Сұлтанбек Оразымбетов: Шиелі – Сыр бойының Швейцариясы

1 535

Осы күндері елдің жақсыларына телініп айтылатын «зиялы» деген сөзді жиі естиміз. Алаш зиялылары, ұлт зиялылары деп танылған тұлғалардан хабарымыз бар және біз осы зиялы қауымды тек үлкен ортадан ғана, қаламгерлер мен ғалымдар, өнер майталмандары арасынан іздейтініміз рас. Оның ішінде де, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандары болмаса, өздерін осы қауымның «үммәтіміз» дейтін көпшілігін қалың қазақтың мойындай бермейтіні де шындық, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Бірде Оразбек ағамнан «өз ауданымызда кімдерді зиялы деп таныр едіңіз?» деп сұрағаным бар. Ол кісі іркілместен, Әзімхан (Смаилов), Досмахан (Сұлтанов), Жағыпардың (Зермұхамедов) атын атады. Осы санаттан танылу үшін ғылыми атақ немесе жазылған кітап, т.б. мансап-марапаттардың болуы шарт емес екен деп түйдім. Оған мөр басылмайды, куәлік берілмейді. Халықтың өзінің елеп-екшеуімен ғана мойындалатын, әрбір танымал тұлғаға бұйыра бермейтін, үлкен абырой иесінің рухани болмысы мен ар-ождан өлшемі екен-ау деп ұғындым. Осы тұрғыдан алсақ,  бұл санатқа жататын «зиялылар» өз ортамызда, өз жерімізде де жоқ емеске ұқсайды. Шиелі ауданының экономикасы мен руханиятының дамуында айтарлықтай үлесі, қоғамдық өмірінде өзіндік орны мен салмағы бар, елге еңбегі сіңген, білім-білігі, парасат-пайымы көптің мүддесімен орайлас келетін, өнер мен әдебиетке жақын өресі жоғары бедел иесін неге «зиялы» деп атамасқа? Осы пайымыммен ондай кісіні таптым білем. Екі кештің арасында сәлем беріп үйіне кіріп бардым. Ауылдың да, ауданның да тарихына жетік, көргені мен көңілге түйгендерін жүйелеп жөнімен айтатын әңгімешіл ағамен сұхбат жүргізіп жариялау ниетімді білдірдім. Өйткені Сұлтекең – жаңа да ескі, екі бірдей дәуірдің куәсі. Бар ғұмыры өңіріміздің қоғамдық өмірімен біте қайнасқан, қарапайым колхозшылықтан аудан басшылығына дейінгі қызметтерді абыроймен атқару бақыты бұйырған бірегей тұлға. Өзі зор құрмет тұтып, інілік ілтипатпен сыйластықта болған жазушы – Оразбек Сәрсенбайдың «ауылда туып, ескі қоғамның етегіне оранып, жаңа қоғамның бесігінде тербетілген ұрпақтың өкіліміз...» деген сөзі Сұлтекеңе дөп келеді. Кәдімгі диқан атамыз Ыбырайдың 40 жыл еңбек еткен колхозшылар бригадасын басқарған, Ленин және Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, 4 рет Қазақ ССР Құрмет грамотасымен марапатталған атақты Қойшыбай Оразымбетов – Сұлтекеңнің туған әкесі. Қыдыр дарып, бақ қонған киелі мекен, құнарлы топырақтан туған ол мектеп бітірісімен-ақ, еңбекке ерте араласқан. Көргені көп, көңілге түйгендері де аз емес. Ауылдың тарихын да, арғысын естіп, бергісін көрген-білгендерімен толықтырып айтатын көкірегі көмбе қазыналы қарияларының біріне айналғалы қашан десек, артық айтқандық емес. Ол – бейнет пен мехнаттан көз ашпаған ашқұрсақ халықтың Отан соғысында жеңіске жеткен 1945 жылы тоқшылық пен молшылықтың жаршысындай болып дүниеге келіпті. Оның бай да мазмұнды еңбек жолы, азаматтық ұстанымы, жұмыс дағдысы, туған жер мен ел тағдырына қатысты байыпты көзқарасы бүгінгі жас буын өкілдеріне үлгі, өнеге болатынына бек сенімдімін. Осы күні өзі туған ауылда ырысты елдің ынтымағы мен бірлігіне тілекші болып отырған Шиелі ауданының "Құрметті азаматы", "Құрмет" орденінің иегері Сұлтанбек Оразымбетовке алғашқы сауалым: 


– Адам тағдыры азан шақырып қойған есіміне де байланысты болады дейді ғой. Бүгіндері «модадан» шыға бастаған дәстүрлі «Нұр»-сыз, «Бек» деген бекем байламды есіміңізді қойғанда, ырымшыл халық әлденеге меңзеген де болар? Біз есімізді білгенде, сізді ауыл адамдары «Попа» деп те атайтын, өткен күндеріңізге қысқаша шолу жасасаңыз.


