Енді құмар ойын ойнаған мемлекеттік және әскери қызметкерлер жазаланады
Мәжіліс ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Заңды тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына алғашқы үш санатқа рұқсат бергені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Бұл жағдайда орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін – лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар жаңа заңда онлайн-казинолардың қызметін ұйымдастырғандарға қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Құмар ойындарға тәуелділікпен күрес туралы заң аясында электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жаза ретiнде 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады.
Депутаттың сөзінше, уәкілетті органның шешімімен қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жүргізіледі.