Домбыра үйірмесі оқушыларға ғажайып өнерді үйретуде

1 620

Ұлтымыздың рухани құндылығы саналатын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан күй өнерін дәріптеу ауылдық клуб жанынан ашылған үйірмелерде жүзеге асуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында клуб жанындағы бірнеше үйірме оқушыларды өнерге баулып келеді. Сондай үйірменің қатарында домбыра үйірмесі бар. Домбыраның қос ішегінің күмбірімен шанағынан төгілген домбыра әуені – халық өнерін әлемге танытқан асыл құндылық. Қазақтың атақты күйшілері Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Махамбет, Дина, Сүгірдің дәстүрлі жолын жалғаған ұрпақ бүгінде домбыра үйірмесінде тәрбиеленуде.


Қоғалыкөл ауылындағы клуб үйі жанындағы домбыра үйірмесі балаларға ғажайып өнерді үйретуде. Ашылғанына 10 жыл уақыт болған үйірмеге білікті музыка маманы Ерболат Айдарбекұлы жетекшілік етеді. Кәсіби маман алдымен Қазанғап атындағы музыкалық колледжді тәмамдап, жоғары білімді Қорқыт ата атындағы университетте алған.


– 2014 жылы ашылған үйірме оқушыларды ұлттық өнерге баулу мақсатында ұйымдастырылды. Үйірмеге домбыраға қызығушылық танытқан, домбыра үйренуге ынталы 4-6 сынып оқушылары тартылды. Қазір үйірмеде 20 оқушы дәріс алуда. Балаларды күй тартуға үйретіп, күй – қазақ ұлтымен, қанымызбен бірге жасап келе жатқан киелі мұра екенін ұғындырып келеміз. Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншектердің бойына сіңіру алдымызға қойған мақсатымыз, – дейді үйірме жетекшісі.


Ерболат Айдарбекұлы – жас өнерпаздарға домбыра аспабын жақсы деңгейде меңгертумен қатар Қызылорда облыстық филармония жанынан құрылған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестірінің әртісі болып жұмыс істейді. Білімі мен біліктілігін ұштастырған музыка маманы оқушыларды түрлі байқауларға қатыстырып, күйшілік өнерді насихаттап келеді. Өнерсүйер қауымға өнерпаздар өз шеберліктерін дәріптеп, таланттарын шыңдай түсуде. Үздік үйірме жетекшісі атанған ұстаз шәкірттерімен аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды. Тәжірибелі ұстаз әр жылдары Қызылорда облыстық білім басқармасының Құрмет Грамотасымен, «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты атағымен, аудандық күйшілер байқауында үздік өнер көрсетіп, бас жүлдемен марапатталды. Республикалық «Дала сазы» байқауына өнерлі шәкірт дайындап, жас дарынның шеберлігін шыңдауға қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталып, ауданда өнер мен мәдениетті дамытуға сүбелі үлес қосуда.


– Үйірме жетекшілері арасында үздік атанған үйірме жетекшісі балаларымызға домбыра үйретіп, ұлттық өнерді дамытуға үлесін қосып келеді. Ауылда өтетін әрбір мерекелік іс-шараға белсенді қатысатын жас домбырашылар қазақтың бірнеше күйін орындауға машықтанды. Соңғы жылдары оқушыларымен түрлі байқауларға қатысып, жетістіктерге жетіп жүр. Музыкаға қабілеті бар оқушылардың қазақтың домбырасын күмбірлете ойнауы өз ісінің маманы атанған Ерболат Айдарбекұлының еңбегінің арқасы. Болашақта жас өнерпаздар үлкен сахналарға шығып, өнерін көрсетіп, ауылдың атын шығаратынына сенеміз, – дейді ауыл тұрғыны Лаура Балтахожаева.