– Кейде атам қазақтың «Өткен күнде белгі жоқ» деп айтатыны бар. Меніңше, «Өткен күнде неге белгі болмасын?» деген дұрыс шығар. Өйткені, уақытты бағындыратын, оған қолтаңбасын қалдыратын, ол – сол адамның өзі. Зәуде бір жастық шағымды, достарымды, қызметтес, үзеңгілес болған азаматтарды, үлкендерден алған өсиет-өнегем мен қызмет сатыларында атқарған жұмыстарымды еске алып отырамын. Сондай бір шақтарымда қолыма қалам алатыным да бар. «Күндерім өткен кешегі, Есіме самал еседі. Аллаға айтам мың алғыс, Келтірген соның есебін» дейтін өлең шумақтарым ойыма оралып, шүкіршілік жасап отырамын. Қазақтың даңғайыр диқаны, біздің тамаша жерлесіміз Ыбырай Жақаев туралы «Ол кісі өз бақытын кетпеннен тапты» деп жатады. Әдеби тілмен айтқанда, «Тарихқа өз есімін кетпенмен жазған» қарапайым еңбек адамы ғой. Осы керемет нақыл сөзді, бүгінгі жастардың болашағына бағыт-бағдар беретін, өмірлік ұстанымы болатындай аталы сөз деп есептеймін. Әрине, ол «бәрің бірдей кетпен шап» деген емеурін емес, қай кәсіппен айналыссаң да, ыждағатпен жеріне жеткізетіндей бар күш жігеріңді жұмса дегенге саяды. 


Мен де қазақтың «дарақ бір жерде көгереді» дегеніндей, осынша жасқа келгенше, бір ауылда тұрып, бір ауданда ұзақ жыл қызмет атқардым. Бала кезімнен халықпен бірге тыныстап, бірге өстім. Тәлімін ұқтым, тәрбиесін алдым, адамдарын құрметтедім.


Әкем Қойшыбай Оразымбетов 1929 жылы Сырдың арғы бетінен, «Қарғалы» төңірегінен бір топ ағайынымен көшіп келіп, ұйысып отырып, ұжымдасып, еңбек етуге бел буған екен. Жер-Ана жаратылғалы бері кетпен тимеген, егін егуге қолайлы тың жерлерді өртеп, кетпендеп, ну тоғай болып өскен жиде, шеңгел, жыңғылдан тазартып, диқаншылыққа бет бұрыпты. «Бақ, қайда барасың дегенде, ынтымағы жарасқан жерге барамын» деген тәмсілді берік ұстанған Ыбырай ата Жақаев бастаған осы ауылдың адамдарының ынтымағы да, еңбек етуге ықылас-ынтасы да өзгеше болатын, себебі үлкеніне тұрған бір атаның балаларының бір қолдың саласындай тату болғандығында болса керек. Аз ғана уақытта таңның атысынан күннің батысына дейін кетпен шапқан ауылдың аты да шығып, абыройы да аса бастағанын естіп өстік. Халқымыз «Еңбек – ер атандырады» деп жатады. Соның айқын айғағы – осы ауылдан Социалистік Еңбек Ері атағын 2 рет алған Ы.Жақаевтың, Социалистік Еңбек Ері Зәкира Ержанованың және де жұлдыз тақпағаны болмаса, еткен еңбектері батырға бергісіз қаншама адамдардың шығуы. Сенің өз әкең Сәрсенбай да, диқаншылықтың қыр-сырына әбден қанық, сұрыптап шығарған сортты қауыны неше дүркін Москвадағы ауыл шаруашылығы көрмелеріне қатысқанын әрдайым айтып жүргенімді өзің білесің. Азықтық құнары дәруменге бай болғанымен, жанама дақыл есебінде мемлекеттік марапаттардан үнемі тыс қалып жүргені сол. Сондықтан екеумізді де кетпеншінің әулетіне жатқызуға болады.    


1943 жылы әкем мен анам отасқаннан кейін, ауылдың орталық көшесінде тұратын Әбен деген кісінің қоржын тамының бір жағына орналасыпты. 1945 жылы мен дүниеге келгенде, атымды сол кісі Сұлтанбек деп қойыпты. «Қазағымның әдет, ғұрып салтында, Балайтындай дүние көп алтынға. Жақсы адамның атын қою ұрпаққа, Ықылымнан дәстүрі бар халқымда» дегендей, бәлкім Әбен атам Сұлтанбек Қожановтай ел басқаратын азамат болсын деген ниетпен атаған да шығар...  Дуалы ауыз, перзентсіз өткен момын кісі болатын жарықтық, Қожановтай болмасам да, Оразымбетов деген тегіме лайықты бола алдым-ау деп ойлаймын. Ал, «Попа» дегенді шығарып жүрген жеңгелерім екен. Әкемнің 39 жасында сағындырып көрген перзентімін. Апыл-тапыл еңбектеп жүрген мені алақанына салса, қаздиып аяғымды тіреп тұра қалады екенмін да, ол кісі «Поп-п, по-оп...» деп әуелетіп ойнатқанды жақсы көреді екен. Ал, Тамашаның төрінен «Попалап» саңқылдап, атымды бүкіл республикаға жайып жүрген атақты әртіс досым Мейірман ғой Нүрекеев...


– Жастығым ба, біраз нәрседен бейхабар екенмін, ерен еңбек еткен көп кісінің күріштің көлеңкесінде қалған жағдайлары да болған сыңайлы. Ол кездің адамдарын марапаттан бұрын күнкөріс қамы көбірек ойландырса керек. Әкемізден «ойды ордық, қырды қырдық» дегенді естімеппін. Беріректе, Орекеңнің архивін ақтарып отырып СССР, ВДНХ деген жазулары бар Сталиннің қолы қойылып мөр басылған екі-үш (1949-1953 жылдар арлығындағы) сарғайған қатырма қағаздарды көрдім. Музейге өткізу керек екен-ау деп ойладым да, орнына қойып едім. 


