Қызылордада мемлекеттің қаржысына салынған жылыжайлар қаңырап бос тұр

4 015

Фото: видеодан скриншотҚызылорда облысында Ягодка саяжайлар ауылы мен Талсуат ауылдарының ортасындағы жер телімінде ондаған жылыжай қаңырап бос тұр,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Әлеуметтік желіге қоғам белсендісі Тәуекел Күзембаев  Қызылорда қаласындағы Онкологиялық орталық пен Туберкулез ауруханасы, Орталық концерт залына жақын маңда орналасқан  жылыжайлардың бүгінгі көрінісін өзінің Youtube парақшасына жариялаған болатын. 


«Мына жылыжайлар мемлекеттік бағдарлама аясында салынды.  Миллиондаған ақша кетті. Қызылорда облысын көкөніспен қамтамасыз етеміз деді, одан қалды, шетелге шығарамыз деді. Әкімдік халықтың ақшасын жұмсап, ақыры мынандай халге жетті. Іші мал қораға айналған. Көкөніс, жеміс-жидек қайда? Шайтан да жоқ. Астана қайда қарап отыр?»,- дейді автор видеода.

Фото: видеодан скриншотАлайда Қызылорда қаласында  2012 жылы қыруар қаржыны талап еткен жылыжай әлі жұмыс істемей тұрғанын аңғаруға болады. 10 жылға жуық уақыт аралығында арам шөптен басқа өскін өспеген жердің сыры неде? Осы жылыжайдың салынуына атсалысқан «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қоры» бас-аяғы 668 миллион теңге бөлген. Осы бөлінген қаржыға 5 гектар жерге 120 жылыжай салынғанымен, облыс жұртшылығы оның өнімін әлі көрмеген. Шындығында жылыжайдың жыры сан қилы болып отыр. Осыншама қаржыны талап кеткен жылыжайдың бүгінгі күні бір де бір көкөністі нарыққа ұсына алмай отыр.

Сонымен қыруар қаржыны қанжығалаған жылыжайдың адам сенгісіз жағдайын билік басындағы сенімді серкелер мен атқа мінер азаматтарымыз біледі ме? Әлде саңыраудың күйін кешіп, көрсоқырдың кейпін кейіп отырма? 


Жылыжайдың бос тұрғанын жобаға қаржы бөлген мердігер мекемеде хабардар. Олардың айтуынша, бұл жылыжайларды «лизингке» берген, яғни жалдаушы мердігер мекемеге қолданылуы үшін белгіленген мерзімге дейін қарастырылатын шарт бойынша арнайы төлеммен жалға беру шарты.  Алайда бақ сынамақшы болған кәсіпкерлеріміз, жалдау құны тым жоғары, жылыжайдың жағдайы жасалмағандықтан егіннің өспеуін алға тартып, өздерінің қаржылық жағдайына байланысты істі ары қарай жүргізе алмай кері қайтарып жатқандар да жоқ емес. Осыған байланысты, бүгінгі қала аумағына келетін көкөністердің бағасы да шарықтап отыр. 6 гектарға жуық жерге орнатылған жылыжайлар, бүгінде қаңқалары қаңырап бос тұр. 120 жылыжайды жылы жауып отырған билік, неге талап етпейді? Жеке кәсіпкерлердің қолынан келмесе, неліктен өз ісінің маманы, қолынан іс келетін жандарға бермеске. 10 жылға жуық игерусіз қалған қара жердің бүгінде егіндік берер қауһары жоқ. 


Фото: видеодан скриншотАлайда, болары болып бояуы сіңіп, қаңырап қалған жылыжайдың қандай «мемлекеттік құпияны» сақтап тұрғаны баршамыздың қызығушылығымызды танытты. Қаламызды керекті көкөніспен қамтуға қауһары жететін жылыжайдың бүгінгі көрінісі, ортасы опырылып, тура бір қару-жарақтан зардап шеккендей халде тұр. Қазіргі қымбатшылық қысқан заманда, осы іске қосылған жылыжайдың көмегі болар еді. Олай дейтініміз, өзімізден шыққан өнім, тасымалданбай нарық бағасынан арзанырақ болушы еді. Қолда бар да алтынның қадірі жоқ демекші, салынған жылыжайдың бүгінгі келбетін қайта жаңғырту үшін де қомақты қаражатты талап ететіндігі де көрініп-ақ тұр. Осы орайда, біздің билік, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып бірлесе жұмыс жасаған жөн болар еді.