Күйді әдетте тылсым күшке ие әуен дейміз. Оның сыры – ғажаптығында, яғни айналаңдағы құбылыстың мән-мағынасын ұқтыратын, ерекше сезімге, ойға жетелейтін құдыретінде. Әрбір адамды жақсы өмірге, ізгілікке ұмтылдыратын күшінде. Күйді тыңдаған адамның бойында жамандық атаулы алшақтай түседі, жақсы қасиет қалыптасады. Ұлы ойшыл, ғұлама әл-Фараби домбыра туралы: «Қос ішек адамның денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады, күш-қуатын арттырып, батылдыққа баулиды» деп айтқан екен. Ал қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деп ерекше баға берген. Бұл сөз жоқ халқымыздың ежелгі мұрасына берілген жоғары баға.


Ауыл балаларын домбыра үйірмесінде ғажап өнерге баулып, шығармашылық ізденістің үстінде жүрген ұстаз осылайша балалардың домбыраға деген сүйіспеншілігін арттыруда.


Домбыра — қазақтар, ноғайлар және қалмақтар мәдениетінде бар екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра ежелде қазақтың тарихын баяндаған музыкалық аспаптардың бірі.

XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған Музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын. Егер бұрынғы заманда көне аспаптар ән, жыр, ертегі-аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылған болса, енді домбыра жеке шығарма орындауға арналып, күрделі аспаптардың қатарына қосылды.


Пошта маркасындағы домбыра

Әр түрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз.


Өзбектердің домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет Әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында ауызға алынды. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Оның бастағы түрі мен құрылысы қазақтың домбырасынан аумайды, осындай аспап аттарының ұқсастығы да олардың түпкі шығу тегі бір екекін көрсетсе керек.


Өткен жүз жылдықта ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан еді. Бұлар бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге нелер бір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелері-тін. Солардың арқасында домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түскен-ді. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге басып, байи түсті.


Қазақстанның батыс аудандарында домбыра тартудың өзгелерге ұқсамайтын бөлек дәстүрі қалыптасқанын айту керек. Батыс аудандардағы домбыраның негізгі өзгешелігі, көлемі үлкен болып келеді, сондай-ақ шанағы сопақ, мойны жіңішке, перне саны көбірек. Сондықтан мұндай домбыраны тартқанда қолданылатын техникалық, тәсілдерді шанағы жалпақ домбыраға қолдану қиын, өйткені бұл соңғы домбыраның мойны едәуір енді және ондағы перне де аз.


Шанағы жалпақ домбыраның бірнеше нұсқасы кең тараған. Егер батыс аудандардағы домбыраларға 12—14 перне тағылса, ал шанағы жалпақ домбыраға не бары 7—8 ғана перне байланған. Перне санын арттыру процесі өте баяу жүрді және оның өзі орындалатын репертуарға тікелей байланысты еді. Әдетте, жаңа перне онымен алғаш орындалатын күйдің атымен аталынды. Пернелердің бірі домбырада «Түрікпен күйін» орындағанда байланды да, «Түрікпен пернесі» деп аталды. Бейтарап терция интервалын беретін басқа бір перне Қазақстанның батыс аудандарында «Сарыарқа пернесі» деп аталады.


Аңыз-ертегілердің бірінде аспаптағы жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны жайында айтылады. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дауыстан оянады. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл сайтанның ісі болды ғой»,— деп ойлайды. Бәлкім содан бері қалған сөз болса керек, халық арасында жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән сипат.

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). Домбыра тиегі үш түрлі болады (шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек).


Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.


Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып-қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, т.б. даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы Домбыра аспабымен тікелей байланысты. Олардың дәстүрін, мұрасын бүгінгі күнге жеткізген Дина Нұрпейісова, Әбікен Хасенов, Науша Қашағанов, Махамбет Бөкейханов, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Қали Жантілеуов, Сәдуақас Балмағамбетов, Лұқпан Мұхитов, т.б. сияқты домбырашылар болса, қазіргі майталман орындаушылар – Қаршыға Ахмедияров, У. Бекенов, Р. Ғабдиев, С. Шәкіратов, Б. Ысқақов, Бекболат Тілеуханов, Айгүл Үлкенбаева, А. Райымбергенов, т.б.


Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін де қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Байбосынов т.б. белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді.

Әр түрлі үлгідегі домбыралардың қақпақтары зерттелінді. Қақпақтың жеке бөлшектерін құрастырып жинағаннан кейінгі серпінін белгілеу үшін кергіш орнатылады. Қақпақты шанаққа отырғызғаннан кейін топты жаңғырық пайда болады. бұл шанақ пен қақпақтың арасындағы бір тұтас жаңғырық болып саналады. Қақпақты өңмеу жұмыстары оның тербеліс жиілігіне өзгеріс енгізеді, сондықтан қақпақ шанаққа бекітіліп, біржола өңделгеннен кейін тербеліс жиілігі қандай болатынын күні бұрын білуге болады. Оның үстіне ағаштық физикалық ерекшелігіне байланысты көлемі бірдей қақпақтардың өзіндік үн шығару қасиеті де әр түрлі. Солай бола тұрса да қақпақты қажетті интервал шамасында дыбыстайтын етіп күйге келтіруге болады. Тақтайшаларды іріктеу, қақпақтың қалыңдығын анықтау және серпінді орнату әрбір қақпақтың ерекшелігіне байланысты, бұл іске аса мұқият болған жөн. Қалаған үнді келтіру үшін қақпақтың бөліктерін дұрыс іріктеудің де маңызы бар. Қақпақ құрастырылғаннан кейін тақгайшалардың санына қарай реттей отырып қажетті үнді алуға болады.


Зерттеу жүмыстарын жүргізу нәтижесінде анықталғандай, егер қақпақтың көлемі неғүрлым кішірек болса, ағаштың тербеліс қасиеті де соғұрлым жиілей түседі. Қақпақты құрастырған және күйге келтірген шақта, сондай-ақ онын, параметрлерін белгілегенде осы жайларды ескерудің маңызы өте зор. Ағаштың тербеліс жиілігі оның физикалық қасиетіне де байланысты. Көлемі бірдей екі тақтайдың физикалық қасиеттері әр түрлі болса, олардан алынатын дыбыстың айырмашылығы да үш жарым тонға дейін алшақтайды. Жас ағашқа қарағанда кептірілген ағашты күйге келтіру оңай.


Қақпақ бірнеше шағын тақтайды желіммен біріктіру арқылы жасалынады. Қақпақты құрайтын тақтайлардық физикалық қасиеттері мен түсі бірдей болуы шарт. Тақтайша ағаштың табиғи жолақтары бойынша бір бағытта жымдастырылып біріктіріледі. Ені —250 мм, ұзындығы — 400 мм және қалыңдығы —2,5 мм етіп құрастырылған қақпақтың тербеліс жиілігі ағаштың физикалық қасиетіне қарай 207,64—233,08 гц шамасында болады. Егер қақпақтың қалыңдығы 3 мм болса, онда тербеліс жиілігі 233>08—277,12 гц шамасында болмақ.


Қақпақты күйге келтіру кезінде ескерілетін ендігі бір қажетті іс кергіш орнату. Қақпақтың жалпақ бөлігіне орнатылған кергіш қақпақтың тербеліс жиілігіне нұқсан келтірмейтін болуы шарт. Мысалы, егер кергіштін, ені—5 мм, ал биіктігі—6 мм болса, онда қақпақтың үні бір тон шамасында жоғарылайды. Тәжірибе көрсеткеніндей, қақпақтың алғашқы кездегі тербеліс жиілігін сақтау үшін серіппені бірте-бірте аласарта беру керек. Сынақ жүргізілгенде байқалғандай, қақпақтың тербеліс жиілігіне әсер ететін негізгі факторлар мыналар:

ағаштың физикалық қасиеті,

қақпақтың қалыңдығы мен жұқалығы және жанама түрде әсер ететін факторлар:

қақпақтың сәл ұзартылуы мен қысқартылуы,

өрнектеу.

Қақпақ үнінің тазалығы оның жақсылап жымдастырылуына, құрастырылуына және қалыңдығына байланысты.