– Иә, мен бала кезімнен әкемнен ауылдағы жұмысты жақсы істейтін адамдардың атын естіп өстім және олар аз емес. Жақсы жұмыс істемеуге ақысы да жоқ сияқты олардың. Өйткені Ыбырай ақсақал күніне 6-7 адамның жұмысын атқарып кете береді екен. Сол кісіден қалмауға тырысып жұмыс істегендердің барлығы дерлік өз замандарының қаһармандары десек, артық емес. Осы кезде елдің ырысына баланып, бүтін аймақтық экономиканың драйверіне айналған күріш өсіру тарихы мен болашақ рекордтардың негізі осындай алғашқы қадамдар мен дәл осы жерде құлаштай шапқан кетпеннен басталған. Ал, ауыл адамдарының осы еңбеккештігі менің өміріме әсер етпеді деп айта алмаймын. Мен де қай жерде болмасын, жұмыстың кішісі, мейлі үлкені  болсын, адал істеуге тырыстым.


– Сонымен, сіздің балалық шағыңыз ол кездегі осы шағын ауылда өткен болды ғой? Айрықша есте сақталған оқиғалардан бір-екі эпизод ойға түсе ме? Алғаш мектеп қабырғасын аттаған кездер ұмытылмайтын шығар?


– Мектепке 1952 жылдың күзінде барып, сенің ауылың Жаңатұрмыста бір жылдай оқыдым. Шағын ауылда кәріс көше аталатын бір-ақ көше, әр жерде бес-алты үйден шоғырланып отыратын шамасы отыз шақты қоржын тамдардан шығып, ауыл шетіндегі мектепке барамыз. Естен кетпейтіні, сол жылы қыс қатты болды ма, әйтеуір қар көп. Менің аяғымда көкем сатып әперген аппақ пима болатын. Қонышында «оң аяқ, сол аяқ» деген жазуы бар сол пиманы есіне алған қатарлас Кенжекүл көп жылдардан кейін «Сұлтанбек кішкентайынан-ақ оң-солын танып өскен» деп әзіл айтатын. Кейіннен өз ауылымның мектебіне барған 1953 жылы, ұмытпасам  наурыз айының 7-сі болу керек, мектепке барар жолда менен 2-3 сынып жоғары оқитын Жақсылық Байтілеуов дейтін оқушы қосылды. Мектепке жақындағанда, Жақсылықтың «кеше Сталин қайтыс болыпты» деп жылағанына еріп, Сталиннің кім екенін білмесем де, мен де қосыла жылаппын солықтап. Сол жағдайдан 50-60 жыл өткеннен соң, Жақсылық аға «Сұлтанбек, баяғыда Сталин өлгенде жылағанымыз есіңде ме?» деп балалық шағымызды еске түсіріп, күліп алатынбыз. Қайсы бірі есіңде тұрар, бір сөзбен айтқанда, балалық шағыма базынам жоқ, жұрт қатарлы құба төбел қоңымызбен ашықпай, тарықпай өсіп жетілдік білем. Ал, мектепке дейін қыста ауыл арасында, жаз айларында көбіне әкемнің түйекеш ағасы Бекбай көкемнің үйінде жайлауда, тауда болатынмын. Жарықтық өте балажан кісі еді. Үйде тізесінен, сыртта арқасынан түспейтінмін. Бірде көзтаныстығымды пайдаланып, қасақана «Кімнің баласысың?» деп сұраған сенің Ахатбек көкеңе байқамай «Қойшыбайдың баласымын» деп айтып қойып, ұятты болған жайым да бар... 


Көктемгі нөсер жауының,

Тіл үйірген қауының,

Есімнен, сірә, шығар ма?

Асыр сап өскен ауылым!..

 – деген өлең жолдарымен менің балалық шаққа саяхатымызды доғарсақ болады, Исеке.


– Тәрбие отбасынан басталатыны анық. Атағы шығып, дүрілдеп тұрған отағасы көзінің ағы мен қарасындай жалғыз ұлының, үйде болсын, түзде болсын, тәртібі қалай болды екен? Жалпы тіл алғыш бала болдыңыз ба? 


– Әкем марқұм еркелеткенімен, тым еркінсіткен емес. Кейінірек 14-15 жыл өткеннен кейін, сол кісі әкеме «Қойшыбайжан, өзің білесің, үйде шөп оратындай балам жоқ, Сұлтанбек бір көлік шөп орып берсін, ақысын берем» депті. Әбен әкем сәлем айтып жатыр деген соң, ыңыранған бір көлік шөп орып, үйіне түсіріп бердім. Үлкен кісі әбден риза болған болу керек, әкеме «балаң, құдай қаласа, жақсы адам болайын деп тұр» деп, бар ықыласымен батасын беріпті. Ал енді өзің пайымдай берерсің, тіл алғыш бала болған, болмағанымды.


– Орта мектепті бітірген соңғы өмір жолыңыздың қалай өрбігенінен қалың жұртшылық бейхабар болса керек. Білуімше, ол кезде мектеп бітірген соң, 2 жылдық өндірістік еңбек өтілі болуы шарт тәртіп болмаушы ма еді? Мұндай қасаң қағиданы айналып өтерлік мүмкіндік сізде болғанға ұқсайды. Қалай болғанда да, ауданнан Алматыға дейін Ыбырай мен Қойшекеңнің бір ауыз сөзі жерде қалмас еді ғой?! 


