Миына қан құйылған науқасты дәрігерлер мас деп ойлап, көмек көрсетпеген

1 655

Фото: видеодан скриншотШымкентте миына қан құйылған науқасты дәрігерлер мас деп ойлап, көмек көрсетуден бас тартқан. Бірақ науқастың құсып жібергенін көрген кезекші дәрігер ішімдікке тойып алған деп, палатаға кіргізіп, ұйықтатып тастаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.


"Бірінші көмек көрсетілмеген. Кейін кезекші дәрігерге барсам, "Рентгенге түсірдік, қол-аяғы, басы сау, үйге алып кете беріңіз, жай ғана мас, ұйықтап жатыр" деді. Қалай енді бұл? "Уланған шығар, иісі жоқ" деп айтсам да, көңіл аудармады", - дейді науқастың күйеуі.


Инсульт алған Қалдыкүл Мамытова палатада екі сағаттай жатып қалған. Тек күйеуі келген соң токсикология бөлімшесіне апарып тексертіпті. Тек сонда ғана инсульт белгілері анықталған. Дереу өзге ауруханаға апарып, басына ота жасалғанша, арада алты сағат уақыт өтіп кетіпті. Миына көп қан құйылған 45 жастағы науқас комаға түсіп кеткен.


Әйелінің мүлде ішімдік ішпейтінін айтқан күйеуі ісіне салғырт қараған дәрігердің үстінен полиция мен прокуратураға шағым түсірді. Ал ауырып келген адамды "мас" деп ойлаған дәрігер науқастың құсқанын көріп, қате жорамал жасадым деп ақталып отыр.



"Арбамен әкелді. Үсті-басы бәрі құсық. Ішкен шығар деп ойладым. Анализінен ештеңе шықпады. Анализ кейін көрсетеді. Сөйтіп токсикологияға тапсырып келіңдер дедім. Болды, басқа ештеңе болған жоқ", - деді Нейрохирург Қанат Мырзабаев.