Әр түрлі аспаптардың үнін келтіру әдісінде ортақ жайлар көп болғанымен әрбір қақпақты жекеше алып қарау керек. Домбыра қақпағын күйге келтіру де, осы аспаптың құлақ күйіне тәуелді. Домбыра-тенордың қақпағы тербеліс жиілігі —233, 08—261,6 гц шамасында дыбыс алуға қолайлы келеді, өйткені мұндай жиілік домбыраның мензурасына, оның құлақ күйіне және дыбыстау сипатна сәйкес келеді. Аспапта жұмсақ тембр, майда қоңыр дауыс пайда болады. Егер қақпақты құрастырғанда оның күйге келтірілуі ескерілмесе, онда, практикада бақыланғанындай, қақпақтың тербеліс жиілігі көбінесе 293,6—349,2 гц шамасында болады. мұндай жағдайда аспаптың даусы нашар шығады, тембрі қүлаққа жағымсыз келеді.


Қазір домбыраның қақпағы 2—5 бөлек тақтайдан құрастырылып жүр. Тақтай бөлшектерінің санына қарай қақпақты құрастырудың және күйге келтірудің жолдары өзгеріп отыруға тиісті. Егер қақпақ екі бөлшектен ғана құралса, онда оларды бір тонға келтіру қажет, ал егер үш бөлшектен құралатын болса ортадағы тақтай күйге келтіріледі. Төрт бөлшектен құрастырылса ортадағы екі тақтайдың күйге келтірілетін болуы маңызды, өйткені негізгі тонды беретін солар.


Сөйтіп, қақпақ жасаудың бүкіл процесін оны күйге келтірумен бір мезгілде жүргізу қажет, яғни:

қақпақтан өзіміз қажет еткен үнді оны әзірлеудің бастапқы сатысында-ақ алу керек;

егер қақпақтың үні құрастыру ісі басталған кездің өзінде-ақ, тым жоғары болса, келесі тәжірибе үстінде де қажетті үнді ала алмайсыз, сондықтан оны күйге келтіріп және аспаптың шанағына орнатып текке әлектенбеу керек;

аспаптың даусы жақсы болуы үшін қақпақтың үнін си-ге немесе си-бемольға жеткізу қажет;

егер бөлек тақтайшалардың арасы дұрыс желімделмесе қақпақ біртектес ағаштан құрастырылмаса, талшықтардың бағытталуы қисық болса, жарықшақ сызат

түссе, домбыраны күйге келтіру қиындайды.


Тәжірибе көрсеткеніндей домбыра-тенордын, қақпағының үніне қарап аспаптың тембрлік даусын күні бұрын білуге болады. Ал мұның, өзі аспаптарды көбінесе сапалы етіп жасауға мүмкіндік береді. Қақпақтың үні жақсы болса — тембрі жүмсақ, ал үні жоғары болса — тембрі ащы болады.


1970 жылы Осакаровка музыкалық аспаптар фабрикасында жасалған бес домбыраға лабораторияда талдау жасап көрген кезде, зерттеу мынаны көрсетті. Қалыңдығы 3,1 мм-ден - 4,1 мм-ге дейінгі қақпақтарды ашып қарадық. Артқы пружинаның биіктігі 5,2—5,6 мм шамасында екен. мұндай көлем тербелістің қасиетті жиілігін және дұрыс күйге келтіру үшін керек болатын шарттылыққа сай емес. Қақпақтың қалыңдығын бір мм-ге жұқартқан соң және пружинаның биіктігін тағы бір мм-ге кеміткен соң тербеліс жиілігі азайды. Қақпақтың үні жарты тоннан астам төмендеді. Егер бұрын тербеліс жиілігі 138,56 гц болған болса, енді ол 128,8 гц кеміді.


Мұнан қорытарымыз, көптеп шығарылатын домбыралардың дауыс шығару мүмкіндігін жақсарту үшін тэжірибе жүргізудің нәтижесінде алынған параметрлерді сақтау қажет екендігіне көз жеткізу қиын емес. Халық шеберлері аспаптың үнін жақсарту жолында үнемі ойластырып, көп ізденіп келген. Сондықтан да олар домбыраның формасы мен құрылысына ерекше назар аударған.