– Осы ауылдан 7-сыныпты аяқтап, 9-10-11 сыныптарды Шиелідегі Октябрьдің 14 жылдығы, қазіргі №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясын интернатта жатып оқып бітірдім. Ол кезде қосымша механизатор, жүргізуші, токарь-фрезеришовщик мамандығын алып шығатынбыз. Мектеп бітіретін 1969 жылы бүкіл сыныбымыз болып облыстың мектеп бітірушілеріне «Туған жерді түлетейік» деген үндеу тастап, ауылда қалып жұмыс істедік. Әкенің абыройын пайдаланып, қатарластарыңнан бөлініп, оқшаулану ол кездің жастарына жат қылық. Патриоттық сезім жоғарылау болды ма қайдам, Ата даңқын пайдалану тіпті ойыма да келмепті. Сөйтіп, колхоздың қара жұмысына жегілдім. Жасымыздан көзіміз қанып өскен жұмыстан қашпадым.


Ерте көктемнен қара күзге дейін тынымсыз колхоздың жұмысы. Көпшілікпен бірге жүрген соң ба, әлде жастық албырт көңілдің әсері ма, бәрі қызық болып көрінетін. Көктемгі жер айдау мен күзгі сүдігер жырту –жұмыстың ең ауыры. Айдала қу мекенде түнгі кезекте жападан жалғыз трактор штурвалында отырғанда, ойыңа неше түрлі бәле оралып, жын-шайтан елестеп елегізисің. Тоқтап, трактор үстіне шығып, жан жағыңа қарап, ту-уу атшаптырым арғы танапта тырылдаған трактор даусын естіп, жарығын көріп ес тұтып, есіңді жиып жүрегіңді басасың. Сол кезде шынымен-ақ қорқатын сәттерімнің болғанын 60 жыл өткен соң, саған ғана айтып отырмын десем сенесің бе? Оның қасында жазғы шөп ору, күзгі егін ору деген әншейін ойнап жүріп атқаратын жұмысымыз. Көңіліміз шат. Шаршауды білмейміз. Жұмысқа бара жатып та, келе жатып та бортты машина үстінде барлығымыз қосылып ән айтамыз. Өз ағам Серікбай Бегалиевтің «Кел жаста-ар-р, келіңдер билейік...» дейтін екпінді «Қызыл ту маршы» әніміздің әліппесі, шаршағаныңды ұмытып кетесің. Колхозшы болып жүріп, Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, оны 1974 жылы агроном мамандығымен бітіріп шықтым. Қатардан кенжелеп қалған жерім жоқ деп ойлаймын. Ал, шынайы өмір көріп, ауыр еңбекпен тапқан нанның дәмін біліп өскенім кейінгі өмірімде кадр болып қалыптасуыма оң ықпалын тигізгені анық. Ұлым Шахмардан да менің өмір жолымды қайталап, мектеп бітірген соң, 6 жыл кетпен шауып барып, мемлекеттік қызметке кірді. Бүгіндері облыстық басқарма басшысы қызметін абыроймен атқарып жүр. (Шахмарды мысал ету)


– Осы туған ауылыңыз Қызыл Ту колхозының жастар жетекшісі болғаныңыздан хабарымыз бар... Осы күнге дейін қалт жібермей қадағалап отыратын шахмат пен спортқа әуестігіңіз жасыңыздан серік болған дағды ма? Жас кадр ретінде қызмет сатысымен өсуіңізге де ықпал еткен көшбасшылық қасиеттер осы кездері қалыптасса керек?


– Әуелі, 1971 жылы ауылдың жұмыс істемей жүрген жастарының басын қосып, күз мезгілінде қойшылардың үйлері мен мал қораларын жөндейтін бригада құрдым. Жұмысымыз жаман болған жоқ, қомақты табыс та тауып, ауыл басшылары мен шопандардың ризашылығына бөленген абыройымыз өсті. Осы жылдың желтоқсан айында ауылдың комсомол ұйымының хатшылығына сайландым. Ал, жастармен етене жұмыс істеу мен үшін өте қызықты болды. Олардың бос уақытын тиімді өткізудің барлық тәсілдерін пайдаланып жан-жақты жұмыс ұйымдастырдым. Ең бірінші, ауыл жастарынан футбол командасын құрып, басқа ауылдардың командаларымен жолдастық кездесу өткізуді жолға қойдық. Одан кейін волейбол, баскетбол үстел теннисі командаларын жасақтадық. Ауыл клубы күндіз-түні ашық. Бір бөлмесі үстел теннисі, екінші бөлме шахмат ойынына лайықталып жабдықталды. Біздің «Күрішші» футбол командасы ауданның, облыстың бірнеше рет чемпионы болып, 3 рет республикалық жарысқа қатысып, жүлдемен оралып отырды. Ал, 1973 жылы ауылдың өнерлі жастарының басын қосып, «Алтын дән» вокалды-инструменталды ансамблін құрып, бағдарламасын жасап, аз уақытта ауданға танымал болдық. 1975 жылдың мамырында  «Қызыл Ту» колхозының комсомол ұйымының атқарып отырған жұмысын насихаттап, ансамбльдің концерттік бағдарламасын Алматы қаласындағы телестудия таспаға түсіріп, мен ауыл жастарының тыныс-тіршілігінен бір сағаттық танымдық бағдарлама жасап, телевидение арқылы атымызды бүкіл республикаға танытты. 1973 жылдан аудандық комсомол комитетінің пленум мүшесі, қоғамдық негіздегі колхоз партия ұйымы хатшысының орынбасары қызметімдегі атқарған жұмыстардың бір парасы осындай болып келеді. Жалпы сол кездегі комсомол, партия ұйымдарының кадрлық резерв қалыптастырып тәрбиелеуінде бір жүйелілік болатын, әртүрлі қызмет сатысында сыналып, нәтиже көрсеткен бірқатары кейіннен шаруашылықтың түрлі саласында басшылық қызметтер атқарып, елдің әлеуетінің артып, экономикасының дамуына өз үлестерін қосқан мысалдар көп-ақ. Өзім де солардың біріне жатамын. 1977 жылы «Қызыл Ту» колхозының комсомол жастар бригадасының бригадирі болып тағайындалғанымды кадр болып пісіп жетіле бастағын шағым деуге болар. Бір үйде бір бухгалтер, екі бригадирміз. Үлкені – әкем Қойшыбай, кішісі – мен Сұлтанбек. Шайлығымызды алып қалып (шешем оны бәрібір біліп қояды), айлығымызды шешемнің қолына тапсырып жүрген сол жылдың қыркүйек айынан 1979 жылдың тамызына дейін, екінің бірінің қолы жете бермейтін, арнайы органдар тарапынан шұқшия тексеру мен қатал сұрыптаудан өтетін Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болдым. Бір жылдай атқарған аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметімнен 1980 жылдың маусымынан 1987 жылдың қараша айына дейін «Гигант» колхозында партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істедім.  


