдос Алмасовқа тең келер ешкім болмады. ІІ орынды Әлқари Серік еншілесе, үздік үштікті Ахмедияр Әлібек пен Қайсар Әлібек түйіндеді. 11 жастағы ұлдар арасында І орын Бағжан Төремұратқа бұйырды. Сәйкесінше Расул Төлегенов ІІ орынмен, Мейірман Тойым мен Рамазан Құдайберген ІІІ орынмен марапатталды. Сонымен қатар Нұрмат Нұржанұлы 13 жастағы ұлдар арасында жеңімпаз атанды. ІІ орын Құлмұхаммед Қашқынбайға берілсе, Нұрболат Төлегенов пен Нұрназар Жомартұлына ІІІ орынның марапаты табысталды. Турнирдің ең жас ойыншысы номинациясымен Нұрперзент Нұрғали мен Раушангүл Айтмағанбет марапатталды. Айта кетейік, жеңімпаз және жүлдегер спортшылар Сырдария ауданының денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және демеушілердің бағалы сыйлықтарымен марапатталды.