Қолға алып зерттеген бірнеше домбырамыз тұтас ағаштан ойып жасалған. Сырт қарағанда бұл домбыралар жалпақ сияқты, алайда, шанақтың қуысы тостағанша дөңгеленіп ойылған, ал мұның өзі аспаптың даусы жақсы шығуына мүмкіндік береді. Қақпаққа серіппе орнатылмаған, бұл жағдай шанақтағы қақпақтың үні бір қалыптан өзгермеуіне көмектеседі екен.


Белгілі шебер И. Романенко және басқа да шеберлердің қолымен жасалынған бірнеше домбыраға көрнекті музыканттар талдау жасады. Мысалы, атақты орындаушы Дина Нүрпейісова тартқан Домбыра-альттің қақпағын ашып көрдік. Дина Нүрпейісова аспапқа мейлінше сын көзімен қарап ең сапалысын ғана таңдап алған болуы керек. Оның осы домбырасын 1939 жылы шебер Ермек Арыстанов жасапты.


Талдау мынаны көрсетті: шанақтағы қақпақтың тербеліс жиілігі 281,5 гц-ге тең. Домбыра-альт қақпағының көлеміне қарағанда (ені —195 мм, ұзындығы —344 мм) мұндай тербеліс ең жақсы болып саналады. Қақпақтық тербеліс жиілігі оны бөліп алғанда да сол күйінде қалдық Қақпақтың қалыңдығы 2,3—2,5 мм шамасында, артқы серіппенің биіктігі —2,2—2,7 мм, онық ені —6,4 мм, алдыңғы серіппенің биіктігі —2,2—2,7 мм, оның ені — 4 мм.


Шанақтың тербеліс жиілігі 320,12 гц. Шанақтың көлемі: оны құрайтын бөлшектердің қалыңдығы 2,0—2,3 мм, шанаққа қондырылатын контробичайканың қалыңдығы 2.0—1,7 мм шамасында, контробичайкалардық ені — 1,2 мм, бөліктер мен контробичайкалардың жалпы қалыңдығы 4,0 мм. Аспаптың шанағы жаңғақ ағашынан, мойны — қайыңнан, қақпағы — шыршадан жасалған. Сөйтіп, нақ осы тектес домбыра үшін ең қолайлы қақпақ қандай болуы керек екені белгілі болып отыр. Қақпақтың тиісті дірілі шыршаны кептіру арқасында алынды. Серіппелердің көлемдері қақпақтың үніне нұқсан келтірмейтіндей етіп жасалған. Шанақтың, бөліктері мен контробичайкалары да тиісті көлемде, сондықтан шанаққа бекіткеннен кейін де қақпақ өз құлақ күйін сол бұрынғы қалпында сақтап қалды.

Домбыра сияқты екі ішекті музыкалық аспаптың мүмкіндігі зор. Солардың бірі домбырада шетелдік шығармаларды орындау болып табылады. Паганинидің төрт ішекті скрипкасында үлкен қиындықпен немесе басқа да әйгілі шетел композиторларының шығармалары, қазақтың киелі домбырасында оңай және әсем ойналады. Бұл қасиет әрбір музыкалық аспаптың үніне салына алмайды. Мысалы: Моцарттың “Түрік маршы” өте күрделі әрі жоғары темппен орындалатын шығармалардың бірі. Оның барлық вариациясын күй-сандықпен ойнап шығу тек қана нағыз шебер адамдардың қолынан келеді. Алайда, қазақтың домбырасында осы іспеттес вариациялар аса қиындық туғызбайды. Осыдан, қазақ ұлтының қос ішекті домбырасында дәстүрлі қазақ композиторларының шығармаларымен қоса, шетелдік шығармаларды асқан шеберлікпен әсем орындауға болады. Бұның өзі домбыраның ерекшелігінің бір дәлелі.