Айта кету парыз, 1980 жылдардың басында «Гигант» ауылы тұрғындарының көңіл-күйлері өз дәрежесінде болмай, менің алдымда ауылда моральдық-саяси ахуалды тез арада сауықтыру міндеті тұрды. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, болмашы нәрседен ушығып кеткен теке-тірес бірқатар азаматтың істі болып кетуіне себепші болды. Шаруашылықта кадр тапшылығы белең алды. Нәтижесінде, шаруашылық басшылары мен кадрлардың 80 пайызға жуығы жаңартылды. Осындай қиын кезеңде колхоздың партия ұйымының колхоз басқармасымен ынтымақтаса тізе қосып жұмыс атқаруы нәтижесінде, 4-5 жылдың көлемінде аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналды. Ал, 1987 жылдың қорытындысымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыспалы «Қызыл Туын» жеңіп алуға қол жеткізілді. Ауыл еңбеккерлері уақытпен санаспай, бір кісідей тынымсыз жұмысқа жұмылып, елдің ауызбірлігі мен ынтымағын да паш еткен үлкен жетістік деп оң бағасын алды. 


– Нәтиже бар, мақсат орындалды дейсіз ғой... 

– Иә, осылай қысқа тұжырса да болады.

– Ел тәуелсіздігінің елең-алаңында партиялық жүйе әлсіреп, бар билік кеңестерге өткенде, сіз жаңа құрылым аудандық Кеңес төрағасының орынбасары болыпсыз. Одан бергі өмір жолыңыз да аудан халқының көз алдында. Өзіңіз 20 жыл үздіксіз атқарған аудандық мәслихат хатшысы қызметінде өңірдің экономикасының нығайып, әлеуетінің артуына да, мәдениетінің дамуына да бар білім-білігіңіз, мол тәжірибеңізді сарқа жұмсаған ынтамен атсалысқан жұмыстарыңызға куәміз. 


– 1987 жылдың қараша айында аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне сайландым. Кәсіподақтың жұмысының шегі де жоқ, шеті де көрінбейтін ерекшелігі болады екен. Негізінен әлеуметтік мәселелер болып келетін, ұшы-қиыры жоқ ұланғайыр  жұмыстардың бел ортасында жүріп, небір атақты азаматтармен етене танысып, олардың өмірлік ұстанымдарын біліп, тәрбие алдым деп есептеймін. Осының бәрі менің көпшілікпен тіл табысу, сөйлесу мәдениетімнің қалыптасуына белгілі дәрежеде оң әсерін тигізді. Осылайша, өзін таныған адам ғана өзгені тани алатынына көзім жетті. Өзімді тани бастадым. Сенім пайда болды, мінез қалыптасты. 


1990 жылдың басынан өзің айтқандай, аудандық кеңестің депутаты ретінде төрағаның кеңес жұмыстары жөніндегі орынбасарлығына тағайындалдым. Жаңа құрылымның жұмысына құлшына кіріскеніммен, ғұмыры ұзаққа бармады. Ел егемендікке бет бұрды. Жаңа заманның жаңа талаптарына сәйкес бізге де өзгеруге, бейімделуге тура келді. Қазақстан Республикасының заңына сәйкес аудандық, облыстық кеңестер мәслихат болып өзгерді. 1994 жылдың наурызында аудандық мәслихаттың I шақырылымдағы сайлауы өтіп, депутаттар мені хатшы етіп сайлады. Қатарынан 4 рет сайлауға түсіп, 4 рет хатшы болып сайландым. Егемендіктің елең-алаңында көптеген қиындықтарды еңсеруге, елдің ауызбіршілігін сақтау мен экономикасының тұрақтануына, тұрмыстық жағдайларының оңалуына ауданның мәслихат депутаттары да аянбай атсалысты. 2000 жылдардың ортасынан бірте-бірте ел де еңсесін тіктеп, халықтың әл-ауқаты да артып, даму үдерісі басталған жылдары халықтың жанынан табыла білгендіктен де болар, осы қызметті табан аудармай 20 жылдан аса атқардым. 10 жылдан аса ауданда, облыста, республикада өтетін ат бәйгесіне аудан сәйгүліктерін дайындап, баптауды ұйымдастырып отырдым. 1994 жылы Шиелі өнерпаздардарының Алматы қаласындағы күндерін өткізуді ұйымдастыру да маған жүктелген болатын. Аудан өнерпаздары үлкен дайындықпен барып, еліміздің рухани астанасы төрінен 5 рет концерттік бағдарлама көрсетті. Солардың барлығына да Алматыда тұратын Шиелілік жерлестеріміздің, танымал азаматтарымыздың қатысуын қамтамасыз еттік.  Ұзақ жылдар бойы ауданымыздың сыртқы байланысы мен республикалық, халықаралық дәрежедегі барлық мәдени-спорттық шаралардың ұйымдастырылуына басшылық жасау маған тапсырылатын дағдыға үйренгенім соншалықты,  өзімнің тікелей міндетім сияқты жан аямай жұмыс жасағаныма халық куә. Бұл – мақтанғандық емес, маған осыншалықты сенім артқан аудан халқы мен аудан, облыс басшылығына шексіз ризашылығым.


