Өзбекстан ҚР-мен шекарада АЭС салмақ: Қазақстан халқына қандай қауіп бар?

236

Өзбекстанда атом электр станциясының құрылысы биылдан қалмай басталуы мүмкін,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Станция қазақ-өзбек шекарасынан небары 40 шақырым жерде жатқан Тұзқан көлінің жанынан салынады.

Атомға бөліп алды

Өзбекстан атом электр станциясын саламын деген жоспары туралы 4 жыл бұрын айта бастады. 2018 жылдың қыркүйегінде ел президенті Шавкат Мирзиеев пен Ресей президенті Владимир Путин Джизакта АЭС құрылысының символикалық тетігін басқан. Ресей мен Өзбекстан арасындағы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асып жатқан құны 11 млрд доллар жоба "Росатом" мемлекеттік корпорациясының қатысуымен РФ үкіметінің несиесін тарту арқылы орындалмақ.


Осылайша, биыл көрші елде жобаның құрылысы басталуы керек еді. Ал, 2028 жылы стратегиялық нысан пайдалануға берілуі тиіс болатын. Ресей-Украина арасындағы әскери қақтығыс пен Ресейге қатысты салынған санкциялар жобаның басталуын кейінге шегергенге ұқсайды. Алайда, екі тараптың да жобадан бас тартатын ойы жоқ.


Бізден ешкім сұраған жоқ


Осы арада, АЭС құрылысын Түркістан облысының шекарасында салғалы жатқан Өзбекстан осы күнге дейін бұл жоспары туралы Қазақстан Үкіметін ескертпеген. Халықаралық нормалар мен МАГАТЭ талаптары бойынша атом электр станциясының қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы қоғамдық тыңдау да болмаған. Қоғамдық тыңдау Өзбекстан ішінде де, көршілес елде де, яғни, Қазақстанда да өтуі керек еді.


Экспресс К редакциясының сұрау хатына жауап берген ҚР Энергетика министрлігі БҰҰ-ның трансшекаралық контекстегі қоршаған ортаға тигізетін зиянын бағалау туралы Конвенциясына (ЭСПО) сай, атом станциясын салуға ниет еткен ел станцияның әсері тиетін көршілес мемлекеттерге өз елінің ішіндегі қоғамдастықты хабарлаған сәттен бастап бірге ақпарат жіберуі керек екенін мәлім етті.

Өзбекстан ЭСПО конвенциясына қосылмаған, сондықтан, ешқандай міндеттемесі де жоқ. Сондықтан, Өзбекстан тарапынан АЭС салу туралы Қазақстанға хабарлама жасалған жоқ, -
деп хабарлады редакциямызға Энергетика министрлігі.


АЭС-тағы апат ешкімді аямайды


Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқан және Семей ядролық полигонының радиациялық қауіпін зерттеуге көп жылын жұмсаған қазақстандық эколог Дмитрий Калмыковтың айтуынша, өзбек тарапы көз ілмей қоймасын десек, Қазақстан қоғамдық жұмыс тобын құру керек.


Pixabay
"Былтыр Түркістан облысының Өзбекстанмен шекаралас аудандарында сауалнама жүргізген едік. Яғни, АЭС-та апат бола қалса, ең бірінші радиация тарайтын аудандар. Сауалнамаға қатысқан миллионға жуық адамның 80% АЭС құрылысы туралы мүлде бейхабар болып шықты. 70-90% адам АЭС құрылысына қарсы болып шықты", — дейді Дмитрий Калмыков.


"Қарағанды облысының экологиялық музейі" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Чернобыль мен Жапониядағы "Фукусима" АЭС-да болған трагедиялар қоғам мұндай апаттарға мүлде дайын емес екенін көрсетті. Эколог, атом электр станциясының құрылысы пайдасынан гөрі қауіп төндіретінін, өйткені, апат болып, радиация таралса, жүз шақырым аймақтағы елді мекендердің халқы зардап шегетінін айтып отыр.


Айта кетейік, Өзбекстанда салынатын АЭС-тен Қазақстанның үшінші ірі мегаполисі Шымкентке дейін небары 250 шақырым.


