Аграрлық саланың қоғам үшін маңызы зор
«Amanat» партиясы атынан облыстық мәслихат депутаттығына сайланған Алмас Рахметов ауыл шаруашылығы мәселелерін көтеріп келеді. Әсіресе, күріш шаруашылығы, су ресурстары және оны үнемдеу мәселесін назардан тыс қалдырған емес, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Депутаттың пікірінше, қаншама қаржыға салынатын су қоймасының тиімділігі толық сараптаудан өткені абзал. Өйткені, ертең олқылықтың зардабы болмауы тиіс.
Жалпы, су ресурстары әлем бойынша өзекті мәселеге айналды, – деді ендігі сөзінде Алмас Рахметов. – Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бақша дақылдарын егу үшін арнайы жер дайындалғаны – құптарлық іс. Сол арқылы халық картоп, көкөніс-бақша өнімдерін өсіруге мүмкіндік алып отыр. Демек, ынталы адамға еңбек көзі бар. Мәселен, Израиль мемлекетінің табиғи жағдайы біздің облысқа ұқсас. Онда жерасты су көздерін тиімді пайдаланады. Дегенмен, мұның да бірқатар проблемасы бар. Негізінен жерасты су көзінде табиғи минералдар жетісе бермейді. Ол егіннің қалыпты өсуіне кері әсерін тигізеді. Осыдан шығатын жолды жергілікті ғалымдар зерттесе деймін. Мен бұл мәселені зерделеп көрдім. Сол мақсатта арнайы барып қайттым. Қажетті мәліметтер жинақтадым. Ол жақта арнайы институттар жұмыс жүргізіп, ғалымдар судың құрамына не жетіспейтінін анықтайды. Су ресурстары насос арқылы жер бетіне шығарылады. Оған қажетті минералдар қосылады. Нәтижесінде егін бітік өсіп, мол өнімге негіз қаланады. Біз әзірге мұндай қадам жасай алмай келеміз. Үкімет тарапынан нақты іс-шаралар жоспары жасалғаны жөн деп ойлаймын. Оған жеке шаруашылықтардың қолы қысқа. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау керек.
Кейінгі уақытта аймақта тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері қолданысқа ене бастады. Оған бейімделіп жатқан шаруашылықтар бар. Әйтсе де егіншілік мәдениетін көтерудің бір-бірімен сабақтас амалдары тиімді жасалуы керек.
Сайлаушылардың ұсыныс-пікірі депутат үшін маңызды. Сенім де сол арқылы құрылады. Алмас Рахметов аграрлық сала және әлеуметтік мәселелерге қатысты да ой-пікірін айтып жүр. Мәселен, көпбейінді аурухананың кәріздік жүйесінің ескіргені, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсететін «Даму» мекемесі ғимаратының талапқа сай келмейтіні жөнінде ұсыныс айтылған. Екеуі де оң шешімін тауыпты. Мұнымен қатар өзге де маңызды ұсыныстар жолданған.
Депутат әріптестерімен бірге түрлі іс-шараларға атсалысып келеді. Әрине, бұл ретте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қамқорлық көрсетуде аянып қалған емес.
Әділжан ҮМБЕТ