– Әсіресе, сіздің ауданнан шыққан танымал тұлғалар әдебиет пен өнер қайраткерлерімен сыйластық қана емес, үлкеніне іні, кішісіне аға болған достық қарым-қатынасыңызға қанықпыз. Өзіңіздің де әдебиет пен өнерден алыс болмағаныңыздан шығар? 


– Өнер мен әдебиетке қаншалықты алыс-жақын екенімді айта алмаймын. Бірақ әдеби кітаптарды оқу – бала күнгі қалыптасқан дағдым. Әсіресе, жастау кезімде қандай да бір жаңа шығарма туралы естісем болды, індетіп қуып, іздеп жүріп, тауып алып, құныға оқитынмын. Қазір де жағдайыма қарай кітап оқуды, газеттер ақтаруды жаным қалайды. Көп болмаса да, жылына кемінде 3-4 мақала жазып жариялаймын. Жария емес, жалпыға көрсетпей өзім үшін өлең де құрастырамын.


– Осы қазір екі-үш шумақ өлеңіңізден үзінді болса, оқып беріңізші. Әңгіменің арқауы, сөзіңіздің дәлелі болар еді, – деймін мен өзеуреп. Басын шайқап, күліп отырып: «Әй, сен де бір, қадалған жеріңнен қан алмай қоймайды екенсің да...», – деп зілсіз түйреп, жеңгемізге қағаздарын алдырып, арасынан 4-5 парақты бөлек шығарып әдемі ырғақ, әуезді мақаммен бірер шумақ өлең оқыды. 


Тәлімін алған әкенің,

Мейіріне қанған шешенің,

Құт дарыған мекенім,

Өз үйім, өлең төсегім!

Топырағын кештім көшенің,

Өмірім – керуен көш едің,

Ауылда тудың десе кім?

Өз үйім, өлең төсегім!


Сырдың да суын сан кештім,
Тоғайдың нуын аралап,

Өмірден бір кез баз кештім,

Жүрегін бір қыз жаралап,

Өз үйім, өлең төсегім!


Еңбек те еттім еселі,

Өмір де сүрдім көшелі,

Тұғырдай туған жердемін,

Өз үйім, өлең төсегім.


– Мынауыңыз жариялауға да болатын жап-жақсы өлең ғой, "неге жарияламасқа?" деген сауалыма Сұлтекең: 


– Ақын емеспін, жазушы емеспін, «Жазушы – қаламына, колхозшы – кетпеніне ие болсын!» деп Ыбырай атам айтпақшы, әркімнің өз жұмысымен шұғылданғаны абзал ғой. Кәсіби агрономдық мамандығым бар. Көп жылғы тәжірибем бар. Сол дақыл мен жер-су жағдайынан ғана біршама білгенімізді айтып жүрміз, онда да ақыл-кеңесіңе жүгініп сұрап жатса. Ал екі-үш ауыз сөздің басын әркімдер-ақ құрап жатады ғой ұйқастырып, оны өлең деп поэзияға қиянат жасамай-ақ қояйық, дәмі кетеді. 


Ал өнерге жақындығыма келсек, атақты Жұмабай палуан дәулескер күйші болатын, одан хабарың бар. Оның туған інісі, бір кездері Қызыл Ту колхозының шын мәнінде гимні болған «Жақаевшылар маршының» авторы – Серікбай Бегалиев – менің немере ағаларым, атамыз бір. Сол Жұмекеңнің, Шайхыстам деген ағаларымыздың ұйымдастыруымен, құрамында өз ағаң Темірәлі Әбуов, Тойбек Жұмановтар, т.б. бар домбыра оркестрі аудан, облыс жұртшылығына танымал болған. 1963 жылы жазда Алматы қаласындағы ЖенПИ-дің акт залында өткен концертін өз көзіммен көрген адаммын. Сол кезде жазып алынған оркестрдің ән мен күйлерден топтамасы (попурри) қазақ радиосының алтын қорына алынып, 20 жыл бойына радиодан беріліп отырды. Соған қарағанда, әулетімізге дарыған өнерден аз-кем жұғысты болған қасиет болар, қашан да осы шығармашылық адамдарға үйірсекпін, олардың жаныма жақын болатыны рас. Тегінде, бір адамға қонған бақ күннің нұрындай шуағын жан-жағына шашып тұра ма деп ойлаймын. Осы ауылдың иесі – әрине, халық, ал киесі – Ыбырай ата ғой. Ауылымыздан тек қана еңбек адамдары ғана шыққан жоқ, қазақтың белгілі жазушысы, диқан атадан кейінгі мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын иеленген бірден бір тұлға Оразбек Сәрсенбаев, жазушыларға ғана берілетін «Алаш» сыйлығының иегері Қуандық Түменбаев, балалық шағы осы ауылда өткен ақын Мұрат Күлімбетов, «Тамашаның» тарланы Мейірман Нұрекеевтер – жалғыз ауылдың ғана емес, иісі қазақтың мақтанышына айналған азаматтар. Оразбек ағадан бастап, олардың бәрімен де сыйластықта болдым. Орекеңнің әңгімесін тыңдау бір ғанибет еді! Кетті ғой бәрі де, бірақ артында өлмес мұра қалдырған оларды өлді деуге де болмас. Өнердің құдіреті де – осы!