Ал, Тұзқан көленің маңында бүтін бір қала су ішіп отырған Шардара су қоймасы орналасқан. Су ресурстары саласындағы әлеуетті арттыру жөніндегі Орта-Азия аймақтық желісінің ұлттық үйлестірушісі Айман Тілеулесованың айтуынша, Өзбекстандағы АЭС құрылысы Қазақстанның мүддесін де қозғайды, себебі, АЭС-ты суыту үшін Тұзқан көліне ағызатын су көлемін арттыруға тура келеді. Сондай-ақ, Арал теңізіне құйылатын Сырдария өзенінен де көп су алынады. Бірақ, бұдан да үлкен зардаптарын ескермегеннің өзінде, АЭС Түркістан және Қызылорда облыстарының онсыз да суға жарымай отырған диқандарын сусыз қалдырары анық.


"Климат өзгеріп, қазірдің өзінде біз су тапшылығын сезіп отырмыз. Сырдарияның суы азайса, Аралды былай қойғанда, тағы екі облыс жоқ болады. Тұзқан көлінің өзі таяз, тұзды, құрғақ. АЭС-ты суыту үшін көлдің суы аздық етеді. Қазақстандық сарапшылар біздің елімізге тиетін қатерлерді ескере отырып, құрылыс басталмай тұрғанда жан-жақты зерттеу жүргізуі керек. АЭС салынып біткен соң ештеме өзгерте алмаймыз", — дейді Айман Тілеулесова.


Экобелсенді Айсұлу Құнанбаеваның айтуынша, оңтүстік өңірлердің зарына айналған су проблемасынан басқа сейсмикалық қауіптің де зардабы ауыр болады. 1966 жылы Ташкентте болған жер сілкінісінен кейін Өзбекстан АЭС құрылысына ұзақ жылдар бойы рұқсат етпей келген еді. Өйткені, бұл елдегі сейсмикалық қауіп өте жоғары.


"Елде 3-4 балдық жер сілкінісі жиі болады. Бұдан да үлкен жер сілкінісі болуы мүмкін. "Фукусима" мен Чернобылдағы апатты ешкім ұмыта қойған жоқ. Содан бері қауіпсіздікке қатысты өзгере қойған дүние аз. Сондықтан, менің ойымша, бұл өзекті мәселені барынша резонанс тудыра отырып, бүкіл Қазақстан бойынша талқыға салу керек", — дейді Айсұлу Құнанбаева.

Жобаның құрылысы кімге тиімді?

Эколог-журналист Елена Ефимованың пайымынша, Өзбекстан сияқты, Қазақстанның халқы да атом электр станциясы қандай қауіп төндіретінін білуі керек.


Pxhere
"Жер сілкінсе, болмаса, АЭС істен шықса, су тапшылығы пайда болса, қанша адам зардап шегеді, оларды кім емдейді, оларға кім жаңа үй салып, кімнің есебінен өтемақы төленеді деген мәселелердің басын ашып, сұрап алу керек", — дейді Елена Ефимова.


"Бұндай нысандар халықаралық сараптаманы талап етеді. Трансшекаралық өзен болған соң, бұндай мәселе тек бір ұлттың проблемасы емес. Әсіресе, технологиядағы жетістігіне, мықты мамандары, өндіріс деңгейіне, жұмыстағы тәртіпке қарамастан апат орнаған "Фукусимадан" кейін көп елдер АЭС-тарын жауып жатыр. Бұндай жобалар мемлекет немесе экологиядағы мүддеден гөрі, атом өнеркәсібіндегі мүддені көп ойлайды", — дейді климат, су ресурстары мен тұрақты даму саласындағы сарапшы Болат Есекин.


Ал, ҚР Энергетика министрлгінің ақпаратына сүйенсек, қазір Экология, геология және су ресурстары министрлігі Өзбекстанда салынатын АЭС-тың шекаралас аумақтарға тигізетін экологиялық қауіптерін талқылау үшін өзбек тарапымен бірге консультация өткізу мәселесін пысықтап жатыр.