Елімізде енді көлікке салық салынған кезде оның жылы да ескерілмек
Елімізде енді көлікке салық саларда оның жылы да ескерілуі мүмкін, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Үкіметте тиісті тарифтерді белгілеу жүргізіліп жатыр. Салық кодексіне өзгерістер енсе, ескі көлік айдап жүргендер аз мөлшерде салық төлейді.
Жеңіл автокөліктерге салынатын салық құны қазір көліктің қозғалтқышының көлеміне байланысты белгіленеді. Оның жаңа немесе ескі болуы маңызды емес. Кейде өте ескі көлікке салынатын салық құны жаңа жол талғамайтын көлікке белгіленген сомадан да асып кетеді. Енді әділдік болу үшін оның шыққан жылына да қарайтын салықтың сараланған тәсілі ұсынылып отыр.
Қоғамда мұндай жеңілдікке жол берсе, елде ескі көлік саны көбеюі мүмкін деген пікір бар. Бірақ көбі бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Сарапшының пікірінше, ескірген көліктерге салық мөлшерін төмендеткеннен зиян жоқ. Елдегі көліктердің 50%-дан астамы тозғанын ескерсек, бұл салық ауыртпалығын жеңілдетеді дейді.
Статистикаға сүйенсек, қазір елде тіркелген көлік саны 5 миллионнан асқан. Оның 88%-ы жеңіл автокөліктер екен.