– Зейнетке шыққан соң да, ауданның қоғамдық өмірінен тыс қалмай, 10 жыл аудандық ардагерлер кеңесін басқардыңыз. Ұзақ жылдар бойы өңіріміздің тыныс-тіршілігінен толық хабарыңыз бар, ауданның бірнеше әкімдерімен қоян-қолтық араласып, бірге қызмет атқардыңыз.  Айтыңызшы, тәуелсіздік жылдары ел басқарған ең үздік, ауданның экономикасы мен мәдениетіне оң өзгеріс, тың серпін берген әкім деп кімді айтар едіңіз?


– Аудандық мәслихаттың хатшылығы қызметінде ардагерлер кеңесін басқарған қоғамдық жұмысын атқара жүріп те, көптеген ауданның бірінші басшыларымен қызметтес болдым. Келген әкімдердің барлығы дерлік өздерінің қабілетіне қарай жұмыс істеді. Десек те, Шиелі ауданы әкімдерінің ішінде менің де, елдің де есінде мықтап сақталғаны, әрине, Нұрлыбек Машбекұлы болды деп айрықша атап өту – парыз. Мұны дұрыс түсіну керек, 80-ге келген шағымда ақ сөйлеу – маған да парыз. Аудан әкімі қызметіндегі 5 жылда атқарылған ауқымды жұмыстарды, экономикалық жағынан барлық көрсеткіштер бойынша облыстың ең алдыңғы қатарында болғанын қалай айтпасқа? Қысқа мерзімде теміржолдың оңтүстік өткелі (переезд) салынды. Аудан тұрғындарын мезі етіп, көп жылдан бері ешбір шешімін таппаған түйткілді проблеманың түйінін тарқатқан іскерлігіне халық дән риза болғанын қалай ұмытарсың? Көп жылдан бері ұмыт болған көшелерге жаяу жүргіншілер жолы салынып, өркениеттің белгісіндей болып қаз-қатар жарық шамдар орнатылды, көрнекті панно, билбордтар ілінді. Тыңнан Ыбырай Жақаев атындағы саябақ ашылып, зәулім ескерткіші орнатылды. Аудан тарихында алғаш рет Астанада Нартай Бекежанов мұрасы насихатталып, қазақ әншілерінің республикалық дәрежедегі ән байқауы өткізілгені жадымызда жатталып қалған. Жергілікті сазгерлердің үлкен құлшыныс, шабытын оятқан Шиелі туралы ән байқауының нәтижесінде бір жылда жаңадан 41 ән дүниеге келгеніне қалайша марқаймасқа? Барлығын бірдей өнер жауһарлары деуге келмесе, әрине, бірақ киелі мекеніміз Шиелінің түндігін түріп, туын желбіреткен өте әсерлі күндер әлі де көз алдымызда. Жүлде қоры автокөліктен басталатын барлық мәдени шаралар, патриоттық рухы оянған жергілікті немесе осы елден шыққан кәсіпкерлердің демеушілігімен өткізілгені де ұйысқан ынтымақтастықты білдіретін үлкен серпіліс болғаны шындық. Қазақта «Жігіттің жүрген жері Мысыр Шаһар» деген сөзді сол кісіге телуге болады, өйткені тәуелсіздік жылдары бірде-бір аудан басшысы аз жылдар бедерінде осы дәрежеде экономикалық және рухани серпіліс жасай алған жоқ. Нұрлыбек Машбекұлы басқа қызметтерде жүріп те, Шиеліге алабөтен іш тартып, азаматтарын мақтап отырады. Әлбетте, «Сыйға сый, сыраға бал» дегендей, Шиелінің халқы да ол кісіге риза, әрі алдағы уақыттарда бұдан да үлкен биіктерден көргісі келетіні түсінікті. 


– Екі бірдей қоғамдық даму үдерісінде атқарған қызметтеріңізде жинаған мол тәжірибеңіз бар. Екі бірдей дәуірдің арбасын жегіп, атына мініп жүріп, ері ауып, жығасы қисаймаған, атанға жүк салмағын көтеріп жүріп жинаған абыройыңыз бар. Айтыңызшы, ескі заманның қандай артықшылығы бар еді, жаңа заманның қандай кемшілігін көресіз?


– Ескінің бәрі ескі болмайды екен, озығын біліп тұрсаң, жаңаның да бәрі жаңа емес, тозығын көріп тұрсаң. Мәтелдеп кеттім білем, ескі қоғамның еңбек адамдарына деген көзқарасы, адамдарының да еңбекке деген құлшынысы айрықша бөтен болатын. 100 жылдық тарихтағы ең бір қиын кезеңдерді тез еңсеріп, ес жиып, даму жолына түскені де сондықтан болар. Тегін білім, тегін медицина, жұмыссыздық деген атымен болмады. Білім мен медицинаның сапасы, ғылым мен өнердің дамуы әлемдік стандарттар бойынша ең жоғары болғанын айтуымыз керек. Мұны – жақсы жақтары десек те, үлкен халықтың көлеңкесіндегі құбыламыз Мәскеу болған тәуелді халық едік. Мың сан мысал келтіруге болар еді, қажеті қанша? Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес заманының барлық артықшылықтары, іргелі Қазақ елі ретінде шаңырақ көтеріп, дүниежүзін мойындатып, әлемнің алпауыт елдерінің сапында тең дәрежеде қатар түзеген бір ғана тәуелсіздігімізге татымайды, көлеңкесінде қалады. 


Ал, жаңа заманның басты кемшілігі – қоғамда обыр ісігіндей тамырлап етек алған коррупция, сыбайлас жемқорлық дерті. Баяғыда жастау кезімде ауылда қырман бригадирі болып жүріп, еңбекақы есебінен үйге беріп жіберген 1 қап күрішті көріп, әкем Қойшыбай «40 жыл жұмыс істеп, қырманнан бір атдорба дән алмап едім, 40 күн жұмыс істеп, бір қап күріш алатындай, колхозға қандай еңбегің сіңді, апарып таста» деп ұрсып, реніш білдіргені еске түседі. Бұрындары елдің бар табысы Мәскеудің ортақ қазанында кететіне ренжісек, бүгіндері елдің бар байлығының тең жарымы ат төбеліндей ғана өзіміздің ішімізден шыққан, кешегі шибөрі, бүгінгі қорқау қасқырлардың қолында кеткеніне қатты күйінемін де күйзелемін... Мемлекет басшысы осы ұрланған қаражаттарды қайтаруға күш салып жатыр, арнайы заң қабылданды. Ұзаққа созылуы мүмкін мақсатты жұмыстардың оң нәтижесі болады деп сенейік. 


– Ауданымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабарсыз емессіз. Атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма? Аз жылда құрылғанына 100 жыл толатын, тарихы терең, тағылымы мол ауданның тізгінін ұстаған кейінгі толқын інілеріңізге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?


– Өзім қызмет істеп жүргенде, көптеген аға буын өкілдерімен қатар үзеңгілес жұмыс істедім. Әр кезде сол кісілердің ағалық қамқорлығын, үлкендігін сезініп жүрдім. Сол кісілердің қатарында Сейілбек аға Шаухамановтан бастап, Әзімхан Смаилов, Рахым Мәуяев, Сейілбек Аманжолов, Қалдыбай Сүгірбаев, Өмірзақ Исаханов, Сәдуақас Рсымбетовтер менің жұмысымның абыройлы болуына бар ықыластарымен жанашыр, тілектес болды. Оларды еш уақытта ұмытпаймын! Көріп, тәлімін алғандарымыз сол кісілер болғандықтан, өзім де, бүгіндері мемлекеттік қызметте жүрген жастарды абырой биігінен көргім келеді. Жүрегінің де, қолдарының да таза, көпшіл де мемлекетшіл болғандарын қалаймын. Сені туған Шиелі – Қазақстандағы ең атақты аудандардың бірі әрі бірегейі дер едім. Соның бір белгісі – өткен ғасырдың қорытындысымен Қызылорда облысындағы республикаға танымал он адамның бесеуінің бірдей Шиеліден шыққаны. Бірде академик Асқар Жұмаділдаевтан «Сіз математик болмағанда, жақсы ақын болар едіңіз, осының сыры неде?» деп сұрапты. Сонда ол «Білмеймін, бәлкім Шиеліде туғанымнан шығар...» депті. Қалай әсерлі әрі керемет айтылған сөз! Осыны естігенде, көзіме ие бола алмадым. Бүгінгі жастар туған Шиеліні осылайша бар жүрегімен сүйсе, Шиелінің болашағы бүгіннен де жарқын болатынына кәміл сенемін.  


Бүгіндері Шиеліні өз тумасы Нұржан Ахатов баламыз басқарады. Келгеніне 2 жыл болып қалды. Көпсөзділік жоқ, қадамы нық, жұмысы тиянақты. Осы уақыт аралығында ауданда көп жұмыстар атқарылды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы бұрынғыдан да жақсарды. Халық шаруашылығының көрсеткіштері облыс бойынша алдыңғы қатарда. Сыр бойының Швейцариясы атанған Шиелі күннен күнге көркейіп келеді. Әрине, бәрі де Шиелі халқының өз қолымен істеліп жатыр. Бірақ «мың қосшыға бір басшы» болатыны анық, барлық жұмыстардың ұйытқысы да, ұйымдастырушысы да – аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы. Сондықтан да, бүгінгі жастардың үлкен-кішісі аудан әкімінің жанынан табылып, топтасып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса», Шиелі халқының алмайтын қамалы, бағындырмас биігі болмайды. Мен осыны қалаймын, барлық уақытта ел игілігіне бағытталған әрбір істің сәтін, елдің ынтымағы мен амандығын  тілеп отырамын.


– Сұлтеке, мазмұнды әңгімеңіз үшін бек ризамын. 




Исабек Байкенжеев